Қазалыда тағылымы мол шара өтті

1553

0

Бүгін Қазалы ауданында ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты іске асыру мақсатында облыстық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Төркіндеу» жобасы аясында тағылымы мол шара өтті.


Тарихы терең Қазалы топырағынан түлеп ұшып, бүгінде еліміздің әр саласында жауапты қызмет атқарып жүрген және өз саласы бойынша ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарып жүрген нәзік жандыларымыз елге төркіндеп келіп, туған жеріне тағзым етті.


Қонақтар алдымен аудан орталығындағы «Асандар көтерілісі», «Бегім ана», «Тәуелсіздік монументі» секілді тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, «Бегім ана» ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойды.


Мұнан соң арулар қауымы Жанқожа батыр кесенесіне барып тағзым етіп, баба рухына құран бағыштады. Сонымен қатар Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығына барып, мәдениет ошағының ауласына жеміс ағаштарын отырғызды.


Шара жалғасын тауып нәзік жандылар ауданымыздағы ардагер-ұстаз, әр салада қызмет атқарып жүрген аналармен кездесті.


Кездесу барысында алғашқы сөзді бастаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Әлемдегі бар жақсылық пен ізгілік, отбасының беріктігі мен берекесі әйел-аналарға тікелей байланысты. Қазіргі таңда ер азаматтармен бірге жауапты қызметте жүрген, қоғамдағы игілікті істердің басында болып, өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін көтере білген әйел азаматтарымыздың еңбегі ерекше құрметке лайық»,-деп қонақтарға жылы лебізін білдіріп, қошемет көрсетті.


Әрі қарай облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы іс-шараның негізгі мақсатына тоқталып, келген қонақтарды таныстырып, ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесі туралы, кәсіпкер әйелдерге көрсетілетін қолдаулар туралы сөз қозғады.


Сонымен қатар, ұрпаққа үлгі,өмірі өнегеге толы ардагер аналарымызға дәстүр бойынша қамзол кигізіп, орамал тақты.


Шара соңында қонақтарға арналып аудан көркемөнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.
Жоғары дәрежеде өткен тағылымы мол шараны аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қорытындылап, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.


Ұлттық дәстүр ұлықталған іс-шара соңы қасиетті Рамазан айында ауызашар рәсімімен жалғасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<