Қарызға өмір сүру қанымызға сіңіп кетті ме?

1991

0

Украинада қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты ҚР Ұлттық банкі шұғыл шешімдер қабылдады. Несиенің базалық мөлшерлемесі ұлғайды. Бұл несиенің қымбаттағанын білдіреді. Теңге депозитін сақтау ынталандырылды. Жағдай едәуір өзгереді. Бірақ санамыз өзгерді ме?

Соңғы деректерге жүгінейік. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Қызылорда филиалының статистикалық бюллетені бойынша 2022 жылдың қаңтар айында банктер қазақстандықтарға 624 млрд теңге несие беріпті. Оның жоғары үлесі Нұр-Сұлтан қаласында – 81 млрд теңге. Одан кейінгі орындарда Алматы және Шымкент қалалары орналасқан. Қызылордалықтардың үлесі – 12,4 млрд теңге. Осының өзі аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан біршама хабар береді. Бірақ біздің бүгінгі айтпағымыз бұдан да күрделі.

Қазір қазақстандықтар несие кешірімі туралы жиі айтатын болды. Кейде біздің әлемдік өркениет қабылдаған нарық экономикасы заңдылығымен емес, әлдебір басқа дүниеде өмір сүріп жатқан сияқты көңіл-күйде болатынымыз неліктен? Көшеге дабыл қағып шықсақ, несие кешірімі туралы талап ететін болдық. Тіпті бұл үйреншікті құбылысқа айналды.

Осыдан екі жыл бұрын Президент Қазақстандағы тұрмысы төмен отбасылардың проблемалық несиесін кешірді. Кешіріп қоймай, оның бір реттік шара екенін баса айтты. Бірақ өмір ағымында өзгеріс жоқ, несие тиегі толассыз ағылып жатыр.

Цифрларды сөйлетіп көрейік. 2021 жылдың соңындағы статистика мәліметінше Қазақстандағы экономика салалары бойынша несие қарызының қалдығы шамамен 344 трлн теңгені құраған еді. Несие қалдығының 86,4 проценті немесе 297 трлн теңгесі – біз айтып жүрген тұтыну мақсатындағы несие. Әлгі процентті жіліктей берсеңіз түсіндіре алмайтын, таусылмайтын түйткілдерге тап боласыз.

Бірақ айналып өте алмайтын бір шындық бар. Сол несие қалдығының 2,2 проценті ғана өнеркәсіп, 0,8 проценті ауылшаруашылық, 2,3 проценті құрылыс саласын қамтыған. Сауданың үлесі – 6,9 процент. Статистика мәліметтерінде әлгі 86 процент несие қалдығы жеке кәсіпкерлік, өнеркәсіп емес сала деп тайға таңба басқандай анық етіп көрсетіліпті.

Бұл – Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді қамтып отырған дерт. Ат төбеліндей аздаған топ оңай ақша табу жолына көшті. Барлығы да ауадан ақша жасағысы келеді. Бірақ экономиканы көтеретін саланың бірі – материалдық игілік. Жай сөзбен, ескі тілмен түсіндіргенде, кәдімгі зауыт, фабрикалар. Әрине, кеңес ұғымындағы фабрикалар емес, кәдімгі әлемдік нарықта өнімі сұраныс табатын өндіріс, әзірге бұл бағыттағы жұмыс қарқыны біз күткендегіден едәуір төмен.

Қымбатшылықтан кедей елдер барынша зардап шегуде. Қазақстан кейбір сала қызметкерлерінің жалақысын еселеп өсірді. Олар өкінішке қарай, материалдық игілік өндіруші саланың қызметкерлері емес. Керісінше, ол басқа сала қызметкерлерінің тұрмыс деңгейін бұрынғыдан да төмендетіп жіберді. Сарапшылар жалақының өсімі онсыз да жетісіп тұрмаған тұтыну нарығындағы жағдайды ушықтырып жібергенін ашық айтты. Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін Президент бұл мәселеге айрықша тоқталды. Ендігі жерде жалақы жаппай емес, экономиканың хал-ахуалына қарай өсетін болады. Біздіңше, осының өзі біздің өмірдің шынайы болмысына жақындап келе жатқанымызды көрсетеді. Алайда Украинадағы жағдай тұтыну нарығын тағы ушықтырып жіберді.

Экономикадағы мәселе жалақы көтерумен шешілмейді. Ол өкінішке қарай халықтың тұрмыс деңгейінде жіктелу үдерісін күшейтті. Шындық емес, бүгінгінің ақиқаты осындай. Мұны жай тілмен айтқанда, капиталистердің бүгінгі ақылды буыны мойындап отырған, реттеуге көнбейтін жабайы нарық дейді.

Қазақстан бойынша бірқатар цифрларды сараптан өткізіп көрейік. Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша елімізде 2011 жылы жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 2,2 трлн теңге құраған. Бір қызығы, оның 1 трлн теңгеге жуығы – кепілсіз тұтынушылық несие. Одан кейінгі жылдары оның өсімі геометриялық пропорциямен өлшенеді. 2017 жылы 4,4, 2018 жылы 5,1, 2019 жылы 6,3, 2020 жылы 7,1, 2021 жылдың 10 айында қазақстандықтардың алған несиесінің жалпы көлемі 9,9 трлн теңге. Ал оның 5,7 трлн теңгесі – тұтынушылық мақсаттағы несиелер.

Бүкіл Қазақстан халқы несие рәсімдеуші ұйымдар үшін жұмыс істеп жатыр. Әлгі 10 трлн теңгеге жуық несиені салыстырмалы түрде алсаңыз, Қазақстанның жылдық бюджетіне жуықтайды.

Өткен жылдың соңғы айында Президент төлем қабілетінің нашарлағанын тағы ескертті. Кімге дейсіз ғой? Қаржы нарығын реттеу ұйымдарының басшыларын жинап, проблеманың тағы ушыға түскенін мәлімдеді. Бірақ нәтиже жоқ. Артынша Қазақстанда дүмпу басталды. Сол дүмпуде несие рақымшылығы туралы мәселе тағы көтерілді. Соған қарағанда халық мемлекеттің осындай қадамдарға баратынынан үміттенеді. Бірақ бұл – ештеңемен үйлеспейтін парадокс, мемлекет егер өзін құрметтеп сыйлайтын болса, ешқашан мұндай қадамға бармайды. Өйткені біздің құрып жатқан экономикамыз – нарық, ол өз заңдылығымен жүреді.

Қазір сарапшылар Қазақстан жағдайын електен өткізуде. Несиені жаппай тарату үрдісін тоқтату қажет. Ол халықты кедейшілікке, жоқшылыққа апарып соқтырады. Банк берген несиенің өтеу механизмі тұтынушы үшін емес, банк қожайындарының мүддесіне тиімді. Ал бұл – қаржы нарығын реттеу ұйымының, Ұлттық банктің қайта қарайтын мәселесінің бірі. Қазір елімізде 5 жыл мерзімге несие алған азамат алғашқы 1,5 жылда проценттік мөлшерлемені, содан кейін барып негізгі қарызды өтеуге көшеді. Бұл жерде банктер өз пайдасына басымдық беріп, заңды өздеріне икемдеп алған. Бізде қаржылық сауат жетіспейді. Сондықтан алдыңызға ұсынған келісім-шартқа ойланбай қол қою басым. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын да көтерілген. Ұяты бар деген сауатты азаматтар ақпарат құралдарында жар салып айтқаны есімде. Бірақ оған назар аударған банк немесе қаржы нарығын реттеу ұйымдарының басшылары болған жоқ. Бүгінде сарапшылар осы мәселені реттеу қажеттігін айтады.

Тағы бір проблема бар. Біз кейінгі жылдары банкротқа ұшырауға жақындаған банктерге мемлекет тарапынан миллиардтаған доллар қолдау көрсеттік. Жай тілмен айтқанда, Ұлттық қордан ақша бөлдік. Оның қаншалықты қайтарылғаны бүгінге дейін беймәлім. Әлемдік тәжірибе бойынша ешқандай елде банкке мемлекет тарапынан қолдау көрсетпейді. Себебі банк – еркін нарық субъектісі. Ол – өз табысын өзі реттейтін ұйым. Халықаралық талап бойынша банктердің негізгі активі депозиттен құралуы тиіс.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан Президенті Үкіметке жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды тездетіп қабылдауды міндеттеді. Бүгінгі жағдай бойынша ол халық қалаулылары, мамандар тарапынан талқылануда. Ол кімге тиімді? Мәселенің барысына біршама талдау жасап көрейік.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов жуырда банкроттық рәсімдеген азаматтар неше жыл несие ала алмайтынын айтты.

«Төлем қабілетін қалпына келтіру деп аталатын жеке тұлға банкроттығының үшінші жолы борышкерге сот арқылы қарызды төлеу бойынша шегерімдер беруді көздейді. Ол үшін төлем қабілетін қалпына келтіру жоспарын әзірлеу керек. Бұл жоспар қаржылық басқарушының атсалысуы арқылы әзірленеді. Жоспарға кредитор мен борышкердің екеуі де келісім беруі қажет. Борышкердің мүлкін сату сияқты шаралардың бәрі тек осы жоспарға енген жағдайда ғана іске асады. Жоспарға кірмеген шаралардың бәрі қарызды қайтару үшін қолданылмайды», – деді комитет өкілі.

Қазақстанда 1 миллионнан астам адамның мойнында проблемалық борыш бар. Бірақ оның бәрі жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдейді деген сөз емес. «Банкроттық рәсімдеген борышкер 5 жыл көлемінде банктер мен микрокредиттік ұйымдардан қарыз ала алмайды. Шетелге шығуға 3 жыл бойы тыйым салынады» деді ол.

Бұл келтіріліп отырған негізгі мәселенің түйінін білдіреді. Жалпы көпшілік жеке тұлғалардың банкроттығын тану туралы заңның қабылданғанын қалайды. Қаламайтындар да бар. Түсіндіре кетейік. Қазақстан қандай мемлекеттің үлгісін қабылдайды? Айталық, АҚШ-та, Германияда және Францияда бұл мәселеге мемлекеттің көзқарасы өте қатаң. Оларда банкротқа ұшыраған адамның жеке мүлкі, оның ішінде үйі де сатуға шығарылады. Ресейде біршама жеңілдеу. 2020 жылдан бастап Ресейде 50-500 мың рубль аралығындағы шағын қарыздар үшін соттан тыс банкроттық қызметі жүзеге асырылады. Соңғы қызмет тегін, оны бір жылда 2,4 мың ресейлік пайдаланған. Қысқасы, бұл мәселе өте күрделі. Сарапшылардың айтуынша, мүмкіндігінше банкротқа ұшырау заңдылығына ұрынбаудың қарекетін қарастырған абзал. Бұл халықтың әлі де сауаты кемшін екендігін дәлелдейді.

Қазақстанда кейінгі уақытта проблемалық несиелер өсті. Проблема шын мәнінде ушығып тұр. Ұдайы қарызға өмір сүру 1 млн-нан астам қазақстандықтардың үйреншікті дағдысына айналған. Жақсылықтың белгісі емес, әрине…

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<