Қайырымдылық – асыл қасиет

916

0

Отанға деген құрмет алдымен әркімнің өз отбасында қалыптасады. «Сексеуіл» локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов өнегелі отбасында өсіп-өнген ардақты азамат. Ол он жылдан астам осы салада абыройлы еңбек етіп, талай белесті бағындырып келеді.

Әкесі Бауыржан Аяғанов – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері, «ҚТЖ Жолаушы локомотивтері» ЖШС Сексеуіл аймағы бойынша бастығы. Ал анасы Дәметкен Аяғанова «Сексеуіл» емханасында медстатист болып еңбек етеді.

Үлгілі әкенің болмысы бала Еркебұланның болашақ мамандығын таңдауына себеп болды. Кішкентай күнінен теміржол жұмысының қиындығы мен жауапкершілігін сезініп өсті, болашағын осы саламен байланыстырды.

– Менің өткенім де, келешегім де теміржолмен тығыз байланысты. 2007 жылы «Сексеуіл» локомотив пайдалану депосында тепловоз жөндеуші болып еңбек жолымды бастадым. Күніне 40-қа жуық жолаушылар мен жүк пойызы «Сексеуіл» кенті арқылы өтеді. Солардың уақытылы жүруін қадағалап отырамын, – дейді ол өз сөзінде.

Еркебұлан қызмет жолында өзін білікті ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман екенін дәлелдеді. Жаңа техникалық жабдықтарды өндіріске енгізуге білімі мен тәжірибесін жұмсап келеді. Осындай қажырлы қайратының арқасында өз саласындағы қызметкерлер арасында ұйымдастырылған «100 жас есім» байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Еркебұланың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» акционерлік коғамы жас қызметкерлерінің білімін жетілдіру мен тәжірибе алмасуына қолдау көрсетіп келеді. «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен семинар сабақтар өткізіліп тұрады.

Ол көшбасшылығы, атқарған еңбегі үшін құрмет грамотасымен марапатталды. Әріптестерінің арасында беделді, ұжымда зор құрметке ие. Сондай-ақ қайырымдылық акцияларына тұрақты түрде қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға, оның ішінде ардагерлерге жеке қаражаты есебінен жәрдемдесіп келеді, мұны азаматтық парызы санайды. Ол қоғамдық істердің де ұйытқысы болуда ұдайы белсенділік танытып келеді.

– Жоқ-жітікке көмектесу, мүмкіндігі шектеулі жанға демеу болу –ерекше қасиет. Еркебұлан балам сол асыл қасиетті бойына сіңірген. Естігенімді емес, көргенімді айтайын. Ол  аз қамтылған мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты аналарға көмек көрсетіп, үнемі азық-түлікпен, киім-кешекпен, дәрі-дәрмекпен көмек көрсетуді ұмытпайды. Қасиетті Рамазан айында да қаншама отбасын қуантты. Осындай ірілі-ұсақты жасап жүрген жақсылықтары көп. Жақында емханаға түсіп қалғанымды естіп, өз қаржатынан дәрі-дәрмектерімді алып беріп кетті. Қуанып қалдым. Жақсылығы үшін аналық алғысымды айтамын, – дейді кент тұрғыны Зәуре Бәйменова.

Қайырымдылық – адам жанының нұры. Ол адамдарға деген ықылас пен адамгершілік қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсетеді. Жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету асыл қасиеттің алғышарты. Осындай азаматтық ұстанымын биік қойған жанның мерейі әрқашанда биік.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<