Қоғам салмақты ойлауды ұмытпауы керек

895

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің одан әрі дамуының басты факторы ретінде ұлттың ұйысуы жайлы тағы да айрықша тоқталды.   Оның ішінде жаһандық байланыста өзіндік әлемге айналған   «әлемжелі» ғаламтор арқылы тарап жатқан бей-берекет  ақпараттар тасқынының қауіптілігін есімізге салды. Осы тұрғыдан келгенде   қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтау баршамыздың міндетіміз әрі парызымыз екені тағы бір нақтылана түсті.

Біз жаһанданудың қазанында қайнап жатқандықтан онымен күресуге  дәрменіміз жоқ.  Ендігі бізге қалғаны – заман талабына сай оған бейімделу  ғана. Ғалам мәліметтер ағынынан тұрады және әрбір құбылыстың немесе болмыстың құндылығы оның мәлімет қорытуға қосатын үлесіне қарай анықталады. Осы уақытқа дейін мәліметтерді интеллектуалдыққа жетудегі алғашқы қадам деп есептеп,   мәліметті – ақпаратқа, ақпаратты – білімге, ал білімді даналыққа айналдыратынына сеніп келеміз. Ал қазір   мәліметтердің шектен тыс болуы себепті, оны игеруге шамамыз жете бермеуде. Сондықтан оны ақпаратқа айналдырып үлгірмеудеміз. Қарапайым адамдар үшін ақпараттар жүйесі дегеніміз – айтылған сөз, жазылған мәтін, біреудің пікірі, ойы, пайымы т.б. ғана. Ал мамандар ақпарат жүйесін қоғамдық қатынастар туралы мәлімет жинап, шешім қабылдау мүмкіндіктері деп біледі.

Қазақстанның конституциясында  сөз бостандығына кепілдік берілген.  Дегенмен, сөз бостандығы ұғымын дұрыс түсініп, дұрыс пайдалана  білуіміз  керек. Халық пен билік арасында сенім артуы үшін көп ақпарат еркін айналымда болғаны дұрыс. Сондықтан тым орталықтандырылған билік ақпараттар ағынын да орталықтандыруға күш салады, яғни, барлық мәліметті қорыту бір жерге жинақталады. Бәсекелестік болмайды. Ал барлық шешімді бір ғана орталық қабылдауы көп қиындық туындатады. Ондай социализм кезінде болды. Бүкіл шешімді Москва қабылдады. Өндірушілер мен тұтынушылар өзара тікелей қатынаста болған жоқ, олар өкіметтің бұйрығына бағынды. Ал бұл нарықтағы қатынастарды тежеудің басты себебі.

Демократиялық режимде ақпараттардың бөліністе болуы, ал демократиялық емес режимде керісінше орталықтандырылған әдістерін қолданады. Ашық қоғам болғандықтан жаңалық ақпараттарын кеңінен тарата аламыз. Ал оның мазмұнын, мәнін бажайлап талдап бере алмаудамыз.

XXI ғасырда ақпараттарды сараптау шарттарының өзгеруі демократияның әлсіреуіне әкеліп соғуы ықтимал, яғни ақпарат  дүниесін қолдана алмауына орай, саяси партия, парламентті сайлау сияқты бұрыннан келе жатқан институттар айналымнан  шеттетіле  беруін жоққа шығара алмаймыз.

Өйткені бұл саяси институттар технологиядан гөрі саясат алдыңғы қатарда тұрғанда пайда болған. Саясаткер мен сайлаушылар өткен ғасырларда өнеркәсіп дамуының алдында болып бағыттап отырды.

Ал қазір технология революция жасап, саяси прогресстерден әлдеқайда алға шықты. Осыдан біршама жыл бұрын интернеттің күшейгендігін көпшілік сезінген жоқ. Бүгінде интернет адамның жеке өмірінен бастап мемлекеттің егемендігіне дейінгі ұстанымдарға  әсер ете алатын еркін, заңмен реттеуге келе бермейтін ортаға айналып барады. Сондықтан демократиялық саясат қоғамның дамуын реттеуден қашықтады. Сайлаушыларда бұрынғы демократиялық тетіктер өздеріне толық өкілеттік бермейтініне біртіндеп көздері жетіп келеді.  Бұрын баспа машиналар мен бу двигательдер арқылы жоспар жасасақ, бүгін биотехнологиялар мен супер компьютерлер шешім  қабылдауымызға  араласуда.

Технология қарқынын өзгерту үшін ештеңе істей алмайтынымызды  мамандар қазірден айтып жүр. Жеке өмірімізге қолсұғушылықтан сақтау тым қиынға түседі. Яғни, біздің онлайн-әрекеттеріміз өзіміздің құпиялығымызға жиі қауіп төндіреді. Кейбір зерттеушілердің айтуынша,   жаңа технологиялар адамның мінез-құлқын және әлеуметтік құрылымдарды қалыптастыруда үлкен күшке ие.    Әрқайсымыз қолымыздағы техникаға қалай әсер етеміз, ал ол бізге қалай әсер ете алатынын білуге тиіс дәуірде өмір кешудеміз. Интернетті біреулер күнкөріс құралына айналдырса, енді біреулер өздерін танытуға, мойындатуға, т.б, үшін пайдаланады. Таныту мен мойындату өзінің біліктілігі мен білімділігі арқылы жүріп, қоғамға өз пайдасын тигізсе жақсы. Кейбір азаматтардың жазғанынан оның ішкі дүниесінің деңгейін анық байқаймыз. Смартфон, гаджеттер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған уақытта «ашықтық», «еркін ой айтудың» жөні осы екен деп әрбір сөздің сұрауы бар екенін ұмытып кетіп жатамыз. Нәтижесінде «жел сөзді шын сөзге» айналдырамын деп біреудің құқықтық мәртебесіне қол сұғамыз. Бұл үшін  дамыған демократиялық елдерде жауапкершілік өте ауыр.

Елімізде әрбір азамат өз пікірін, көзқарасын,  ұсынысын  білдіруге  құқылы. Қазақ халқы кеңестік билік кезінде тілі байланып, қол-аяғы тұсалып, еркін ой білдіре алмау кезеңін басынан өткерді. Енді, сөз бостандығын  пайдалана  білу, еркін сөйлеу  процестерінен  тәжірибе жинақтаудамыз. Сөзді ауыздықтауға күннен-күнге дамып келе жатқан ақпарат  тарату технологиясы жол бермейді. Компьютер ғылымында аз ғана өзгерістің өзі қоғамға зор әсер етуде.  Жеке адамдардың ақпарат айдынында көзқарас білдіруі тым шарықтап барады. Қазіргі жеке  адамдардың әлеуметтік желіге мәліметті қорытып, қоғамға қажетті ақпарат ретінде емес, «шикізат» ретінде ұсынуы өзара тартысты тудыруда. Осыны  реттеудің  бір жолы ретінде ресми  және бейресми мәлімет дегенді қолданып жүрміз.

Әлеуметтік желілер – интернеттегі ең тартымды орталардың бірі. Әлеуметтік желі де өзара байланыс құралы ретінде басталса, қазір олар өз ісінің нәтижесінен хабар беріп мәлімет алмастыру, көзқарасын білдіру, т.б үшін кейбір азаматтардың кеңсесіне айналды. Сана-сезім деңгейі әр ортада әртүрлі. Әрине, ой-пікірді айтуды тежеу, ойлауды да тежейтін сияқты. Ойлау қабілетін тежеу адамның рухани дамуына кесірін тигізеді. Іштегі жиналған ойды шығарып тұрмаса, ол да көңірсіп бұзылуы ықтимал. Жаңа ойға, идеяға орын керек.    Бізге керегі сөз таластыру емес, ойға – ой, идеяға идея  қосу болуы керек. Итпен ит таласады, ал адамдар ой жарыстырады. Қазір бір-бірімізді қаралайтын емес, бір-бірімізді алға ұмтылуға ынталандыратын уақыт. 

Ата Заңымызда: «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс» деп көрсетілген. Бұл бап әрбір адамнан өзінің құқығымен бірге екінші бір жақтың алдындағы  жауаптылықты да талап етеді. Ашықтықты пайдаланып «ащы шындықты» айтамын деп,  жалпыға бірдей ортақ мәдениетті, жеке бас әдебі, этиканы, ар-ұятты ұмытуға әсте болмайды. Шындықты мен ғана айтамын деп біреулердің көзқарасына, қызметіне, лауазымына байланысты жеке басына, отбасына,  намысына, ар-ожданына тиісуге, нақтыланбаған мәліметті таратуға  жол берілмейді.  Ол үшін заң алдында жауаптылық туындайды.

Әлеуметтік желі адамның бойында демонстративті мінез-құлықтың пайда болуына әкелуде. Желі арқылы үлкен мен жас, еркек пен әйел айтысып, жастардың кейбір өкілдері үлкендердің жағасынан алып жатады. Дәстүр бойынша еркектің алдын кесіп өтпейтін әйелдердің кейбірі бүгін басшы демей, үлкен демей, ер кісі демей беттен алуға дайын тұрады. Қазақта ондайларды «көргенсіз» дейтін. Өте ауыр сөз. Бүкіл әулеттің сүйегіне таңба түсіретін сөз.  Қоғамда күнделікті кездесетін әртүрлі жағдайларға мамандығы келмейтін, білімі  өтпейтін, тәжірибесі  жетпейтін кейбір бауырларымыз көпірме сөзбен араласа береді, сұрақтар қояды. Ал оған берілген жауап қызықтырмайды. Оларға тек өзін көрсету ғана керек болады және өзінің кәсіби маман алдында кім болып көрінгенін де ойлай бермейді. 

Біз бүгін «коронавирус» індетімен күресті алдыңғы қатарға шығардық. Бұның уақыты өтер. Ал әлеуметтік желіге тәуелділік те көп тараған эпидемияның біріне айналып үлгерді. Бұл әлі   күшеймесе, бәсеңдемейді. Өйткені әлеуметтік желілерді жасаушы алпауыттар оны үнемі дамытып, жаңғыртып отырады. Соның «қызығымен» тәуелділікке ұшыраған адам депрессияға ұшырауы лезде-ақ.

Сондықтан, біз алдымен өз «нәпсімізді» тыйып, ақпарат көздерін пайдалануды саналы түрде шектей білуіміз керек. Бұрын жаман әдеті жоқ деп спирттік ішімдікті ішу, темекі шегу сияқты әдеттен ада адамдарды айтатын. Енді әлеуметтік желіге байланып, өз уақытын текке өткізетін адам емес пе деп қарайтын болармыз. Себебі, ондай адамдар виртуальды өмірдің қиялында жүріп, шынайы өмірдің заңдылықтарын түсінбей, жұмысқа кедергі келтіруі ықтимал немесе отбасының берекесін  кетіруі мүмкін.

Әлеуметтік желідегі ақпараттың шынайылығын анықтап жатпай пікір жазып байбалам салу, басшыларға үндеу жасау  арқылы қоғамды бұзушылық, өсек-аяң мен жала жабу сияқты күнәларға кездесеміз. Қасиетті Құранның «Хұжурат» сүресінің 6-аятында: «Егер пасық адам хабар алып келсе, оны анықтап алыңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» делінген.

Қазақ аталарымызда «Біреуге жала жаппа, наласына қаласың. Ол өзіңнің алдыңнан немесе ұрпағыңның алдынан шығады» деп үнемі ескертіп отырған.

Менің ғылыми жұмысым репрессия, қудалау тақырыбына қатысты. Сол кездегі «сөз тасушылардың» қызғаныш, күншілдігі мен жала жабуы арқылы көптеген зиялыларымыздың жазаланғанымен таныспын. Ол кезде қазақтың білімділерін, іскерлерін, халықты соңына ерте алатын тобын құрту керек болды. Соған өзімізді  пайдаланды.

Ал қазіргі «ойбай анау ананы бүлдірді, мынаны құртты, анау қылмыскер, мынау нашар, т.б» деп байбаламшылдық, арандатушылық, т.б іс-әрекет жасап жүрген бауырларымыз туралы не ойлауға болады? Кеңес кезінде де, тәуелсіздік кезінде де қаншама «арызқойларды» білетін едік. Арыз арқылы қорқытып-үркітіп соғым жегенді де, баласын оқытып, жұмысқа тұрғызғанды да, кішігірім атақты иеленгендерді де кездестіріп келеміз. Алайда, солардың ұрпақтарының қоғам алдында «жарқырап» жүргенін өте сирек байқаймыз. Менде көптеген посттардың мәтіндері жиналды. Тек қана негативті көретін адамдардың отбасындағы тәрбиенің нәтижесі ойландырады.

Он екінші ғасырдағы шығыс данышпандарының бірі имам Ғазали: «Біреулер бар біледі және олар білетіндерін өздері де біледі. Бұлар – ғалымдар, ізінен еріңдер. Екінші біреулер бар көп нәрсе біледі. Бірақ та білетіндерін өздері білмейді. Олар ұйықтап жүргендер. Оятыңдар ондайларды. Үшіншілер білмейді көп нәрсені, бірақ білмейтіндерін біледі. Олар – адасып жүргендер.  Ондайларға жол көрсетіп жіберіңдер.  Төртіншілері ештеңе жарытып білмейді.  Өкініштісі,  білмейтіндерін  өздері білмейді. Бұлар залымдар. Ондайлардан қашыңдар» депті. Ендеше, әр нәрсені орнымен айтқанымыз және ортақ мәселеден жеке амбициямыз жоғары болмағаны жөн.

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының бөлім басшысы Думан Сайфулланың пікірінше, «Сөйлесу, пікір бөлісу, орта деңгейімен санасу тәрізді қарапайым әдептер сақталмағаны салдарынан, өздеріне қатысы жоқ мәселелер үшін де айтысып-тартысу, өсек пен ғайбат айту, нала мен жала жабу қыза түсіп, аяғы үлкен дауға ұласып жатады. Нәтижесінде, тозған жүйке, жойылған сауаптан басқа тапқан ешбір пайда жоқ». Ой салар пікір. Ойланайық, ағайын! Дүниедегі ең қадірлі құндылықтарымыздың бірі – әдептен озбау екенін естен шығармайық. Қайткенде де бір-бірімізді толықтырып, қабырғалы халық, іргелі ел болуға ұмтылайық.

Наурызбай Байқадамов,

облыстық мәслихат хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<