Қоғамдық этика қалай қалыптасады?

522

0

Сурет ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін үнемі айтып келеді. Алайда азаматтарға қандай да бір құндылықты күшпен таңу қиын, тіпті, мүмкін емесіне Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында арнайы тоқталған болатын. Президенттің сөзінше, қоғамдық этикаға келгенде заңдарды өзгерту жеткіліксіз.

«Жасампаздық рухының қоғамда терең орнығуы, ескірген қасаң қағидалар мен ел ішіне іріткі салатын жағымсыз әрекеттердің келмеске кетуі өте маңызды. Зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдырды. Мұны доғару керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беруге болмайды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өмірімізге кейінгі онжылдықтар шамасында енген осы бір сөз әу баста таңсық еді. Грек тілінен аударғанда  ethos – дағды, әдет-ғұрып деген мағынаны білдіретін этика сөзінің қазір еш бөтендігі жоқ.   Жалпы түрлі ұғымда, түрлі тарапта қарастыра беруге болады. Ол қарапайым тілмен айтқанда – өмір қағидасы. Дегенмен күнделікті тіршілікте бұл ұғымды ұмыт қалдырып жүрген жоқпыз ба?

Қазір қандай да бір мәселені әлеуметтік желіде талқылауды әдетке айналдырдық. Желі деп қарағанмен, бұл да – қоғамдық орын. Онда да жеке бастың ар-намысына тиетін сөз айтуға, біреуді балағаттауға тыйым салынған. Көпшілік интернетті заңмен қарастырылмайтын еркін аймақ деп ойлайды. Алайда олай емес. Елімізде желіде біреуге тіл тигізгеніңіз үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

Байқасаңыз, желіде ойланбай сөйлеп, от басқандардың қатары көбеюде. Олардың арасында өзге біреуді қаралап, былапыт сөздер жазып, жазықсыз күйе жағып жататындар да жоқ емес. Олар заң алдында жауап беретіндерінен хабарсыз. Халқымыз мұндайда «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деп дөп басып айтқан. Мәселен, Қылмыстық кодекс бойынша 130-бап – жала жабу, яғни, басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату. Бұл жерде әдепсіз әрі балағат сөздерді адамның жеке басына ауызша айтылуын немесе хат жазуын айтып отырмыз. Егер осы бап бойынша шағым түссе, алдымен арнайы лингвистикалық топ анықтап, зерттейді. Адамды балағаттап, қорлағаны үшін  айыппұл салынады немесе  120 сағаттық қоғамдық жұмыспен өтеуі тиіс. Ал егер әлеуметтік желіде не болмаса ортақ чатта белгілі  бір адамды балағаттап, көңіліне тиетін сөз жазылса, 131- баптың екінші бөлігіне сәйкес айыппұл салынады. Оны төлей алмаса, 180 сағат қоғамдық түзету жұмыстарымен өтейді. Негізі адамның жеке және отбасылық құпияларын заңсыз жария ету 147-бап бойынша қарастырылады. Өзінің лауазымын пайдалана отырып, жеке адам немесе оның отбасы жайында мәліметтер жинап, отбасының құпиясын бұзғаны үшін 5 жыл түрме жазасына кесіледі. Мұндай қылмыс жасаған азаматтар сол лауазымды 2-5 жыл уақытқа дейін атқара алмайды. Ал құпияны жинап қана қоймай, оны әлеуметтік желі арқылы жария еткені үшін 7 жылға сотталуы әбден мүмкін.

Мәселен, бір жылдары Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде ұлтаралық шиеленіс тудырды деген күдікпен 3 жылға сотталған. Еліміздің тағы бір тұрғыны «Қазақстанды Ресейге қайта қосу керек» деген жазбасы үшін 5,5 жылға сотталған болатын. Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыруға,  азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер жасаған адам 2 жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Жуырда ғана 21 жастағы азаматша Tiktok желісінде қазақ тіліне деген жеккөрушілігін көрсеткен. Ол қазақ тілін ұнатпайтынын және «ол мәмбеттер тілі екенін, мәмбеттердің кесірінен Абай көшесінде кептеліс болатынын» айтқан. Қыздың сөзінше, Алматыда ешкім қазақша сөйлемейді.

Оның айтқаны желіге тарап, полиция департаменті іс қозғап, сөздері сараптамаға жіберілді. «Мен қазақ тілін ұнатпаймын, шынымды айтсам, бұл – мәмбеттер тілі» деген сөз тіркестерінде қазақ ұлтын тілдік негізде кемсітетін баға бар және бұл қоғамдық мораль нормаларын бұзады. Мұндай мәлімдемелер қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты қорлау болып саналады. Осында ұлттық араздықты немесе алауыздықты қоздыру белгілері бар» делінген сараптама қорытындысында.

Азаматша желі қолданушысы оны осыған жеткізгенін және ашуына тигенін айтып ақталды. Енді ол қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша сотталып, екі жыл жазасын өтейді.

Жалпы, заң жүзінде қаншама тыйым салып, айыппұлды көбейтіп жатса да сана өзгермей, қоғам өзгермейтініне күнделікті өмірдегі осындай мысалдар дәлел болады.

Сонымен қоғамдық этиканы қалыптастыруда не істеуіміз керек? Ақыл айтудан аулақпыз. Алайда бір нәрсені естен шығармасақ игі. Ол – біздің ата-бабамыздың жүрген жолы. Этика сөзі өмірімізге кейінгі кезде жаңа форматта енгенімен, ол біздің ұлттық құндылықтарымызда айрықша көрінеді. Қай кезде де, қай заманда да адалдық, бауырмалдық, жанашырлық, азаматтық, қарапайымдылық, ар-ұят тәрізді қасиеттер жоғары бағаланады емес пе? Әсіресе, қазақ ар-ұжданға қатысты бір ауыз сөзбен түйіндеген. Сөздің төркінін түсінетін жанға бұл нағыз тәрбие құралы, мәдениетті адамға айналудың бағдаршамы десек қателеспейміз.

Айталық,  «Біреудің ала жібін аттама», «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Өлімнен ұят күшті», «Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер» деп ұятты бірінші орынға қояды. Ұят туралы ұлыларымыз да айтып кеткен. Хакім Абай атамыз отыз алтыншы қара сөзінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Адамшылықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы – ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар» деген екен. Олай болса, мәдениетті қоғам әрбір адамнан басталып, ол ұлттық құндылықтар арқылы іс-әрекеттерімізден көрініс табуы тиіс.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<