Қазақстан Республикасының 2023 жылғы Әлеуметтік кодексін іске асыру аясында 1,3 миллионнан астам адамға әлеуметтік қолдау күшейтілді. Бұл туралы бүгін, 2024 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ) мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Әлеуметтік кодексін (бұдан әрі – Кодекс) іске асыру шеңберінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) мемлекеттік жәрдемақылар мен ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің кейбір түрлері 14,5%-ға арттырылды. Осылайша, жәрдемақылар мен төлемдер мөлшерінің бұрын жүргізілген 8,5%-ға өсуін ескере отырып, олардың 2023 жылы өсуі 23%-ды құрады. Өсім 1,3 миллион алушыға әсер етті. Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін ұсыну жөніндегі шаралар қосымша күшейтілді.
Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен 14,5%-ға өсті. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша жәрдемақыны 221,8 млрд теңгеге 536 083 адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 62,1 млрд теңгеге 188 138 адам алды.
Сондай-ақ, Кодексті іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін жәрдемақы мөлшері орта есеппен 14,5%-ға ұлғайтылды. Оның мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейін немесе 65 313 теңгені құрады. 2023 жылы барлығы 77,3 млрд теңге сомаға 103 мыңнан астам адамға жәрдемақы берілді.
Бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға мемлекеттік жәрдемақы 14,5%-ға арттырылды. Оны 31,7 млрд теңгеге орта есеппен 42 мың адам алды.
Бұдан басқа, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың мынадай санаттарына арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен 14,5%-ға өсті, атап айтқанда:
- мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейінгі жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар (бұдан әрі – МБА) ;
- Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жеті жасқа дейінгі мүгедек балалар;
- саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдар;
- Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар.
2023 жылы аталған санаттағы орта есеппен 106 мыңнан астам азамат 4,6 млрд теңге сомасына арнайы мемлекеттік жәрдемақы алды.
Кодексті іске асыру шеңберінде «Алтын алқа», «Батыр анна» атағы бар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды. 2023 жылы наградталған анаға берілетін жәрдемақыны 64,2 млрд теңге сомаға орта есеппен 233 мыңнан астам адам алды.
Сонымен қатар еңбекке қабілеттілігінен айырылу (92 мың алушы қамтылды) және асыраушысынан айырылу (61 мың отбасы қамтылды) бойынша МӘСҚ-дан төлемдер 14,5%-ға индекстелді. Аталған төлемдерді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<