Қоғам жанашырлығының көрінісі

2395

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау басты міндеттің бірі екенін айтып, осы орайда 1 қыркүйектен бастап асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысын 14,5% өсіруді ұсынды.  

«Асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлініп келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Енді міне, асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысын көбейту көзделуде. Облыста 1 наурыздағы мәлімет бойынша республикалық бюджеттен аталған жәрдемақы алушылар саны – 9898. Оның ішінде бір мезгілде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алушылар саны – 2699.

 Президент сондай-ақ, әлеуметтік қолдаудың алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуі қажеттігін де атап өтті. Оған қоса ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейту тапсырылды.

«Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді. Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді. Осы орайда, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысының бұл ұсыныстары көмекке мұқтаж талай жанға үлкен үміт сыйлағаны анық.

Төреахмет Жолымбетов,

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті

облыстық департаменті басшысының

әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<