Қазақстан астанасының Орынбордан Ақмешітке көшірілуі

312

0

Сонымен, Қазақстанды жаңа қо­ғамның ұлы өзгерістері күтіп тұрды. Қазақ халқының басын біріктіріп, мүл­де тосын өмірге бейімдеу, ұйым­дас­тыру-басқару жүйесін жетілдіріп, өз алдымызға тіккен үлкен отаудың бо­сағасын бекіту оңай шаруа емес еді. Оны Кеңес өкіметін орнатуға бел­сене қа­тысқан зиялыларымыз анық тү­сінді. Оның үстіне ит өлген жердегі, Ресей аумағындағы Қазақ АССР-нің астанасы Орынбормен қарым-қа­ты­нас жасаудың қиындығы да келелі іске кедергі келтірді. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялылары өз жеңісін өз же­рінде тойлауды аңсады. Азаттықты ар­мандады. Халқымыздың Т.Рыс­құл­ов, С.Меңдешов, Н.Нұрмақов, С.Қо­­жанов, С.Сәдуақасов, т.б. біртуар ұл­дары шын мәніндегі дербес Қазақ Рес­пуб­ликасын құруды жақтады.

Түркістан мен Қазақстан Респуб­ликаларының ішкі мүмкіншіліктерін сан қырынан талдап-таразылаған мем­лекет қайраткері Сұлтанбек Қожан­ов астананы Орынбордан қазақ­тың қа­лың ортасына көшіруді қызу қол­дады. Себебі, «мемлекет астанасы­ның жұрт­шылығына сүйеніп істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды» деп түй­ген қайраткерді қазақтың бас қала­сы­­­ның орыс ішінде орнауы қанағат­тан­дырмады. Бұл жайында баспасөз бе­тінде дүркін-дүркін мәселе көтерді. Жаңа астана туралы ойларын ол «Ақ­жол» газетінде жарияланған «Кешік­тірмей келісу керек», «Іс жүзінде орын­­дау керек», «Қазақтың кіндігі қай қала болсын», т.б. мақалаларында бүкпесіз білдірді.

«Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқ­тықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек, – деп жазды С.Қожан­ов «Ақжолдың» 1924 жылғы 17 жел­тоқ­­сан­дағы са­нында. – Қазақ аста­насы болуға Орын­бор қаласы шетте болған­дықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болма­ғандықтан, қазақ ұлт мемле­кетінің ұлтшыл­дығына ор­да болуына қисыны жоқтықтан жара­майды. Қазақ ұлт мем­лекетшілдігіне әдемі қала, ың­ғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орын­бордан көшпей, қазақ ұлты­ның ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбек­шіле­рі­нің көпші­лігінің қолына керекті ша­ралар іс жүзінде істелуі қиын».

Перовск станциясы теміржол жұ­мысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан өкіметін Ақмешітке көші­ру үшін үш күн ішінде «Қызыл паро­воз» жөндеуден өткізіліп, Орын­бор­ға жі­бе­рілді. Қазақ АССР-і Ке­ңес­те­рі­нің V съезі делегаттары және өкімет мү­шелері бар пойызы Орын­бордан рес­­публиканың жаңа астанасы Ақ­мешітке 1925 жыл­дың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегат­та­рының ішінде мәде­ниет, өнер қай­рат­керлері Иса Бай­зақов, Александр Затаевич, Әміре Қа­шаубаев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сей­фуллин, Қа­жы­мұқан Мұңайтпасов болатын.

Бұл съезге Қазақ Республикасының қарауына кірген Қарақалпақ Авто­но­миялық облысының өкілдері бірін­ші рет қатысты. Қарақалпақ делегатта­ры­ның бірі Әбу Құдабаев Ақмешіт қа­ласына жақын Сырдария өзенінің ба­тыс жа­ғасындағы «Қызыл қайың» ауы­лын­да 1899 жылы туған. Ол бір­қатар жыл­дар бойы Қарақалпақ об­лыстық пар­тия комитетін басқарды. Кейінірек жа­зықсыз сталиндік қуғын-сүргіннің құр­бан­дығына ұшырады.

Құрамында Қазақ АССР кеңесте­рінің V съезі делегаттары бар өкімет пойызын жол бойында Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы станцияла­ры­ның жұрт­­шылығы қарсы алып, көп адам жи­­налған митингілер ұйымдас­ты­рыл­ды. Ақмешіт станциясында ора­сан зор митингі болып өтті. Оны Таш­­кент­тен келген Сырдария облыс­тық пар­тия комитетінің хатшысы Әбіл­­қайыр Досов ашты. Өкімет деле­гация­сын Қазақстанның жаңа аста­на­сының жұмыс­шылары мен интел­лиген­циясы қызу құттықтады. Қала жастары аты­нан Әбділда Тәжібаев сөз сөйледі.

Ірі-ірі мекендерде өткен митингіде жол бойы еңбекшілермен жүздесуге Қазақ өлкелік партия комитетінің екін­ші хатшысы Сұлтанбек Қожанов пен республика орталық атқару коми­те­ті­нің төрағасы Жалау Мыңбаев кезек­тесіп сөз сөйледі.

Көрнекті қоғам қайраткері, Сыр өңі­рінің азаматы С.Қожанов Ташкент­тегі мұғалімдер семинариясын  үздік аяқтағаннан кейін қызметке бірден ара­ласады. Ағарту саласында, «Бір­лік туы», «Ақжол» газеттерінде бас­шылық қызметте болды. 1920 жылы Түркістан АКСР-інің Жер жө­ніндегі халық ко­миссары болып тағайын­далды. Мұнан кейінгі қысқа уақыт аралығында іш­кі істер халкомы, Түр­кістан ОАҚ төра­ғасының орын­басары  сияқты жауапты жұмыстарды атқарды. Сырдария, Же­тісу облыс­тары Қазақ АКСР-іне қо­сыл­­ғаннан кейін облыстық коми­тет хат­шылы­ғына сайланды. 1925 жыл­дың 19 ақпанында облыстық пар­тия ұйымы өлкелік комитет болып өзгер­тілгенде, С.Қожанов екінші хатшы­лық­қа жо­ға­­рылатылды. Бірінші хат­шы В.На­нейшвили, қазақ өкілі ретін­де бас­шы­лықты С.Қожановқа сеніп тап­сырды. Ол Қазақстанның бес жыл­ды­ғының өз дәрежесінде аталып өтуіне зор еңбек сіңірді. 4 қазан күні Қы­зыл­орда­да ұлан-асыр той болып, респуб­ликаның түкпір-түкпірінен адам­­дар келді. Кейін Өлкелік партия коми­тетінің бірінші хатшысы болып келген Ф.Голощекинмен С.Қожанов тіл табы­са алмады. Сөйтіп, елден жырақта Мәс­кеуде, одан кейін Ташкентте қыз­мет істеуге мәжбүр болды. Қуғын-сүр­гін жылдарында халқымыздың өзге арыс­тары сияқты нәубет тырнағына ілінді.

Сонымен, 1925 жылдың 15 сә­уірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қа­зақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі сал­танатпен ашылды.

Съездің күн тәртібіне:

– КСРО-ның халықаралық және ішкі жағдайы;

– Орталық Атқару комитеті мен Хал­ком кеңесі президиумдарының есеп­ті баяндамалары;

– ауыл шаруашылығының жағдайы;

– халық ағарту ісі;

– қаржы саясаты және салық;

– кеңестік құрылыстың жаңа мін­деттері туралы мәселелер қойылды.

Бес күнге созылған съездің негізгі құжатының бірі қырғыз халқының та­рихи дұрыс атын қалпына келтіруі еді, яғни, кеңестердің бүкіл қазақтың V съезі «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» деп аталсын» деп қаулы қабылдады. Сонымен бірге съезд «Киргиз Республикасын» «Қа­зақ Рес­публикасы» деп атауға, ал оның аста­насы Ақмешітті Қызылорда деп атау­ға қаулы алды.

Съезд Қазақстан еңбекшілеріне Үн­­деу арнады: «Үлкен қиыншылық­тар­дан өттік. Езушілерге қарсы ауыр кү­рес­тен өттік. Азамат соғысының ауыр жылдарынан өттік. ҚАССР-ін құ­рып, нығайту жөніндегі тарихи дә­уірден өттік.

Ал алдымызда әлі көп іс, твор­чест­волық көп жұмыс тұр, қиыншы­лық­тар да аз емес. Алдымызда Қа­зақ Республикасын экономикалық жағы­нан көркейту дәуірі тұр, еліміздің өн­­дір­гіш күштерін көтеру жолында, ҚАССР-ын мекендейтін барлық еңбек­шілердің материалдық әл-ауқа­ты мен мәдени дәрежесін көтеру жо­лында кү­ресу дәуірі тұр».

Үкімет есебі бойынша V съезд қа­­былдаған қарарда республиканың өнер­­кәсібін күрделі дамыту, алдағы он­­жыл­дықта теміржол және жергі­лікті жол қатынасын өркендету жос­пары, бай­ланыс құралдарын, көшпелі почтаны және селолық аудандарда жылжымалы почтаны, радио-телеграф жүйелерін кеңейту жобалары қуат­талды, бұл мақсатта өнеркәсіпті, Қа­зақстанның маман жұмысшыларын қалыптастыру шаралары қабылданды.

Қазақ АКСР-інің жер құрылысы туралы қарарында бұрынғы патша өкі­­метінің жүйесіз әскери-әкімшілік сая­­сатының зобалаңы салдарынан 29 миллион десятина шұрайлы жер талан-таражға салынып, мал шаруашы­лы­ғы­ның күйреуіне әкеп соққаны атап өтілді.

Мал шаруашылығын тиімді ұйым­дастыру мақсатында республиканың барлық жерін табиғи-тарихи және эко­­­номикалық белгілері бойынша үш ауданға бөлу дұрыс деп табыл­ды. Бі­ріншісі – егіншілік-мал шаруа­шы­­лы­ғы сипатындағы аудан. Мұнда мал ша­руашылығы бірқалыпты дамуы тиіс. Екіншісі – мал-егін шаруа­шы­лығы сипатындағы аудан. Онда жа­йы­лымдық жер басым орын алады. Үшіншісі – бірыңғай мал шаруа­шы­лығы бағыты үстемдік құратын ау­дан. Сонымен бірге, аталған әрбір ауданның шаруа­шылық жүргізу жүйе­сі әртүрлі болуға тиіс деп есептелді.

Съезд Қазақстандағы бұрынғы Түркістан республикасы губерниясы мен Қарақалпақстан автономиялық об­лысының бірқатар аудандарының қосылуы, 1920-1921 жылдары қоныс аударғандардың келуі, сон­дай-ақ осы кезеңде белең алған құр­ғақшылық салдарынан онсыз да тар жердің құ­рылымын қайта құру мүмкін болмай отырғанын атап өтті.

Суландыру туралы қабылданған қа­рарда Сырдария, Әмудария және Қазақстанның басқа да өзенде­рінің су­ларын іргелес жатқан республи­ка­лармен бөлісуді талап ету, осы­ның негізінде судың шектелген мөлше­ріне қарай суармалы егіншілік экономи­касын қалыптастыру туралы жазылды. Су шаруашылығы органдарының кадр­ларын даярлау, Қызылорда гидро­тех­никумын ашуға байланысты қаржы бөлу мәселелері шешімін тапты.

Сонымен, 1925 жылдың сәуірінде өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің V съезі республика дамуының келешегін айқындап, ұлттық-мемлекеттік құры­лыс саласының маңызды тарихи ше­шімдерін қабылдады, өкімет орган­дарын сайлады. Олардың құрамына Сыр елінің көрнекті өкілдері, мем­лекет және қоғам қайраткерлері кірді. Со­лардың бірі Сүлеймен Есқараев өкімет құрамына республика ішкі істер халық комиссары болып енді. Ол 1897 жылы Қазалы уезінде туған. 1918 жылдан партия мүшесі. 1920 жылы Ташкенттегі Совет партия мек­тебін бітірген. 1921-1925 жылдары Сыр­дария, Таш­кент об­лыстарында қыз­метте болып Қы­зылорда қаласы­ның атқару комитетінің төрағасы бо­лып сайланды. Одан ке­йін Қазақ АКСР ішкі істер халық ко­мис­сары, Қарағанды облыстық атқа­ру коми­тетінің төрағасы, Қазақ АКСР-інің прокуроры болып қызмет атқар­ған. Осы съезде Бегайдар Жантөреұлы Аралбаев Қазақ АКСР Атқару коми­тетінің хатшысы болып сайланды. Ол 1896 жылы Жаңақорған ауданының Жайылма ауылында туған. 1920-1924 жылдары Сырдария облаткомының төрағасы. Түркістан АКСР Ішкі істер халкомы, Республика Халық сотының төрағасы. Астананы Қызылордаға кө­шіруге белсене атсалысқан. Қазақ Ор­­талық Атқару комитетінің партия, ке­ңес аппаратын қазақыландыру (коре­низация) жөніндегі комиссиясына бас­шылық етеді. 1928-1934 жылдары банк саласында басшы қызметтер атқарды. Содан кейін «аралбаевшылдық» деген желеумен Голощекиннің қудалауына ұшырап, қамауға алынып, Краснодар өлкесінде қайтыс болды. Б.Аралбаев бірнеше рет Түркістан және Қазақ Ор­талық Атқару комитетінің төралқа­сы­­ның мүшелігіне сайланған, БК(б)П ХІ, ХVІІ съездеріне делегат болып қа­тысқан.

Қазақстан әйелдері қоғамдық-сая­си жұмысқа белсенді түрде араласа бастады. Оларды кеңес жұмыстарына көтеру, партия қатарына тартуда қазақ әйелдері Алма Оразбаева, Нағима Арық­ова, Мәдина Бегалиева, Сара Есова және басқа кадрлар көп еңбек атқарды.

1925 жылдың күзінде Қазақстанға Ф.Голощекин басшы болып келуі елі­­мізге үлкен қасірет әкелді. Ол өл­ке­нің әлеуметтік-экономикалық құры­лымын, қазақ қоғамын экономикалық, саяси-мәдени жағынан Ресеймен жа­қын­дас­тыруда таптырмайтын басшы еді. Ашы­ғын айтқанда, Ф.Голощекинді бі­рінші хатшылыққа Қазақстан ком­му­нистері сайлаған жоқ, орталық таға­йын­дады. Осылайша басшы кадр­ларды тек орталықтан ғана жіберу пар­тия жұ­мысының тәжірибесінде кең етек алған болатын. 

Голощекиннің өмірбаяны Ресейде қағаз дүкенінің қызметкерінен баста­лады, 27 жасынан партия мүшесі жә­не тіс технигі, 29 жасында кәсіби рево­люционер болды. Революциядан кейін көп ұзамай Пермь, Орал, Екатеринбург губкомдарының хатшысы болды. 1918 жылы шілдеде облыстық әскери ко­мис­сар ретінде ешқандай сотсыз, тер­геусіз орыс патшасы ІІ Николай мен Романовтар әулетін құрту тапсыр­ма­сын орындаған.

Қазақстанға келмей жатып, 1925 жылдың желтоқсанында Өлкелік пар­тия ұйымының V конференция­сындағы есепті баяндамасында Ф.Голощекин қазақ ауылында шын мәнінде Кеңес өкіметі орнаған жоқ, оның есесіне туыс­тық және байлар үстемдігі басым деген пікір білдірді. Ол респуб­лика­дағы «уклондағыларды» да тез арада танып-білгендігін айтты. Олар­дың ара­сында О.Жандосов, Н.Нұрмақов, С.Сә­дуақасов, С.Қожанов, С.Меңде­шов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов сынды көрнекті мемлекет және қоғам қайрат­керлері бар болатын.

Қазақстан Ф.Голощекин келгенде азамат соғысының зардаптары мен 1921-1922 жылдардағы ашаршы­лық­тың ауыртпалығынан енді-енді ары­луға бет алған болатын. 1925 жылы астық жинаудың жалпы мөл­шері 92 млн пұтқа жетті. Мал шаруа­шы­лы­ғы қиыншылықтарымен қалпына кел­ті­ріліп, малдың жалпы саны 1922 жыл­мен салыстырғанда екі есе өсіп, 26 миллионға жетті. Ауыл шаруашы­лы­ғында кооперативтік қозғалыс дамы­ды, республикада әртүрлі 2811 коопе­ратив жұмыс істеп, олар 320 мың адам­­ды қамтыды, ал мыңнан астам коо­­перативтерде 63 мың қазақ жұмыс істеді.

Сонымен, Ф.Голощекин қазақ же­ріне келгенде екі жарым ай толмай жа­­­тып, республикадағы атқарылған жұмыстарды көзге ілмей, қазақ ин­теллигенциясының қай­­­мағын бұзып, жіктеуге кіріскен бола­­тын.

1925 жылдың жазында республика Үкіметі, Орталық Атқару комитеті жә­не әкімшілік бөліністер толық қа­лып­тасты. Барлығы 151 адамнан тұратын Қазатком мүшелері сайланды. Оның тө­ралқасының құрамында Ж.Мыңбаев (төраға), Б.Нұрмақов, Б.Аралбаев, С.Сә­­дуақасов, А.Серғазиев (төраға) орын­­басары, мемлекеттік жоспарлау коми­тетінің төрағасы), А.Оразбаева, И.Құ­рамысов, В.Ненайшвили (өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы), мүшелікке кандидат болып Н.Ежов сайланды. Б.Майлин, С.Есқараев қыз­мет жасады. Қазақстанның әкімшілік бөлінісін 6 губерния және Қарақалпақ облысы құрады.

Қазатком хатшылығының 1925 жылғы 22 тамыздағы өткен мәжі­лісі «Кеңес құрылысы жөнінде І Бүкіл­қа­зақстандық кеңес өткізу тура­лы» қаулы қабылдады. Кеңестің жұмыс жоспарын жасау және тиісті қаулы­ларының жо­басын дайындау үшін 16 жауапты-лауазымды қызметкерден комиссия құрылды. Оған Ж.Мыңбаев төрағалық жасады. Бұл жұмысшы тобы дайындық барысында қадау-қадау күрделі мә­селелерді талқылаған бірнеше мәжіліс өткізді. Кеңестің күн тәртібін белгілеген 1 қыркүйек күн­гі мәжілісінде 5 секция құрылды. Ауыл­­дық кеңестердің жұмы­сы бо­йын­ша секцияға Жандосов, об­лыс­тық атқару комитеттері бойын­ша Аралбаев, әкім­шілік-террито­риялық сек­­циясына Әлібеков, кеңестердегі сайлау секциясына Ларионов, рево­лю­циялық заңдылықты нығайту мә­селесі бойынша секцияға Есқараев жетекшілік жасады.

(Соңы. Басы №141 санда)