Қара жол қателікті кешірмейді

2228

0

Сурет ашық дереккөзден

Ереже оны сақтау үшін жазылады

Үлкен жолдың бойымен жүйткіп келеміз. Торқалы той, топырақты өлімде төбе көрсету парыз болғандықтан, таксиге отырдық. Жол қысқарсын деп телефонға үңілдім. «Жантүршігерлік жол апаты… Жамбыл облысында болған жол апатынан 6 адам қайтыс болды…» деген хабар асқан жылдамдықпен тарап жатыр екен. Апат орнынан түсірілген суреттер де желі бетінде қаптап кетіпті.

Мұндай хабарды үйде, жұмыста отырып оқығанда да денең түршігіп кетеді ғой. Жол үстінде оқыған тіпті қиын екен. Телефонды жаба салып, жолға қарадым. Екі жолақтың бір жағында тізбек жасаған жүк көліктері, олардан озам деп жанталасқан жеңіл көліктер қарсы бетке өтіп алып зулайды. Өзі мен жолаушыларының өмірін бәйгеге тігіп, алға ұмтылғанда әрі кетсе екі-үш көлікті ғана артта қалдырады. Бір-екі тұста алдымызды жылқы кесіп өтті.

Діттеген жерге жеткенше жүргізушіге «жай жүріңізші, асығыс емеспіз, аманымыз жақсы» деп  ескертумен болдым. Екінші бағыттағы клиенттерінен телефон арқылы тапсырыс алып келе жатқан оған уақыттан ұтылмау керек. Жұмыс үстінде құлағын сарсытқан жолаушыны жақтырмағаны көрініп-ақ тұр.

Жолшыбай қарсы беттегі жеңіл көлік фарын жарқ-жұрқ еткізді. Бұл «алдыңда патрульдік көлік тұр» деген белгі екен. Жүргізушілер бір-біріне осылай ескертіп отыратын көрінеді. Ал бақылау камерасына жақындағанымызды телефонға орнатылған арнайы қосымша бірнеше мәрте қайталап сақтандырып тұр. Сонда деймін-ау, жүргізушінің, жолаушының амандығы жол патрульдері мен камераға ғана керек пе? Патруль мен камераның көзіне түсетін тұста ғана жол қауіпсіздігі талаптарына бағынып, қалған кезде ережені бұза беруге бола ма?

Деректер не дейді?

Үлкен жолдағы адам өлімі болған жол апаттары туралы әлгіндей ақпаратты жиі еститін болдық. «Обал-ай, қаншама адам кетіпті-ау, көліктен де түк қалмапты» деп сол сәтте айтамыз да, артынша ұмытып кетеміз.

Еліміздің Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарасақ, өткен жылы 2,5 мыңнан астам адам жол үстінде ажал құшқан. Тағы 20 мыңға жуық адам әртүрлі дене жарақатын алған. Бұл цифр жыл сайын өсіп барады. Апаттардың басым бөлігі қалааралық және республикалық трассаларда жылдамдық асырғаннан, қарсы бетке шыққаннан болып жатыр.

Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдарда былтыр 7 айда 41, биылғы 7 айда да 41 жол апаты тіркелген. Былтыр 30 адам қазаға ұшырап, 64 адам жарақат алған.  Биыл 20 адам қайтыс болған, 76 адам зардап шеккен.

Міне, цифрлар осылай дейді.

Ұсыныстар айтылып еді…

Көлік министрі Марат Қарабаев шілде айында ғана журналистерге арналған брифингте жолдағы қауіпсіздікке қатысты бір-екі ұсыныс талқыланып жатқанын айтқан еді. Қазір қалааралық автобус тасымалына сұраныс азайған. Цифрлық технология бұл салаға да өз әсерін тигізбей қоймады. Такси үйден алып кетіп, баратын жеріне дейін жеткізіп салатындықтан жолаушылар соны қолай көреді.

– Қарасаңыздар, екі қаланың арасына қатынайтын автобустар 2020 жылдан кейін азайып кетті. Өйткені пандемия кезінде  цифрлық технологияға өттік. Жолаушылар InDriver қызметін пайдаланып, екі қаланың арасында қатынайтын тұрақты автобустарға мінбейді. Бір жағынан InDriver өте ыңғайлы. Өйткені үйінен алып кетеді және тезірек жүреді. Біз бұл жағдайды қарастырудамыз. Мысалы, бір нүктеден екінші нүктеге дейінгі жылдамдық сағатына 120 шақырым деп белгіленді дейік. Екі араға одан жылдам жетіп қойсаңыз, сізге автоматты түрде айыппұл келеді. Осылайша жеңіл көліктер мен автобустың орташа жылдамдығы бірдей болады деп ойлап отырмыз, – деген еді.

Сол жолғы брифингте министр InDriver сияқты агрегатордың қызмет аясы шектелуі мүмкін екенін де айтқан.

– Кейбір елдерде InDriver сияқты агрегаторлар қалалар арасында қатынай алмайды. Мысалы, 50 шақырымнан алыс аралыққа жолаушы тасымалдауға шектеу қойылған. Бізге де осыны енгізу туралы ұсыныс бар. Бұл нақты шешім емес. Ұсыныс қана. InDriver арқылы жұмыс істеп жүргендер «табысымыздан қағыламыз» деуі мүмкін. Бұл болмаса, басқа талаптар қоюымыз керек. Өйткені жол апатының көбі жылдамдықты асырудан немесе көлік жүргізушінің бір қаладан екінші қалаға жеткен соң ұйықтамай, тағы да жолға шығып кетуінен болады. Оны біржақты шешу қиын. Сондықтан жан-жақты талқылай отырып шешім қабылдаймыз, – деген болатын М.Қарабаев.

Жуырда, нақтырақ айтқанда, 20 тамыз күнгі брифингте журналистер Көлік министрінен осыған байланысты қоғамдық тыңдау қашан болатынын және министрлікке қандай ұсыныстар түскенін сұрады.

– 50 шақырым немесе 100, 150 шақырымнан астам жолға тыйым салу туралы министрлік ұсыныс жасаған емес және біздің ведомство осындай түзетуді енгізбеді. Аталған шектеуге қатысты нақты өзгеріс пен ол бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу қарастырылмаған. Осыған дейін жұмыс тобы мүшелерінің бірі агрегаторлар қызметін жетілдіруге бағытталған ұсыныс жасаған еді, – деп мәселеге нүкте қойды.

Такси жүргізушілерін FaceID қосымшасы арқылы бақылау мәселесі де күн тәртібінде тұр. Олар бір күнде 8 сағаттан астам уақытын рульде өткізсе, рейске жіберілмеуі тиіс. Сондай-ақ такси жүргізушілері үшін міндетті медициналық тексеру енгізілетін сыңайлы. Қазіргі уақытта түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл мемлекеттік органдардың, интернет-агрегаторлардың белгілі бір дайындығын талап етеді.

Тағы да статистика сөйлесін, негізі такси қызметін көрсеткен көлік басқа көлікке қарағанда жол апатына 7 есе жиі түседі екен. 

Оң жақ рульді көліктер адам тасымалдай алмайды

Бұл саладағы негізгі жаңалық – оң жақ рульді такси көліктеріне қатысты шектеу. Бүгінде министрлік InDriver агрегаторымен тиісті меморандумға қол қойған. Құжатта оң жақ рульді көліктерді InDriver жүйесінде тіркеуден бас тарту қарастырылған. Бұл – осындай көліктерге такси болып, адам тасымалдауға  тыйым салынады деген сөз. Алдағы уақытта  InDriver де, Яндекс те оларды өз қосымшаларына тіркемейді.

Министрлік мәліметтеріне қарағанда,  келер жылдың 1 қаңтарына дейін Яндекс пен InDriver өздерінде инвентаризация жасап, оң жақ рульді көліктерді анықтап, олардың такси қызметіне рұқсатын шектейді. Дәл осындай шектеулер осыған дейін рулі оң жақта болғанымен, кейін оны сол жаққа ауыстырған көліктерге де қатысты.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілердің тізімін ұсынады. Олар такси жүйесінен шығарылады.

Баға бағынбай барады

Такси қызметіне сұраныс өскендіктен, бағасы бағынбай барады. Әсіресе қарбалас уақытта жүргізушілер ойына келген бағаны көрсете салатын сияқты. Өйткені асыққан жолаушыда басқа амал жоқтығын біледі. Министр М.Қарабаев бұл қызметтің реттелмегенін, бірақ заң жүзінде реттеуге болатынын,  Бәсекелестікті қорғау агенттігі нақты жағдайға ықпал ете алатынын айтты.

– Менің ойымша, баға белгілеу мүмкін емес. Қызметті цифрландыру саласындағы уәкілетті органдар бойынша немесе көлік саласындағы толық ақпарат беру тұрғысынан тексеруге болады. Осылайша белгілі бір әрекет ету шараларын қабылдай аламыз, – деді министр.

Бағаны реттеу үшін әрине, бәсекелестік керек.  Еуропадағы Яндекстің аналогі BOLT компаниясы біздің нарыққа қызығушылық танытып отырғанға ұқсайды.

Ел аман, жұрт тынышта жол апатынан қайтыс болған адам санына қарасаң, жаның жүдейді. Жыл сайын бір іргелі ауылдың халқына пара-пар адам қара жолда ажал құшады екен.

Қалай болғанда да жолда жылдамдықты асырған, қарсы бетке шыққан жүргізушіні бақылайтын тетік керек.  Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіретін де уақыт болған сияқты.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<