Сыр елінің экономикасы мен халқының әлеуметтік ахуалын жақсарту жолында жан-тәнімен адал қызмет етіп, облыстың ардақты басшысы атанған Еркін Нұржанұлы
Әуелбеков 2020 жылы 22 маусымда 90 жасқа толды.
Е.Әуелбеков Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы академияны бітірген соң алғашқы еңбек қадамын Солтүстік Қазақстан облысында агроном болудан бастап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Социалистік Еңбек Ері атанды. 1965-1967 жылдары Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Астық өнімдері және құрама-жем өнеркәсібі министрі болған Еркін Әуелбеков 1968-1989 жылдары Көкшетау, Торғай және Қызылорда облыстарын басқарды. Жиырма жылдан аса атқарған қызметінде ол басқарған өңірлерде ғасыр жүгін арқалайтындай стратегиялық маңызы зор өміршең бағдарламалар жүзеге асырылды.
Е.Әуелбековтің басқа өңірлердегі еңбегін айтпағанда, оның Қызылорда облысын III категориядан II категорияға көтеруі, шөл және шөлейт аймақтағыларға тиісті 15 проценттік коэффициентке қол жеткізуі, Арал теңізінің тартылуынан біздің және бізбен шектес облыстардың экологиялық апат аймағына айналғанына Одақ басшыларының көзін жеткізіп, сол өңірлер халқына көптеген жеңілдіктер алып беруі, Жезқазған облысындағы «Құмкөл» мұнай кенішін жалға алып беріп, облыс экономикасын арттыруы облыс халқының есінде. Оның кезінде облыста өнеркәсіп пен құрылыс бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды. Бас шаһарымызда жаңа аэропорт пен Драма театрының құрылыстары жедел аяқталып, «Рисмаш», «Шалқия» және басқа өнеркәсіп ошақтарының қуаты артып, жаңа тұрғын аудандар пайда болды. Айта берсе Ерекеңнің ұлағатты істері – ұшан-теңіз.
Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің 90 жылдығына орай Қызылордада республикалық ғылыми-практикалық конференция, басқа да мәдени-көпшілік шаралар өткізу жоспарланғанымен, коронавирустық пандемия бұл жобаға елеулі өзгерістер енгізді. Облыстың қала-аудандарында әртүрлі шаралар өткізумен шектелдік.
Ақмолалық зиялы қауым мен әріптестерінің, шәкірттерінің өтініші бойынша республика Үкіметі ұлы тұлғаға Көкшетау қаласындағы Е.Әуелбеков пен С.Сәдуақасов көшелерінің қиылысына тұтас денесін сомдайтын ескерткіш орнату жөнінде шешім шығарды. Осыған орай, ескерткіштің үздік жобасына конкурс өткізілді. Жақын арада жеңімпазды Мәдениет және спорт министрлігі анықтайды.
Ескерткіш жеке азаматтардың, дееушілердің қаражатына салынатын болғандықтан, көптен армандаған ізгілікті істің сәтті шешім табуы өзіміздің жоғары саналық танытып, дер кезінде қолдау жасауымызға байланысты. Сол себепті меншіктің қай түріне қарамастан еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындардың «Еркін Әуелбеков қоры» қоғамдық қорына атсалысу арқылы өңір халқының ықыласын танытар ұлағатты іс болар еді деп ойлаймыз.
Сәдуақас АҢСАТ,
«Еркін Әуелбеков қоры» ҚҚ облыстық филиал төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<