Қашықтан жұмыс істеу пандемиядан кейін жалғаса ма?

763

0

Коронавирусқа байланысты жарияланған карантиндік шаралар әлемдегі көптеген компаниялардың қалыптасқан жұмыс режиміне елеулі өзгерістер енгізді. Көпшілігінде қызметкерлер қашықтан жұмыс істей бастады. Бұл жағдайға ең бірінші төселгендер IT-компаниялар мен телеком саласы болды. Мамыр айының басында Google және оны құрушы Alphabet компанияларының бас директоры Сундар Пичай қызметкерлерге үйден жұмыс жүргізу 2020 жылдың соңына дейін баратынын мәлімдеді. Осындай тәсілге Facebook компаниясы да көшті. Мұнан соң заңгерлер, адвокаттар, мемлекеттік органдар қызметкерлері және тағы да басқа түрлі сала өкілдері осындай жұмыс түріне көшуге мәжбүр болды.

Алғашқы кезде қашықтан жұмыс істеу амалсыздықтан болған шара, оның тиімділігі төмен болады деген ой қалыптасты көпшілігінде. Бірақ уақыт өте келе, менеджерлер офис­тан тыс жерден жүргізу мүмкін емес секілді көрінген көптеген жұмыс процестерінің қалыпты жүріп жатқанын таңданыспен қабылдай бастады. Қызметкерлер де осындай жұмыс режимдерін ұнатып қалған сыңайлы, кеңселеріне оралуға онша құлшыныс білдіріп жатқан жоқ. Оның үстіне эпидемияның қашан тоқтайтыны белгісіз. Күзге таман жағдай қалай болатынын ешкім ашып айтып бере алмайды. Әрине, көптеген компаниялардың жаңа жағдайға бейімделіп, өздерінің бизнес процестерін үйлестіре алғаны ерекше маңызға ие.

Осылайша бұған дейін қашықтан жұмыс жүргізуге тәуекел етуге бара алмаған компаниялар карантиннің «арқасында» біраз тәжірибе жинақтап алды. Енді олардың біразы жаңа тәжірибелер қандай мүмкіндіктер береді деп ойлануда. Бизнес үшін қашықтан жұмыс істеудің артықшылық тұстары жоқ емес.  Жұмыс берушілерде алғашында қашықтан жұмыс істеген қызметкерлер жалқауланып, өнімділік төмендеп кетеді деген қорқыныштар болатыны белгілі. Бірақ керісінше жақсы жағынан көрінуде. Қызметкерлер өздеріне артылған сенімді бағалап, компанияның пайдасы үшін жақсы жұмыс істеуде. Сондай-ақ компания­лар қаржы үнемдей алады. Мәселен, жалға алғаны үшін төлеп келген қаржыны басқа қажеттіліктеріне жұмсауға болады. Қызметкерлердің жалақысын сақтап, оларды қысқартпау мүмкіндігі артады. Сол секілді қашықтан жұмыс істеу басқа өңірлерден талантты жастар мен отбасылық немесе себептермен қоныс аударған жақсы мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндік береді.

Енді қызметкерлер үшін жағымды жақтарына тоқ­талып кетелік. Көптеген  адамдар үшін алғашқы кезде офистегі өзінің бауыр басып қалған үйреншікті орнында болмауы оғаш көрінгені рас. Бірақ соңғы айлар тәжірибесі көрсеткендей, айналамыздағы әлем өзгеріп жатыр, соған сәйкес біз де өзгерудеміз.  Осы өзгерістерден қандай мүмкіндіктерді пайдалануға болатыны өзімізге ғана байланысты.

Зерттеулер көрсеткендей, қашықтан жұмыс істеп жатқан адамдар өнімді жұмыс жүргізіп, өзін ыңғайлы сезінеді екен. Үйден жұмыс жүргізудің біраз өзіндік артықшылығы болады. Егер шаршап жатса, демалып алады. Немесе жұмысты екі кезеңге бөлуге болады. Таңертең және кешке жұмыс істеп, қалған уақытта өз шаруаңды бітіре бересің. Мәселен, спортзалға немесе шет тілін үйрену сабағына баруға мүмкіндік туады.

Шынын айтқанда, өзіне ыңғайлы жұмыс кестесімен жүру – көп адамның арманы. Түсте ұйықтап алуға, немесе ерте оянып, жұмысыңды аяқтап тастасаң, тіпті жақсы.  Егер де жұмысқа барар жолыңа (оған дайындалу уақытын қосыңыз) күніне екі сағаттан кететін болса, онда айына 44 сағат шығады. Ал жыл бойына 528 сағат немесе 22 тәулік болады екен. Бұған түскі асқа кететін уақыт пен жұмыс арасындағы үзіліс­тер, сондай-ақ әріптестеріңмен әңгіме соғу бар, бәрін есептесең көп уақыт шығын қылатыныңды білесің. Ал өз көлігімен немесе қоғамдық көлікпен жүруге де, сондай түскі үзілістегі тамақтану мен арасында кофе ішуге де біраз ақша жұмсайсың. Үйден жұмыс атқарғанда біраз қаржы үнемдейтінің түсінікті.

Үйінде болған адам денсаулығына көп мән бере алады. Дәрігерден жұмысқа жарамсыз туралы қағаз жаздырып жатпай-ақ тұмауды, суық тиіп қалуды дәрі ішіп жазып ала береді. Зерттеушілер анықтаған тағы бір факт үйде жұмыс істейтін адам ауруға аз шалдығады. Адамдар отбасына, дос­тарына көп көңіл бөле алады. Қымбат уақытыңызды жұмысқа жолға жұмсамайсыз, балаларға қарайсыз. Мектептегі шараларға немесе отбасындағы даталарға алаңдамай қатыса бересіз. Міне, осыған ұқсас артықшылықтар бар.

Қызметкерлер үшін үйден жұмыс жүргізудің кемшін тұстары да бар. Бақылауда жұмыс істеп қалған адамдар үшін өзін-өзі бақылау қиынға соғады. Кеңседегідей әріптестермен емен-жарқын әңгіме құратын, көңіл көтеретін сәттер жетіспейді. Сондай-ақ жақсы физикалық формасын сақтай алмай қалуы да мүмкін.

Әрине, компаниялар  қашықтан жұмыс ұйымдастырудың тиімді жақтарын сезіне түсуде. Бірақ мұндай режим бәріне бірдей келе бермейтіні де белгілі. Әсіресе өндіріске қатысы бар компания­лар үшін ол келмейді. Десе де, зерттеушілердің айтуынша, әлем бо­йынша қазіргі күндері қызметкерлері үйден жұмыс жүргізіп жатқан компания­лардың бестен бірі пандемиядан кейін де осы режимді жалғастыра беретін сыңайлы. Барлық қызметкерді үйден жұмыс істеуге жібермесе де, бөлімдер бойынша кезек ұйымдастырып, икемді жұмыс графигін енгізу жоспарлары бар. Оны енді уақыт көрсетер. Әйтсе де, пандемиядан кейін біраз өзгерістер болатыны анық.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<