Қант құмайы қаншалықты тиімді?

3025

0

Кейінгі жылдары өңірде су тапшылығы мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Диқандар дария деңгейіне алаңдайтын болды. Дәл осындай жағдайды елдегілер биыл да бастан өткізді. Ал күріш – ала жаздай табаны судан босамайтын дақыл. Жергілікті ғалымдар облыстың аграрлық саласын әртараптандыру бағытында тың жобаларды қолға алу жөнінде ұсыныс білдіріп келеді. Осы бағытта суды аз қажет ететін дақылдар таңдалды. Солардың бірі – қант құмайы. Ғалымдар қант құмайының тиімділігіне неліктен назар аударып отыр?

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары кейінгі кездері оны тәжірибелік негізде сынақтан өткізді. Өнім деңгейі көңіл көншітерлік. 

– Қант құмайы біздің өңірге өте қолайлы. Олар топырақтағы тұздарды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал азығындық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз, – деді институт директоры Бақытжан Дүйсембеков.

Оның айтуынша, қант құмайы – негізінен Африкада өсетін дақыл, суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды. Содан кейін су берсең, қайтадан көктеп, жапырағын жая түседі. Мұндай жағдайда жүгері сарғайып, қурай бастайтыны белгілі. Оны өндіріске пайдаланған жағдайда екі-үш жылда өз шығынын толық ақтайды.

Әлемде одан өндірілген 1 келі шырын 4 АҚШ долларына жу­ықтайды екен. Есепке салып қарасақ, бір шаруашылық 150 гектарға қант құмайын егіп, одан түрлі өнімдер алса, табысқа кенеледі. Сондықтан әртараптандыру бағытында осындай тиімді дақылдарды қолға алу мәселесін ойлауымыз керек. Ауыспалы егісте біз де күріштен кейін жоңышқаны пайдаланамыз. Жоңышқадан кейін үш-төрт жылдан соң күріш қайта егіледі.

 – Бұл дақылдың тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Әрине, қант құмайын өсіруге әзірге бізде тәжірибе жетіспейтін шығар. Десе де уақыт өте келе бұл кәсіптің де қыр-сырын меңгеру қиынға соға қоймайды. Рас, әрбір дақылдан жо­ғары өнім алу үшін оған алдымен техника қажет. Өкінішке орай, биыл біздің қолымызда ондай дү­ниелер болған жоқ. Соған қарамастан жиналған өнім көңілден шықты. Келешекте қант құмайына жергілікті еңбекшілер тарапынан сұраныс арта түседі деген сенімдеміз,  – дейді институт директоры.

Жергілікті ғалымдар бұл дақыл­дың өнімділік деңгейі жоғары болатынына көз жеткізді. Одан бір жылда үш мәрте өнім жинауға мүмкіндік бар. Оған қоса тұзға тө­зімді, шөлге де шыдай береді. Қы­зылордалық мамандар биыл өзіне бекітілген аймақта оны егіп, тәжірибеден өткізіп көрді. Әрине, қолда оған қажетті техника жоқ. Тіпті, оны оратын да арнайы құрылғыларға әзірге қол жетпей тұр.

Институт директорының айтуынша, бұл дақыл құрамының 20 процентін қант құрайды. Оны сүт бағытындағы сиырларға берсе, сүттілігі 2-3 есеге дейін артады. Демек  дақылдың мал шаруа­шылығына да тиімділігі зор екенін бағамдау қиын емес.

 – Айта кетерлігі, әлемнің кейбір елдерінде оны зерттеу бағытында тәжірибе жүргізілген. Мәселен, Беларусь елінде сынақ өткізіліп, оны радиоактивті залалданған аймақтың топырағында еккен. Сол аумақта жүгері де өсірілген. Жиналған өнімдер сиырларға берілген. Сонда қант құмайымен азықтанған сиыр сүті сапалы шыққан. Тағы бір ерекшелігі, қант құмайы ас қорыту жүйесіне өте пайдалы,  – дейді Б.Дүйсембеков.

Биыл институт ғалымдары Қарауылтөбедегі сынақ алаңында 70 гектарға екті. Оған арнайы аймақтар таңдалған жоқ. Соңғы 2-3 жылда ешқандай дақыл егілмеген аумақтағы биік жерлерге себілген дән көп ұзамай-ақ бойын тіктеп кетті. Шығымдылығы да ойдағыдай болды.

– Қажетті техниканың жоқтығына қарамай барлық мүмкіндікті пайдаландық. Рас, оның өнімділікке кері әсері болуы мүмкін. Бірақ, аталған дақылдың жергілікті топыраққа бейімділігін байқау мақсатында назар аудардық. Институт базасында әртараптандыру бағытында жобаларға арналған техникалар жетіспейді. Сондықтан қант құмайын егу барысында жоңышқа себуге арналған дән сепкішті кәдеге жараттық. Оны 30 сантиметр арақашықтықта орналастыруға мән берілді. Өнім өз деңгейінде шығуы үшін дақылдың бабы жасалып тұруы тиіс. Тиісті технологияның жоқтығы қолымызды байлады. Оны жинау кезінде де осындай жағдай алдымыздан кездесті. Сол уақытта «Қазагромашхолдинг» мекемесінен 2 комбайн бізге тәжірибелік сынақтан өткізуге келген болатын. Дақылды ору барысында соны пайдалануға назар аударылды. Біз 50 тоннаға жуық элита тұқымын қамбаға жинап алдық. Ол  3 мың гектарға жуық алқапқа егуге жетеді, – деді институт директоры.

Егіншілердің алдында әртарап­тандыру өзекті мәселесі тұр. Бұл орайда жергілікті ғалымдардың зерттеуіне сүйене отырып, нәтижелі іс жасауға әбден болады. Ал институт ғалымдары сала өкілдерімен жүйелі жұмыс жүргізуге ықыласты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<