Қазақтың кең құшағын саялаған

616

0

Көктемнің алғашқы күні  1 наурыз – Алғыс айту күні. Бұл мереке елімізде 2016 жылдан бастап аталып өтеді. Мерекенің мән-мағынасы тым тереңде жатыр. Дәлірек айтсақ, сонау зұлматты жылдары өз Отанынан ауа көшіп, Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі ұлт пен ұлыстар қазақтай қайырымды халықтың құшағынан сая тапқан болатын. Бүгінде олардан тараған ұрпақтар да еліміздегі бейбітшілік пен келісім аясында тату-тәтті күн кешіп келеді. Сондықтан олар қиын күнде бір үзім нанды бөліп беріп, жан жылуымен  жұбата білген қазақ халқына жүректері толқып тұрып алғыс білдіреді.

Мереке күні облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Достық үйінде» «Алғыс айту – азаматтық парыз» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова жыл басында елімізде орын алған оқиғаға тоқталып, көктем шуағы еліміз үшін бейбітшілік пен келісімнің, ізгілік пен сыйластықтың үлгісі болсын деген тілегін білдірді. Алғыс айту мерекесінің түп-төркініне бойлап, ел тарихындағы алмағайып кезеңде сан түрлі ұлтқа сая болған халқымыздың дархан пейілі мен дара болмысын айрықша атап өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев баяндама жасап, тарихи мәні тереңде жатқан мерекенің қоғамдық-саяси тұрғыдағы ықпалы да ерекше екенін атап өтті. Бүгінгідей елең-алаң шақта өзара татулық пен ынтымақтастық еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың арқауы болатындығына сенім артты.

Облыстық неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шек өз баяндамасында Алғыс айту күні – этнос өкілдерінің асыға күтетін мейрамдарының бірі екенін айтады.

– Кең байтақ қазақ еліндегі бейбіт өмірдің баянды болуына елде тұрып жатқан барша халық мүдделі, – дейді ол.

Ал Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылының тұрғыны, зейнеткер Жұмакүл Тілеубаева денсаулығы сыр берген тұста жүрегіне ота жасап, аман алып қалған аймақ дәрігерлеріне, медицина қызметкерлеріне аналық алғысын айтты.

Осыдан бес жыл бұрын құрылған «Волонтеры Кызылорды» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Чебакова еріктілер қозғалысының бүгінде үлкен күшке айналып отырғанын айтса, «Мансап» мектебінің директоры София Абдуразакова қолдау көрсеткен меценаттарға алғысын білдірді.

Аймақ тұрғыны Лямига Хамзина – 30 жылдық тәжірибесі бар донор. Жиында сөз алған ол қаншама адамның өміріне араша түсіп, халық алғысына бөленіп жүрген азаматтар туралы жүрек толқытар естеліктерін ортаға салды.

Облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі басшысының орынбасары Лайла Пашаева шешен халқының атынан алғысын білдірді.

– Биыл шешендердің өз Отанынан жер аударылғанына 78 жыл толып отыр. Ұлтымыздың жүрегіне өшпес жара салған, кіндік қаны тамған жерінен жас пен жасамысты, ана мен баланы еш аяусыз жер аудартқан ызғарлы күн ешқашан естен кетпейді. Менің әжем, ата-анам осы қиындықтарды басынан кешкен. Соғыс басталған тұста атам майданға аттанып, содан хабарсыз кеткен. Ал әжеміз 8 баласымен ас-сусыз, қыстың қақаған суық күнінде беймәлім мекенге айдалып кете барады. Жол бойы қаншама қарт кісі, сәбилер көз жұмған. Оның ішінде әкемнің бес бауыры да бар. Көп ұзамай әжеміз көз жұмды. Ал әкемізді 2 бауырымен балалар үйіне өткізіпті. Не қазақ, не орыс тілін білмейтін шешен жұрты үшін алғашқыда жергілікті халықпен тілдесу оңай болмайды. Дегенмен уақыт өте келе қазақ халқының қайырымдылығының арқасында тіршілік ағымына ілесіп кеткен бауырластарымыз бүгінге дейін кең байтақ қазақ жерінде тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.

Осы күні шешен халқында «Егер жолыңда қазақты кездестірсең, бауырым деп таны» деген сөз бар. Шындығында, қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының ыстық ықыласы мен риясыз қамқорлығын біз ешқашан ұмытпаймыз, – деді Лайла Пашаева.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Журналистика» мамандығының 3-курс студенті, Президенттік стипендия иегері Азамат Абимолда кешегі қаңтар оқиғасы кезінде журналистер түрлі жарақат алып, бір адам қаза болғанын, сондықтан қандай жағдайда өз міндетін адал атқарып жүрген қалам иелерінің еңбегі құрметке лайық екенін айтты.

Жиында ардагерлер Қазыбай Құдайбергенов, Күләй Сағындықова өскелең ұрпаққа өнегелі ой-пікірлерін  айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<