Қызылорда қаласының астана болғанының 100 жылдығы мен Қала күніне орай «Қызылорда – жастар қаласы» атты фото көрме-сайыс өтті. Онда қаланың сәулетті көріністері, жастардың рухы мен жігерін бейнелеген түрлі жанрдағы суреттер көпшілік назарына ұсынылды.
Көрме кезінде 200-ге жуық жүрекжарды лебіз жазылған «Тілек тақтасы» қала әкімдігіне сыйға тартылды.
Бұл шара қаланың көркем бейнесін жаңаша қырынан көрсетіп қана қоймай, жастардың өнерін, тілегін және отансүйгіш рухын айшықтады.
Әлеуметтік нысандарды аралады
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев құрылыс нысандарын аралап, жұмысқа жауапты өкілдермен кездесті. Бірінші бағыт халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысу болды. Қазіргі таңда ауданда 2 пәтерлі 30 тұрғын үй салынып жатыр.
– Жұмысты әлі де жандандыру қажет. Күн жылы кезде сылақ, әрлеу сынды жұмыстарды үлгерту маңызды. Бізде талап біреу ғана. Халық пайдаланатын үйлердің сапасында мін болмау керек. Әсіресе, ғимараттың беріктігі маңызды. Сондықтан жұмысты мұқият әрі сапалы жүргізуді талап етеміз, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, өткен жылы тұрғын үй салуға мемлекеттік бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп, 150 пәтерге тұрғындар қоныстанған болатын. Биыл 60 пәтер сатып алуға 900 млн теңге қаражат қаралды.
Жол құрылысы назарда
Өткен жылы Қазалы ауданында 27,5 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолы жөндеуден өтті.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 жоба, оның ішінде Әйтеке би кентінен 19 көше, елді мекендерден 4 көшеге орташа және күрделі жөндеу, Қазалы қаласының 10 көшесіне қайта жаңғырту, Жанқожа батыр ауылының кіреберіс жолы мен «Әлсейіт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі аралықты күрделі жөндеу қолға алынды. Бүгінде бұл жұмыстың бірқатары аяқталды.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов кент пен қала көшелеріндегі жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көріп, мердігер мекеменің жауапты өкілдері мен тиісті сала басшыларына жол құрылысының ең әуелі сапасына баса мән беріп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Байқоңыр қаласында облыс әкімдігінің бекітілген кестесіне сәйкес, Қармақшы ауданының тауар өндірушілері, қала кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 76 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Халыққа қолжетімді бағамен ет, балық, сүт өнімдері, күріш, көкөністер, жеміс-жидек және басқа да күнделікті тұтынатын тағам түрлері ұсынылды. Қала тұрғындарын сапалы әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында өткізілген шараны Қармақшы ауданы әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесе ұйымдастырды.
Жәрмеңкеде өнімдердің бағасы нарықтан төмен, тұрғындар тарапынан жоғары сұраныс пен оң пікірге ие болды.
Санақ жұмысы сараланды
Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен мәжілісте ауданда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өту барысы қаралды.
Салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшылары санақтың жағдайы туралы баяндады. Мәселен, онлайн кезеңде 1276 ауыл шаруашылығы субъектісінің 1245-і санақтан өтті. Бұл 97,6 пайыз көрсеткішті құрады.
Аудан әкімі салаға жауапты басшыларға санақтың сапалы әрі толық жүргізілуін қамтамасыз етуді, тұрғындарды толық қамтуды және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Кітап – AMANAT» жобасы қолға алынды
Аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандар залында «Кітап – AMANAT» жобасы аясында арнайы тұрақты бұрыш ашылды. Онда көрнекіліктер орналастырылып, жаңа әдебиеттер қойылды.
Кітапхананың заман талабына сай жабдықталуы сала жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде аудан кітапханашылары түрлі бағытта жүйелі жұмыс істеуде.
«Кітап – AMANAT» жобасы аясында ашылған арнайы тұрақты бұрыш көрнекті ақын-жазушылар мен қаламгерлердің кітаптарын насихаттауға, кітапхана жұмысын жандандыруға септігін тигізбек.
«Ауыл күндері» байқауы мәресіне жетті
Шиелі ауданында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың белсенділігін ынталандыру мақсатында «Ауыл күндері» байқауы бастау алған болатын.
Бұл ауқымды жоба еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, ауыл тіршілігін жандандыруға, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған. Байқау аясында әр ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, мәдени-танымдық іс-шаралар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орны мен маңызы кеңінен насихатталды.
Шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы қатысып, жобаға атсалысып, ауылдардың дамуына үлес қосқан округ әкімдерін, белсенділер мен мәдениет, спорт, жастар ұйымдарының өкілдерін арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Алдын алу шараларының маңызы зор
Аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Онда төрт мәселе қаралды.
Бірінші мәселе білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл барысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Нариман Жакудаев, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу, алдын алу және болдырмау, мал ұрлығы, алаяқтық, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар жайында аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев хабарлама жасады.
Сондай-ақ жастар арасындағы құқықбұзушылықтарға қарсы атқарылып жатқан шаралар туралы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров баяндады. Аудан басшысы білім, құқық қорғау саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың адалдығы мен жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, сала басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, қажетті шараларды жедел қабылдауды тапсырды.
Дайындаған:
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





