Қателігінен сабақ алғандардың оң қадамы

1073

0

Қызылорда қаласы бойынша 500-ге тарта адам пробация есебінде тұр. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандар да, мемлекеттік қызмет атқарғандар да, жұмыссыздар да, зейнеткерлер де, мүгедектер де, көпбалалы аналар да бар. Бұдан қылмыс жасауға бейім дамдардың ортақ портретін жасап шығару мүмкін емес екенін көреміз.

Облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Гүлнұр Байсариева адамдардың бес түрлі жаза бойынша есепке алынатынын айтты. Олар – бас бостандығы шектелгендер, шартты түрде сотталғандар, қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жазаға кесілгендер, нақты себептермен жазасын өтеу кейінге қалдырылғандар және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылғандар. Алаяқтық, ұрлық және бұзақылық сияқты шалыс қадамға баратындардың үлес салмағы басым. Ал қайталап қылмыс жасайтындардың саны азайған. Өткен жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 22 болса, биыл 15-ке төмендеді.

– Қылмыс жасайтындардың дені – бұрын сотталғандар. Түзеу мекемесінде отырғанда арқасүйер жақыны – әкесі немесе шешесі қайтыс болып, бостандыққа шыққасын өзін далада қалғандай сезінеді. Үйіне оралғасын жеңгесі сыйдырмай, арада ұрыс-жанжал туып, соңы өкінішке ұласатын жағдайлар болады. Тәп-тәуір қызметте жүрген кісілердің адам өлтіріп алған кездері бар. Сондықтан «мына адам қылмысқа бейім» деп кесіп айту қиын, – дейді Гүлнұр Байсариева.

Есептегілердің жүріс-тұрысын, тәртібін пробация қызметкерлері қалт жібермейді. Электронды бақылау құралы – браслет арқылы күнделікті жүрген жерін бақылап, тұрғылықты мекенжайынан тексеріп отырады. Оларды қоғамға бейімдеу, қайтадан теріс жолға түспес үшін профилактикалық жұмыс атқарып, құқықтық, медициналық, психологиялық көмек ұсынады.

– Оқудан немесе жұмыстан кейін үйінде болуы керек. Бізге айына екі рет келіп, келгені жөнінде белгі соқтырып тұруы керек. Тәртіп бұзып, екі рет ескерту жасалғаннан кейін сотқа бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру жөнінде ұсыныс жолдаймыз. Сот шешім шығарады. Қызметкерлеріміздің көбі – қыз-келіншектер, оларға кесірі тиген жағдайлар кездесті. Бірнеше жыл бұрын бір қызметкерімізді үйінде ішімдік ішіп отырған сотталушы басынан ұрып жіберіп, бас бостандығынан айырылғаны бар, – дейді пробация өкілі.

Сотталғандарды қоғамға бейімдеудің бірден-бір жолы – оларды еңбекке араластыру. Биыл барлығы 164 адам екі қолға бір күрек тапты. Ал қала әкімінің квотасымен 42 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл ретте пробация өкілдері прокурорлардың ықпалы зор екенін атап өтті. 12 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, шағын бизнеске бет бұрды.

– Олар пробациялық бақылауға тіркелген күннен бастап кәсіп ашуға ниет білдірген. Инспекторлар құқықтық түсіндірме жұмысын жүргізіп, құжаттарын жинақтап, жергілікті атқарушы органдарға жіберген. Алдымен, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлік негізін оқыды. Өздері бизнес жоспар дайындап, комиссия мүшелеріне ұсынған. Комиссия мүшелері оны мақұлдап, әрқайсысы мемлекет тарапынан 1,5 млн теңгеге жуық қайтарымсыз грант ұтып алды. Грант иегерлерінің бірі мал шаруашылығымен айналысуға ден қойса, енді бірі көлік жөндеу орталығын жабдықтады, – дейді облыстық ҚАЖ департаментінің ішкі коммуникация қызметінің маманы Данагүл Достанова.

Қателігінен сабақ алып, алдағы мақсатын айқындағандардың тағы бірі мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, көлік жөндеу-бояу сервисін ашты. Бүгінде содан нәпақасын айырып, отбасын асырап отыр.

– Әзірге өзім ғана жұмыс істеп жүрмін. Күніне шамамен 10-15 көлік тексеремін. Кез келген көлікті жөндей беремін. Көлікті жаңартып, сырлап, дөңгелектерді желімдеймін. Дөңгелектің қысымын өлшеу қызметі де көрсетіледі. Алдағы уақытта көмекші алғым келеді, – дейді пробация есебіндегі азамат.

34 жастағы Серікбол Ыбырай мал ұрлығына байланысты жазасының үштен бірін түзеу мекемесінде өтеген. Биылғы көктемнен бері пробациялық бақылауда.

– Өзімді жақсы жағымнан көрсеткенім үшін бостандыққа шығарды. Негізгі мамандығым – дәнекерлеуші. Осы мамандықпен біраз жыл жұмыс істедім. Қайтарымсыз қаржы есебінен қайтадан жалғастыруды жөн санадым. Қажет аппараттар сатып алып, қазіргі күні дәнекерлеу жұмысымен айналысып жүрмін. Табысым жаман емес, отбасымды асырап отырмын, – деді ол.

Қалалық пробация өкілінің айтуынша, жазасын өтеп шыққан адамдарды қоғамнан аластатудың қажеті жоқ. Өйткені олар өз кінәсі үшін жеткілікті жауап берді.

– Кондитерлік цех, ағаш шеберханасы, көлік жөндеу орталығы, жиһаз цехын ашқандар көп. 500 адам үшін 12 грант өте аз. Сонда да болса, бұл олардың өмірін жақсы жаққа бұруға мүмкіндік беріп отыр. «Ешқашан кәсіппен айналысамын деп ойламаппын, өмірім түбегейлі өзгерді» деп рақмет айтатындар бар, – дейді Гүлнұр Байсариева.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<