Қазақтың дәстүрлі әскери шендері

681

0

Сурет ашық дереккөзден

Ұлы дала төсі үшін күрес ерте заманнан бері тоқтаған емес. Сол себепті де мұнда мекен еткен ежелгі сақтар, одан кейінгі ғұндар, көк бөрілі түріктер басқа емес, соғыс өнерін жетік меңгеруге, әскери жүйені дамытуға, жауынгерлік пен тәртіпті қалыптастыруға ұмтылған. Көне өркениеттер мен мемлекеттердің ұстанған дәстүрлері халқымызға да мұра ретінде қалды.

Нәтижесінде қазақ әскери жүйесі мен лауазымдары қалыптасты. Ежелден бекіп, тамыр жайған жауынгерлік рух қазіргі жеткіншектерге қан арқылы берілсе, лауазымдардың атаулары заманға сай өзгеріске ұшырады. Осы ретте, жас ұрпақ өткенін біліп, болашаққа нақты қадам жасасын деген оймен, назарларыңызға бабаларымыз әскерде қандай тәртіп ұстанғанын, қай лауазымдағы адамның мойнына қандай іс жүктелгенін көрсететін тізімді ұсынбақпыз.

Аламан – ру аралық қақтығыстарды шешуге шебер, өзі шешен әрі мықты адамдарға берілген атақ. Қазақ тілінде аламан сөзінің бұқара, қауым, көпшілік, жалпы халық, бүкіл деген ел мағынасы да сақталған. Сонымен қатар, ертеректе хан тұқымына жатпайтын қара халықты да аламан деп атаған. Аламан басы – бір топ аламанды басқаратын адам. Жауынгер – басшыларының бұйрығын екі етпей орындауға міндеттелген қатардағы әскери адам.

 Сарбаз – арнайы дайындықтан өткен жауынгер. Сарбаздар төтенше сәттерде өз бетінше іс-әрекет жасауға құқылы. Десе де, көп жағдайда басшыға бағынуға міндетті.

 Шабарман – әскери адам болмаса да, қару ұстауға құқы бар, хат жеткізіп, ханның арнайы бұйрықтарын орындаумен айналысатын адам.

 Алғыншы – соғыс жағдайында алдыңғы жау бетін шолушы.

 Жасауыл – әскери басшының бұйрығын орындаушы шабарман, әскерге азық-түлік, қару-жарақ тасумен айналысып, бекіністердің қақпасын күзететін топты басқаратын адам. Кейде жасауылдарды «ертөле» деп те жатады. Халық ішінде: «Жаманды жасауыл қойса, жалғыз ұлының көзін шығарады» деген сөз қалған.

Батыр – асқан ерлігімен көзге түсіп, ел алдында абыройы асқақтаған жауынгерлерге берілген атақ. Көбіне «батыр» сөзі адамның есіміне қосақталып айтылатын болған.

Баһадүр – қас батырларға берілген атақ. Әдетте бұл атақты төре тұқымынан шыққан ақсүйектер немесе шайқас кезінде ханды өлімнен аман алып қалған батырлар иемденген. Кейде халықты жаудан құтқарған жандар да ел арасында «баһадүр» атанған.

 Сардар – әскери іс-қимылдарды жетік меңгерген, тұтас жасақты басқара алатын батыр. Әдетте сардарлар жаужүрек әрі елге дана, ерге пана болған.

 Қолбасшы – кез-келген қолды бастай алатын батыр. Қолбасшылар қашан да хандардың сенімінде болған. Сол себепті хан тапсырамасымен мемлекеттік маңызы бар құпия істерді де жүзеге асырған.

Онбасы – орта ғасырларда қалыптасқан әскери шен. Ол он адамнан тұратын топты басқарады. Әдетте осы он адамға барлау, тыңшылық жұмыстары және арнайы тапсырмалар жүктелген. Онбасы жүзбасыға бағынады.

Жүзбасы – қарамағында жүз жауынгері бар адам. Бір жүзбасшыға он онбасшы бағынған.

Мыңбасы – мың сарбаздан тұратын қолды басқарушы, кейде мыңбегі деп те аталады. Мыңбасына түрікше – бек, моңғолша – ноян, арабша – әмір деген лауазым беріліп, әскери билікпен бірге уәлаяттар мен ұлыстарға әкімшілік билікке тағайындалған.

 Түменбасы – он мың әскерден құралған қолды басқаратын адам. Бұл көшпелі түрік және моңғол ұлыстарында болған лауазым. Бір түмен өз ішінде мыңдық пен жүздікке бөлінеді.

Бас қолбасшы – соғыс кезінде де, бейбітшілік уақытында да мемлекеттің қарулы күштерін басқаратын тұлға. Өздігінен шешім қабылдап, әскери іс-қимылдар қалай жүретінін айқындайтын адам. Әдетте, Қазақ хандығы кезінде бұл лауазым ханға берілген.

Сәкен Алдашбаев

Қызылорда облысы Дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<