«Наурызнама» тұжырымдамасы бойынша 16 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күні отбасы құндылықтары насихатталады. Сондай-ақ қазақ халқының жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға үндейді.
Шаңыраққа ерекше маңыз беріп, Шаңырақ күнінің аталып өтуі бекерден-бекер емес. Себебі мұның астарында бауырмалдық, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, ең бастысы кейінгі жастарды ұлттық рухани құндылығымызды құрметтеуге үйрету секілді үлкен мән жатыр.
Мерекеге орай ұрпаққа үлгі болған қармақшылық Шамшатовтар отбасын сөз етпекпіз. Серікбай ата мен Базаш апа 65 жыл бойы бір шаңырақтың астында өмір сүріп, жұбайлық тіршіліктің барлық сыақтарынан өтіп, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен құрметті сақтау арқылы нағыз отбасылық құндылықтардың жарқын мысалын көрсетіп келеді. Бүгінде 8 баладан 18 немере, 36 шөбере сүйіп отырған қариялар балаларына ұдайы бағыт-бағдарын беріп отырады.
Серікбай ата 1936 жылы Қарақалпақ АССР, «Тақтакөпір» ауданында дүниеге келген. Елге 1939 жылы ата-анасымен бірге оралады. Балалық, жастық шағы Отан соғысы, одан кейінгі қайта қалпына келтіру секілді ауыртпалықты, қиын кезеңдермен тұспа-тұс келеді. 9-10 жасынан бастап еңбекке араласып, масақ теру, отақ отау жұмыстарына қатысқан. Жастайынан еңбекке араласқандықтан өмір оны ерте есейтеді. Бала болса да арнасы бұзылған Сталин каналын бөгеуге атсалысқан. Бүгінгідей уақытылы мектепке барып, ауқаттану жоқ. Тамақ бірде болса, бірде болмаған. Сабаққа да арасында барып, қалған уақытында егін салып, мал бағып, тылда тізе бүкпей тер төгеді. Осылайша, аурушаң әкесі мен анасын асырайды.
Соғыстан кейін де елдің жағдайы түзеле қоймады. Ол кезде де еңбектен алыстамай, елдің дамуына барынша өз үлесін қосты. Оған бірден-бір дәлел 1964 жылы қазіргі Т.Көмекбаев ауылы (бұрынғы «Жаңақала») Ленин совхозынан бөлініп шығады. Сонда алғашқылардың бірі болып ауылдың қазығын қағады. Іргесі енді қаланған ауылда темір ұсталығымен айналысып, ауыл шаруашылығына керек құралдарды жасап беріп отырған.
– Әкем әлі күнге дейін бізге шаруаның жайы, еңбек етудің қыр-сырын айтып отырады. Өзі еңбекпен өскендіктен, үнемі адал еңбек етуге үндейді. Әрқашан да «адамның ала жібін аттамаңдар, өтірік айтпаңдар, бауырмал болыңдар» деп балаларын бірлікке шақырып отырады. Әкеміздің ел басына күн туғанда еңбек етіп, елдің алғысын арқалауы – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді баласы Мұсабек Шамшатов.
Зейнетке шыққан соң ардагер 1990-1995 жылдары ауылдың әуез мектебінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, жыраулық сыныбында ұстаздық етті. Әлі күнге дейін Сыр елі сүлейлері мен ақын-жырауларының жыр-қиссаларын жатқа айтады. Тағы бір айта кететін жайт, қария өңірдің рухани бай қазынасын дәріптеп қана қоймай халықты имандылық пен адамгершілікке, бірлікке ұйытқан ауыл молдасы болды. Зайыбы Базаш Шамшатова екеуі 1960 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде елінің сыйлы, құрметті қариялары. Олардан тараған ұрпақтары еліміздің дамуына үлес қосып жүрген, түрлі сала мамандары. Осындай қарияларымыз бар да қоғамда отбасылық құндылықтар мен тәрбиенің мәйегі, қарашаңырақтың қадірі еш жоғалмасы анық.
Ал елімізде арнайы Шаңырақ күнін белгілеп, ол күні ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанатын өткізу, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналардың «Наурыз бата» беруі, 50 жыл отасқан отбасылар арасында «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан отбасылар арасында «Күміс кереге» атты шара ұйымдастырудың басты діңгегі – ұлттық құндылықтар мен дүниетанымымызды жаңғырту, дәстүріміз бен мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.
Жалпы Наурыз мерекесінің тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ күні» жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналмақ.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<