Осы жылдың 21 қазанында облыстық қоғамдық даму басқармасында «Қаржылық есептілік аудитінің мақсаты» тақырыбында семинар өткіздік. Семинарда қаржылық есептілік аудитінің мәні мен маңызы, оның негізгі мақсаттары мен міндеттері жан-жақты талқыланды.
Атап айтқанда, аудиттің негізгі мақсаты қаржы жағдайы, қаржы жағдайындағы өзгерістер мен қызмет нәтижелері туралы толық және анық ақпарат беру, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің дұрыстығы мен анықтығын тексеру, ұйымның қаржылық-шаруашылық қызметіне объективті баға беру, сондай-ақ мүдделі тараптарға сенімді ақпарат ұсыну түсіндірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік қызметтері, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілігі саласындағы заңнаманың сақталуын, қаржыландыру жоспарының орындалу барысын, ұйымдармен, мемлекеттік мекемелермен және тұлғалармен есеп айырысудың жағдайын, ақша қаражаты мен материалдық құндылықтардың сақталуын бақылау үшін мемлекеттік мекемелерді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері толық және нақты ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс екені айтылды.
Қаржылық есептілік аудиті Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген «Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы», «Қаржылық есептілік аудиті» рәсімдік стандарттары, «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» талаптарына және ұсынылған құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
Семинарға қатысушылар белсенді пікір алмасып, қойылған сұрақтарға жауап алды. Бұл іс-шара тыңдаушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға және аудит саласындағы теориялық әрі практикалық білімін тереңдетуге ықпал етті.
Нұрсұлтан СҰЛТАНБЕКОВ,
облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті қаржылық есептілік аудиті бөлімінің бас маманы, мемлекеттік аудитор





