Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов және Руслан Рүстемовпен бірге Қызылорда қаласындағы жол құрылысы, жөндеу жұмыстары бойынша бірқатар нысанды көріп шықты.
Алдымен Жанқожа батыр көшесіндегі теміржол өткелінің құрылыс алаңына барды. Өткел қаланың орталық бөлігін Шанхай, Коммунизм, Гагарин шағын аудандарымен қауіпсіз байланыстыруға, көлік қатынасын жақсартуға, қалаішілік жүк және жолаушылар тасымалын арттыруға, азық-түлік айналымын ұлғайту арқылы өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Құрылыстың жалпы құны – 4 650,9 млн теңге. Бас мердігер – «СМК Аманат», техникалық қадағалаушы – «МСК Инжиниринг», авторлық қадағалаушы – «Инженерный Центр Алматы».
Қазіргі таңда айналма теміржолдар салынып, инженерлік желілердің орны ауыстырылуда. Сонымен қатар, 940 тонна арматура жеткізіліп, свай каркастарын тоқу, тіреу қабырғаларына арматура орнату және бетондау жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан әрі облыс әкімі «Қызылорда-Құмкөл» бағытындағы 9,76 шақырымдық автожолдың орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Жобаның жалпы құны 2 483,9 млн теңге, мердігер «Дорстрой», техникалық қадағалаушы «АрхиДизайнСтройИнжиниринг» серіктестіктері. Өткен жылы 1 желтоқсанда басталған жұмыс осы жылғы 30 қыркүйекте аяқталмақ.
Бүгінде ресайклинг әдісімен 7,4 шақырым, ірі түйіршікті асфальтпен 6,5 шақырым, мастикалық асфальтбетонмен 4 шақырым жол жабындысы төселді.
Келесі нысан «Қызылорда-Құмкөл» автожолының жолайрығы болды. Мұндағы күрделі жөндеу жұмыстарының жалпы құны 1,4 млрд теңгеге бағаланған. Мердігер – «Қыран» ЖШС. Қазіргі таңда көпірдің 5 кіреберіс қанаты асфальтталды, негізгі үстіңгі бөлігіне қиыршық тас, 800 метріне асфальт төселді.
Сондай-ақ аймақ басшысы Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының жалғасы ретінде жасалып жатқан жол құрылысын көрді. Мұнда Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін нығайту және Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі 2,9 шақырым жол құрылысы назарға алынды. Жоба құны – 5,3 млрд теңге. 4 жолақты автожолмен қатар, ені 6 метр жаяу жүргіншілер және велосипед жолы салынып, дария жағасы жанданатын болады. Құрылысты «УАД» ЖШС жүргізуде.




Облыс әкімінің баспасөз қызметі






