Облыстық дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Отбасы күніне орай «Отбасы – қоғамның алтын діңгегі» атты ерекше форматтағы интеллектуалды сайыс ұйымдастырды.
Отбасы мүшелері арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтып, балалардың логикалық және шығармашылық ойлау қабілеттерін арттыру, отбасылық құндылықтарды ілгерілету мақсатында өткізілген шараға ұстаздар мен дін өкілдерінен құралған 5 отбасы қатысып, өзара бақ сынасты.
Сайыс барысында қатысушыларға 6 айналымда тапсырмалар берілді. «Ұшқыр ой» деп аталатын бірінші айналымда құлаққап киген анасына баласы экрандағы көрсетілген сөзді ымдау арқылы түсіндіруі тиіс болса, «Айшықты сөздер» атты екінші айналымда қатысушылар берілген сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіруі талап етілді.
Мақал-мәтелді жалғастыру, экрандағы суреттерге қарап, тыйым сөздерді тауып, ұяшықтарды таңдау арқылы салт-дәстүрлерге байланысты сұрақтарға, әр топтың капитандары логикалық сұрақтарға жылдам жауап беріп, жарыс өте тартысты өтті.
Қатысушылар тапқырлық, ұйымшылдық пен белсенділіктің ерекше үлгісін көрсетті.
Шара қорытындысы бойынша «Ақ босаға» және «Жалын» топтары лайықты 3-орынды иеленді. Екінші орын «Жұлдыз» тобына бұйырды. Қатысушылар арасында өздерінің белсенділіктерін көрсетіп, ерекше көзге түскен «Сұңқар» тобына 1 орын табыс етілді. Ал көпшілік көзайымына ие болған, әр айналымда басқалардан оқ бойы оза шапқан «Алау» тобы бас жүлде иегері атанды.
Барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Шара барысында кітапхана қорындағы отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін әдебиеттерден дайындалған «Отбасы – өмірдің алтын діңгегі» атты кітап көрмесі таныстырылды.





