Қазақ атын әлемге танытқан алып

170

0

Фото: gov.kz

Ұлт батыры, хал­қы­мыздан шыққан тұң­­ғыш кәсіпқой балуан, 54 мем­ле­кетте кү­рес­ке түсіп, 48 ме­даль таққан Қа­жы­мұ­қан­дай мықты XX ғасырдың ба­сын­да түркі халық­та­рының ішінде тек қазақ­та ғана болды.

Осындай алы­бымызды аға ұрпақ жақсы біл­се де, кейінгілер жете таны­майды. Оған әлеу­меттік желілерде жылт ете қалатын батырға қатысты қисынсыз әңгімелер де әсер етсе керек. Айтушылар балуанды өмірінің соңында аштан өлді деп тарихқа күйе жағып жүр.

Атамыз соғыс кезінде ел аралап, өнер көрсетіп тапқан 100 мың сом ақшаға ұшақ жасатып, майданға жібереді. Осы ісі үшін Сталиннің өзі алғыс білдірген.

Қажымұқан қартайған шағында мем­лекет есебінен бес жүз мың зейнетақы алып тұрған. Қаншама қиын кезең болса да өзінен артыл­дырып, жетімдерге, аш-жалаңаштарға көмектесіп отырған.

1948 жылы Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы, сол кездегі «Ленин туы» колхозында қа­лың ағайын ішінде қайтыс болғаны бел­гілі. Бұл тарихи ақиқатты бұрмалауға еш­кімнің құқы жоқ. Ұлт батырын ұлық­тау, оның алып болмысын өскелең ұр­паққа та­ныстыра беру ісі ешқашан толас таппауы тиіс.

Осындай мақсатпен биылғы Қажы­мұқан ұрпақтарының дәстүрлі бас қо­суын Ордабасыда өткізуді ұсынған едім, ағайын мұны қоштады. Бұл жерде «аға­йын» сө­зін шын мәнінде дұрыс түсіну керек. Қажы­мұқан – халықтың батыры, қазаққа ортақ тұлға.

Дегенмен, елдің белсенді азаматтары мұндай игі істі атқаруға келгенде, шараны да, шаруаны да өз бастамаларымен біті­ре­ді. Белгілі азаматтар бұл жолы да сон­дай иігілік басында жүрді. Атап айт­қан­да, балуан атамыздың Көкарал, Төрт­күл, Жетісайда тұратын ағайын­дары, Ас­тана­дағы «Қазтұтыну» одағы жоға­ры кол­лед­жінің ди­ректоры Мырза­бек Кү­жі­м­ов бастаған, жетісай­лық Әбді­қайым Нұр­жанов, Ағабай Әуезов, Ал­тай Жүсіп­бек­ұлы, Базарбай Піржанов, Марат Әуе­зов, Берік Төлегенов, Серік Төлегенов, Дос­бол Әбілдаұлы, Әкімжан Жаппарұлы, Қанат Жа­ңабайұлы, Нұрбол Күжімов сынды аза­маттар, жиналған ағайынға қызмет көр­сетті.

Осыдан біршама уақыт бұрын Түр­кіс­тан облысының Ордабасы ауданында мем­лекет қар­жысымен халық батыры Қа­жымұқан Мұңайт­пасов атындағы мә­дени-спорттық кешен ашыл­ған болатын.

Кешеннің ашылуына облыс әкімі Н.Кө­шеров арнайы келіп, бұл мәдени-спорттық кешен ғана емес, туризм мен жастар тәр­биесін дамытуға да арналған маңызды нысан екенін атап өткен еді.

Біз осы кешенді аралап, батыр ес­керт­кішіне гүл шоқтарын қоюдан бас­тадық.

Шара қонақтары әуелі мәдени-спорт кешені­нің мұражайымен танысты. Мұ­нан соң аудандық спорт мектебі шәкірт­те­рінің қатысумен қазақ­ша күрес өнері тамашаланды. Балуандар белдесіне қы­зылордалық Қанат Әбенов бастаған, шым­кенттік Байбосын Зұлпыхаров және ұлы­таулық Бекназар Жұманазарұлы сын­ды азаматтар өз қаржысынан жүлде тікті.

Көпшілік одан әрі «Қазақтың Қажы­мұқаны» атты ғылыми-танымдық конфе­ренцияда бас қосты. Сондай-ақ Байбосын Зұлпұқаровтың «Даңқ пен дақпырт» атты кітабының тұсаукесері болды.

Келелі, тәлімді басқосуға Сыр бо­йы­нан елімізге еңбегі сіңген дәрігер Тұр­ған­бай Маханов, қоғам қайраткері Қорған­бек Қайруллаев секілді ақса­қалдар, ел­ге белгілі Темірхан Әлімқұлов сынды аза­маттар құрметті қонақ ре­тін­де шақы­рылды. Олар­мен бірге Орда­ба­сыдағы жиын­ға тоқсанға тарта Сыр бойының азамат­тары қатысып қайтты. Сондай-ақ Омбы қаласынан аңыз адам­ның немере, шөбе­релері де келді.

Шара қорытындысында тұлға рухына дұға бағыштауға ниет еткен бес жүз адамға арналып дастарқан жайылды.

Аты аңыз болған алып қазақ Қажы­мұқан туралы әлі де талай кітап жазылып, талай фильм түсірілетіні анық. Алайда біз кейінгі буынды ақиқаттан аттамауға үндеп, оларға жол сілтеуге тиіспіз. Бұл біздің ағалық парызымыз болмақ.

Қожахмет МЫРЗАЕВ,

Қызылорда қаласының тұрғыны