«Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның» деп, қазақ бекерден-бекер айтпаған. Мұны өмір жолымнан біліп-көрдім. Көршілер туралы жазу көптен бері ойымда жүрген. Әңгімемді оқыған бауырларым пайдасы болса керегін тоқып алар, болмаса көршісі туралы біраз оқиғаларды есіне түсірері анық. Өйткені көршісіз үй болмайтыны белгілі. Қазақта «Көрші хақысы – Тәңір ақысы» дейді. Бала кезімізден ата-әжеміздің тәрбиесінде болып, көршілермен қалай қатысудың жөн-жобасын көргендіктен, қоныс жаңартқан сайын көршілермен тату-тәтті өмір сүруге тырысып келеміз. Сол көршілер туралы ойға түскен бір-екі әңгіме.
1981 жылдың жазында үйленгенімізге он күн болмай жатып келіншегім Гүлбахарам екеумізді жолдамамен қазіргі Нағи Ілиясов ауылына жас маман есебінде қызметке жіберді. Мен – гидротехник, ол – аптека фармацевті. Әскерден келгеніме екі-үш ай ғана болған. Ол кезде жас маманға үкімет бірден үй беретін еді. Алғашқы көршім қырықтарға тақап қалған Дәурен деген шофер кісі болып шықты. Біз көшіп барғанда ол кісі целинаға яғни, солтүстік өңірлердегі егін жинау науқанына іссапарға кетіпті. Отанасы Бақыт апа үй тіршілігіндегі көпбалалы ана екен. Бір күні жұмыстан келсем кірпіштен соққан біздің үйдің сарайының бір бұрышы құлап жатыр. Бұған не болған деп ашу шақырып ойланғанша, жап-жаңа «ЗиЛ» жүк көлігімен келген көршім «Інім ренжіме, жаңа машинаның буымен байқамай тиіп кетті» деп, мені қапсыра құшақтап алды. Осылай танысқан Дәукеңмен он бір жылдай көңіл суыспай, қатар қонған екі көрші туыстай болдық. Ағаның абыр-сабыр, көп нәрсені елей бермейтін аңғал қазақи мінезіне бойымыз тез үйренді.
«Ауылда тұрып, мал асырамасаң болмайды» деп, саудаласып жүріп «Шіркейлі» каналының басындағы малшы ауылдан арзанға бір бұзаулы сиыр алып берді. Сол сиырдың тұқымы жақсы болып, беріге дейін пайдаландық. Бірде сиыр туайын деп тұрғанда жоғалып кетті. Содан үмітімді үзіп жүргенде, көршіміз Советтің малға зерек Мушка деген баласы «аға, сіздің сиырды ойнап жүргенде пәленшенің қорасында бұзаулап тұрғанын көрдім» деп келді. Ана кісінің қорасындағы тұрған сиырымды сыртынан танып қуанып кеттім. Сұрап барсам, «өзімдікі» деп, қайта мені кінәлап, айқайлап үйінен қуып шықты.
Осы оқиғаны естіген Дәукең дереу мені машинасына мінгізіп алып, ауылдың арғы шетіндегі үйге тура тартты. Ай-шайға қарамай сиырды таныған көкем айқайға басты. «Ауылға қаршадай бала көшіп келе қойып еді, енді бұның жалғыз сиырына көздерің түсті ме?» дегенде ана кісілердің ауыздарына құм құйылды. Бұйырған малды екеулеп үйге айдап қайттық. Құранда «Көршің үшін намазыңды бұз» деген сөз осы Дәурен ағаның тірлігіне арналғандай.
Бірде ауламыз солдатқа толып кетті. Сөйтсем трассада, ауылдың тұсында әскерилер мінген бір машина бұзылып жатыр екен. «ЗиЛмен» келе жатқан Дәурен аға «менің де балам осылардай әскерде жүр ғой» деп, бір рота солдатты командирлерімен қоса машинасына тиеп үйіне әкеліп, мал сойып қонақ қылды. Қазір ойланам, қарапайым жұмысшы адамның қамқорлығы қандай?! Олай жасау қазір қолымыздан келе ме, жоқ па?
Кішкене балаларымызды күнде бесігімен арқалап үй жағалап осы көршілердің арқасында өсірдік. Қазір ойланып таңғалам, не деген азаматтық! Сол кездегі 22 жастағы жас отбасына көрсеткен ағалық қамқорлығын, көршіні қорғап, үлкен-кішіге қарамай әрқашан әрқайсының орнын бағалап жүру керектігін сол кездегі көршілерім Зейнел аға, Айша апа, Ұмытшақ әже, Шеңгелбай әке, Қибаш, Совет ағалар, Салиха апаларды есіме сақтап, әлі де солардың тіршілігінен үйреніп жүрмін.
Жақында Нағи ауылында қоғамдық жұмыстармен жиналыста болғанмын. Халықтың арасынан суырылып шығып сәлем берген Дәурен Әбдіраманов ағамның сол кездегі кішкентай қыздары Айнұр мен Дидар екен. Дәурен аға мен Бақыт апа ертеректеу қайтыс болып кетті. Балалары ер жетіп, үйлі-баранды болып, еліміздің түкпір-түкпіріне қоныс теуіп, еңбек етуде. Қарашаңырақта үйдің кенжесі Қылышбек тұрып жатыр. «Туыс – атадан, көрші – Алладан» деп бекер айтпаған екен.
Қоныс тепкен жерлерде көршілерім өте жақсы адамдар болды. Қазір аудан орталығында тұрамыз. Біз де үлкейдік. Сол кісілерден алған өнеге, көрген-берген тәрбиелерін үнемі сағынышпен еске алып отырамыз.
Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





