«Қандас»: жаңа терминнен жылылық еседі

1404

0

Қанай Жұман – Қытайдың қазағы. Қазір Қызылордадағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алуда. Мектеп бітіріп, оқуға түсуге талаптанып жүргенінде Сыр бойындағы іргелі университеттің сайтынан «шеттегі қазақ жастарын дайындық курсына шақырамыз» деген хабарландыруды көзі шалды. Дәм-тұз тарихи отанынан бұйырып тұр екен. Тура осында тартып отырды.

– Ата-анама атамекенге барғым келетінін айттым. Ол кісілер қарсы болған жоқ. Батасын беріп шы­ға­рып салды. Дәм айдап Қызыл­ордаға келдім, – дейді кейіпкеріміз.

Еңбек, әлеуметтік қор­ғау және көші-қон комите­тінің 2020 жылғы 1 қыр­күйектегі мәліметіне сүйен­сек, жыл басынан бері елімізге 9,9 мың этникалық қазақ табан тіреді. Басым көпшілігі – Қытай (59,1%) мен Өзбекстаннан (25,6%), қала берді, Түркіменстан, Моңғолия және тағы басқа мемлекеттерден. Оларға «қандас» мәртебесі берілді. 1991 жылдан бері оралғандар саны – 1 миллион 67,2 мың.

Атажұртты аңсап келген­дерді осыған дейін «оралман» деп келдік. Ішкі істер министрінің 27 тамыздағы бұйрығына сәйкес ол ресми түрде «қандас» сөзімен ауыстырылды. Бұйрық 2021 жылы қаңтар айында күшіне енбек. «Қандастар – тарихи отанында тұрақ­ты тұру мақсатында Қазақ­стан Республикасына кел­­ген және осы заңда бел­гіленген тәртіппен тиісті мәр­тебе алған, Қазақстан Рес­публикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақтар», – делінген онда.

Термин Президенттің өз позициясын білдірген Twitter-дегі жазбасынан кейін бекітілді. Мемлекет бас­­шысының ұсынысын фи­лология ғылымдарының докторы, профессор Жанар Манкеева бірден қолдады.

– «Қандас» – қазақтың төл сөзі. Рухани кеңістікте ма­ғынасы кең. Қазақтың рухани жан дүниесін сипаттайтын сөз. Алайда бұл «оралман» деген сөзді мүлдем «шығарып салу» емес. Мысалы, біз «отбасы», оған қоса «жанұя» деген сөзді қолданамыз. Әрқайсысының өз орны бар. «Отбасы» ресми шарада, «жанұя» эмоционалды реңк­те, жылылық сипатта айты­лады, – дейді ол.

Төрт жыл бұрын отанына оралған студент Қ.Жұман да жаңа терминнен жылылық еседі деп есептейді.

– «Оралман» сөзі құлаққа түрпідей тиеді. Біз туралы ел басына күн туғанда қашып кеткендер деп ойлайды кейбіреулер. Бірақ олай емес. Біз Қазақстанға құр қол келгеніміз жоқ. Қанат Ислам болып көк Туымызды желбірете келдік. Қазақ операсын биікке шығарған Майра Мұхамедқызы сияқты өнер мен мәдениетке үлес қоса келдік. Ұлттық биіміз – «Қара жорғамен» елімізді әлемге әйгілей келдік. Сондықтан қазақтың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі, бір-біріне бауырлық көзқарас танытуы тиіс, – дейді кейіпкеріміз.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<