Қарттыққа қазірден дайындал немесе зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар

967

0

Сурет ашық дереккөзден

Адамға бейнетінің зейнетін көрудің өзі – бір бақыт. Жылдар бойы еткен еңбегіне жақсы зейнетақы төленгенін кім болса да қалайды. Алайда нарықтық экономиканың талабы басқа. Өз болашағыңды қазірден ойлап, қарттық өміріңе жететіндей қаржы жинауың керек. Жалпы бірыңғай жинақтау жүйесіне қалай келдік, оның маңызы неде деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Еліміз 1998 жылдан жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде зейнетақымен қамсыздандыру ең өзекті мәселеге айналды. Жұмыс істейтін, экономикалық белсенді азаматтардың иығына қарттардың зейнетақысы жүк болып артылды. Ал сол жылдары ел ішін жұмыссыздық жайлап, қиын кезеңдер басталды. 1997 жылдың қаңтарында елде 2,9 миллион зейнеткер болды. Бұл – барлық халық санының 17 пайызы. Зейнетақының өсуі мен зейнеткерлер санының көбеюі мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірді. 1995 жылы зейнетақыға 46 миллиард теңге бөлінді, берешектер көбейе берді.

Зейнетке шыққанда лайықты төлем алу үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі бір ұрпақтың толық еңбек ету кезеңіне тең уақыт жұмыс істеп тұруы керек. Бұл – 40 жыл уақытты алатын, яғни 2038 жылы аяқталып, өз мәресіне жететін кезең. Қазір елімізде мемлекеттік және жинақтаушы құрамдауышты қамтитын көпдеңгейлі (аралас) зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Бірінші деңгей – барлық отандық зейнеткерлерге арналған базалық зейнетақыны, 1998 жылға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар адамдарға ортақ зейнетақыны қамтиды. Екіншісі –  жұмыскерлердің міндетті 10% жарналарын, жұмыс берушілердің есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын – зиянды, қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін жұмыскерлер табысының 5% мөлшерін қамтиды. Биылдан бастап жинақтаушы жүйе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен толықтырылды, олар тек 1975 жылы, одан кейін туған қызметкерлерге арналып жүзеге асырылады. Бұл шара ортақ зейнетақыны пайдалануға мүмкіндігі жоқ қызметкерлердің көрсетілген санатын зейнетақының неғұрлым жоғары деңгейімен қамтамасыз ететін болады. Үшінші деңгей жеке және корпоративтік ерікті зейнетақы жарналарынан тұрады. Нәтижесінде, зейнетақы төлемдері екі көзден, яғни мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы түрінде, БЖЗҚ-дан жарналар мен есептелген инвестициялық кіріс есебінен жүргізіледі.

Демография әсері

Қазір әлемде ерекше демографиялық ахуал қалыптасып отыр, яғни өмір сүру ұзақтығы мен қарт адамдар санының өсімі байқалады. Деректерге сүйенсек, 2021 жылы еліміздегі өмір сүру ұзақтығы 70,23 жас болса, өткен жылы 75,09 жасқа дейін өскен. Қазақстанда 2050 жылға қарай Ж.Боже-Гарнье – Э.Россеттің демографиялық қартаю шкаласына сәйкес 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 17,3%-ға жетеді. 2050 жылға қарай орта есеппен әрбір алтыншы қазақстандық 60 немесе одан жоғары жаста болатынын көрсетеді.

Ал бала туу көрсеткіші едәуір төмендеген. БҰҰ дерегі бойынша елімізде 2023 жылы туудың жалпы коэффициенті бір әйелге шаққанда 3,05-тен 2,96 балаға дейін төмендеген. Халықаралық ұйымның болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,42 балаға дейін төмендейді. Бұл – жаһандық үрдіс. Мамандар мұндай құбылыс еңбекке қабілетті 1 адамға шаққандағы демографиялық жүктемені арттыра түседі деп тұжырымдайды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың 1 шілдесінде халық саны 20 млн 160 мың адамға жеткен. Оның ішінде 25 жасқа дейінгілері – 8,5 млн (42,6%), 25 жастан 65 жасқа дейінгілер – 9,7 млн (48,5%), 65 жастан асқандар – 1,8 млн адам (8,9%). Жалпы еліміздегі халық саны 2050 жылдың соңына қарай 26,3 млн-ға жетеді деп болжанып отыр.

Қазіргі демографиялық сын-қатерлер қоғамға зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты маңызды міндет қойып отыр. Бұл міндетті демографиялық, экономикалық қиындықтарға неғұрлым тегеурінді, төзімді бола алатын жинақтаушы зейнетақы жүйесі шешеді.

Зейнетақы жүйесінің түрлері

«БЖЗҚ» АҚ стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары Азат Сапин қазір әлем елдері үлестіруші жүйеден жинақтаушыға көшіп жатқанын айтады. Бүгінде жинақтаушы жүйе активтерінің үлесі 58 пайызды құраған.

– Әлемде зейнетақы жүйесінің классикалық 2 типі бар. Олар – таратушы және жинақтаушы. Әрбір ел халықтың демографиялық құрылымына, экономикалық даму деңгейіне және әлеуметтік саясатына қарай, осы типтердің сол немесе өзге комбинациясын немесе гибридті (шартты-жинақтаушы немесе балдық жүйелер) пайдаланады. Енді осы екі жүйеге түсініктеме бере кетейік. Таратушы жүйе салық түсімдерінің, ал жинақтаушы жеке жинақтау шотындағы зейнетақы жарналары есебінен төленеді. MCGPI ғаламдық зейнетақы индексі осы жүйелерге терең әрі кешенді талдау жүргізеді. Осы зерттеулер нәтижесінде алғашқы орында Нидерланд, Исландия, Дания елдері болса, Қазақстан 64 балмен 24-орынды еншіледі. Бұл қорытынды лайықтылық, тұрақтылық, тұтастық индикаторлары бойынша есептелгенін айта кетуіміз керек, – дейді ол.

Кейінгі 20 жыл ішінде таратушыдан жинақтаушы жүйеге көшкен мемлекеттер саны артып келеді. Демек бүгінде жинақтаушы активтерінің өсу қарқыны жылына 8%, таратушы жүйе небәрі 3,7%-ды құрайды. 1999 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі бар елдер саны 17 болса, 2022 жылы 51 болды. Қазіргі уақытта Германия және Нидерланд сияқты елдер дәстүрлі ДВ (таратушы) жүйесінен ДС (жинақтаушы) жүйесіне өтуде. Бұл жүйе макроэкономикалық тұрақтылыққа, экономикалық өсуді ынталандыруға, еңбек қатынастарын ресімдеуді арттыруға ықпал етеді.

Зейнетақы қайда инвестицияланады?

Түрлі қиындықтарға қарамастан еліміздің зейнетақы жүйесі қаржылық тұрақтылық пен активтердің өсуін сақтап келеді. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтары – 21,4 трлн теңге. Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 2,1 трлн теңгеден астам таза инвестициялық кіріс түсті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,3%-ға артық.

Жалпы зейнетақы активтері қалай және қайда инвестицияланады деген сауал кім-кімді де ойландыратыны анық. Бұл сауалымызға ҚР Ұлттық банк монетарлық операциялар департаментінің өкілі Дария Матайбаева жауап берді.

– 2014 жылғы сәуірден (шоғырландырудың аяқталуы) 2024 жылғы қазанға дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің жинақталған кірісі 151,4 пайыз мөлшерінде жинақталған инфляция кезінде 167,9 пайызды құрайды. 2015 жылдан 2024 жылға дейінгі он жылдағы зейнетақы активтерінің орташа жылдық табысы инфляция болған кезде 10,2 пайызды құрайды. БЖЗҚ инвестициялық декларациясында белгіленген валюталық портфельді нысаналы стратегиялық бөлу шеңберінде шетелдік басқарушы компанияларға 2018 жылдың наурызынан бастап кезең-кезеңімен 7,4 млрд АҚШ доллары берілді. Шетелдік басқарушы компанияларға активтерді беру дегеніміз қаражаттың нақты аударымы емес, бұл компанияларға активтерді басқару өкілеттіктерін беріп, ал активтердің өзі кастодиан банктегі Ұлттық банктің шоттарында қалады. Жыл басынан бері зейнтақы активтерінің портфелін әртараптандыру үшін 30 пайыздан төмен емес валюталық үлесті қолдау мақсатында 3,6 млрд АҚШ доллары сатып алынды. Валюталық позиция жыл басынан қазан айының қорытындысы бойынша 31,7-ден 39,7 пайызға ұлғайды. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелі 4 трлн теңгеден 21,3 трлн теңгеге дейін өсті. 2016 жылдан зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 17-ден 39,7 пайызға дейін кезең-кезеңімен артты, – дейді ҰБ өкілі.

Жүйедегі жаңалықтар

Кейінгі екі жыл зейнетақы жүйесі үшін жаңалықтарға толы болды. Өткен жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Әлеуметтік кодекстің ережелеріне сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарын барлық санаттағы еңбеккерлер төлеуге міндеттелді. Жеке кәсіп жасап жүргендер де, халық-аралық ұйымдар мен шетелдік дипломатиялық, консулдық мекемелерде жұмыс істейтіндер де зейнетақы жарнасын төлей бастады. Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан адамдарға міндетті жарналар есебінен қалыптастырылған жинағының барлығын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсауға мүмкіндік берілді. Жерлеуге берілетін бір реттік төлемнің сомасы көбейтілді. Азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, БЖЗҚ-ның цифрлық зейнетақы қызметтерінің деңгейі 92%-дан асты.

Биыл да жаңалықтар аз болған жоқ. 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында әр баланың жинақтау шотына 100 АҚШ доллары 52 центі мөлшерінде ақша түсіп, оны биыл кәмелетке толған азаматтар тұрғын үй немесе оқу ақысын төлеу мақсатына пайдалануға мүмкіндік алды.

Жыл басынан бері жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) төлене бастады. ЖМЗЖ мөлшері қызметкердің айлық табысының көлеміне байланысты, оны жұмыс беруші өз есебінен аударады. Биыл 1,5% мөлшерден басталған сома 2028 жылы қызметкер табысының 5%-ы мөлшеріне жеткізілмек. Бұл 1975 жылдан кейін туған, зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатын отандастарымызды қолдауға бағытталған. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшыларға арналған зейнеткерлікке дейінгі төлемдер енгізілді. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) кемінде 84 ай аударылған қызметкерлерге 55 жасқа толғаннан бастап қолжетімді болады.

Зейнетақы активтерін инвестициялаумен Ұлттық банк айналысады. Ал 2021 жылдан бастап мұндай құзырет инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) да берілді. Біздің жинағымызды сақтау ғана емес, сонымен қатар көбейту де – олардың тікелей міндеті.

Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен қатар салымшылардың инвестициялық кіріс алу мүмкіндіктері де кеңейді. Енді МЗЖ мен МКЗЖ есебінен 50% мөлшерге дейін, ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) 100%-ға дейін пайдалану мүмкіндігі туды. Мемлекет МЗЖ мен МКЗЖ есебінен түзілген зейнетақы жинақтарының Ұлттық банктің басқаруындағы бөлігінің сақталуына инфляция деңгейін ескере отырып, кепілдік береді. Ал МЗЖ мен МКЗЖ жинақтарының инвестициялық портфельді басқаруына берілген бөлігінің сақталуына салымшы таңдаған ИПБ жауапты.

Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының, оның ішінде инвестициялық кірістің де есебін жүргізуді жалғастыра береді. Салымшылар ұялы қосымшадағы жеке кабинетте ИПБ-ның өздері үшін қанша ақша тапқаны туралы ақпаратты көре алады. Ал мамандар инвестициялық қызметтің нәтижелерін кем дегенде бір жыл ішінде бағалауға кеңес береді. 2021 жылдың 15 наурызынан 2024 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықта 41 936 өтініш бойынша 57,5 млрд теңге сенімгерлік басқаруға аударылған.

Бір сөзбен айтқанда, қарттық кезеңде қалай өмір сүретінің бүгін еткен еңбегіңе байланысты болмақ. Зейнетке шыққан соң алатын қаражатты бүгіннен жоспарлап, оны басқаруды үйренудің артығы жоқ сияқты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<