Табиғи тепе-теңдікті сақтау немесе Оңтүстіктен Солтүстікке көшудің тиімділігі қандай?

363

0

Сурет ашық дереккөзден

Еліміздегі еңбек күшін реттеу үшін Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жыл болды. Ол қандай нәтиже берді? Демографиялық тепе-теңдікті ұстап тұруға септігі бар ма? Жалпы еңбек нарығын реттеуде тиімділігін көрсете алды ма?

2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру» аясында жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге осы уақыт аралығында солтүстікке 735 отбасы (құрамында 1977 адам) қоныс аударған.

2022 жылдан бері жаңадан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында алдыңғы жылы өңірден 187 отбасы, ал былтыр 127 отбасы қоныс аударды. Айталық, өткен жылы Қостанай облысына 39, Солтүстік Қазақстанға 41, Павлодарға 32, Шығыс Қазақстанға 10, Ұлытауға 2, Абай облысына 3 отбасы көшіп барды. Бұл отбасылардың құрамында 460 адам бар. Демек осынша адам Солтүстікке көшіп барып, жобаның игілігін көруде деген сөз. Қазір 162 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 9-ы кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар 123 отбасыға материалдық көмек көрсетіліп, 23 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Биыл Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Ұлытау өңірлеріне ерікті түрде қоныс аударған 1595 отбасының  мүшесіне 6100 квота белгіленген. Осыған орай облысқа аталған өңірлерден мамандар келіп, жұмысқа шақырды. Әсіресе, ғылым, білім беру саласына сұраныс жоғары. Одан кейін сервистік, техникалық қызмет көрсету, өндіріс, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, жеңіл және жүк көлігімен тасымалдау, мәдениет, спорт, әлеуметтік, қоғамдық тамақтану саласына да сұраныс көп. Солтүстік өңірлерге ауыл, орман және балық шаруашылығының мамандары, электрик, телекоммуникация қызметінің мамандары да қажет. 

Солтүстік Қазақстан облысы «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Аман Төрегелдиннің айтуынша, медицина саласының мамандары жетіспейді.

– Биыл облысқа 2700 адамды орналастыруға және оларды тұрғын үймен қамтып, жұмыс тауып беруге мүмкіндіктер қаралған. Одан басқа да салаларда жұмыс орындары бар. Әрине, көкейлеріңізде «Солтүстіктен неге кетіп жатыр?» деген сауал тұрған болар. Өздеріңізге белгілі, бізде халықтың  70 пайыздан астамы – өзге ұлт өкілдері. Олар басқа елдерге көшіп жатыр. Сонымен бірге Астана, Көкшетау секілді мегаполиске қоныс аударып жатқандар жетерлік. Бізде бос жұмыс орны көп. Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға да мүмкіндік бар. Сіздерде керісінше халық саны көп. Мәселен, бір грантқа 20-30 адамнан келетін болса, бізде 1 орынға 2 адам болса, екеуі де грантқа ие болады, – деді.

Солтүстіктегі тағы бір мәселе – қазақ мектептерінің жабылып қалу қаупі. Сондықтан мейлінше ол жаққа көпбалалы отбасылардың барғаны қажет. Жасыратыны жоқ, кейінгі уақытта бала санын алға тартып, алақан жайып көмек сұраушы қатары артуда. «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген нақыл осындайда еске түседі. Егер осы жоба аясында көпбалалы отбасыларды қоныстандырып, жұмысқа орналастырса, бірнеше мәселе шешілмек.

Теріскейге көшіп барғандарға қандай көмек беріледі? Бұл туралы Ұлытау облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Айдар Қойшыбаевтан сұраған едік.

– Облыста халық саны аз, жұмыс көп. Бар болғаны 280 мың ғана адам бар. Оның 80 мыңы облыс орталығында тұрады. Біздің өңірде мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Егер көпбалалы отбасылар көшіп келетін болса, мемлекеттен берілетін көмектен бөлек, ірі қара және ұсақ мал беріп олардың жем-шөбін 5 жыл бойы қамтамасыз етеміз. Мәселен, былтыр келген отбасыларға 5 ірі қарадан және 10 уақ мал, кейбіреулеріне 3 жылқыдан берілді. Қазір жұмыс жасап, кәсіптерін дамытып отыр. Ұлытау облысы Сыр өңірімен іргелес жатыр. Екі аралықтағы 400 шақырымдық жол жөнделуде. Алдағы уақытта қатынауға да ыңғайлы. Туған-туыс, ағайынмен де араласып тұра бересіздер, – деді ол.

Ерікті түрде қоныс аудару кезеңінде мемлекеттен көрсетілетін бірнеше қолдау бар. Айталық, қоныс аударушыға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Тұрғын үйді сатып алуға, ипотекалық қарыз бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу, тұрғын үйді сатып алу және салу үшін ақшалай төлем ретінде экономикалық сертификат ұсынылады. Қоныс аударушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді өтеуге материалдық көмек беріледі. Қалалық жерге қоныс аударса, 1 адам үшін 20 АЕК немесе 73 840 теңге, ал отбасы мүшелерінің саны 2-4 болса 25 АЕК немесе 92300 теңге, отбасы мүшелерінің саны 5 және одан көп болған кезде 30 АЕК немесе 110760 теңге төленеді. Сонымен қатар, ауылдық жерлерге қоныс аударғандарға 1 адам үшін 15 АЕК немесе 55380 теңге,  отбасы мүшелерінің саны 2-4 болса 18 АЕК немесе 66456 теңге,  отбасы мүшелерінің саны 5 және одан көп болса 21 АЕК немесе 77532 мөлшерінде төленеді. Егер қажет етсе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберіледі.

Жұмысқа кел, білекті сыбанып…

Екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін жыл сайын өңірге теріскейден келіп бос жұмыс орындарын ұсынатын жәрмеңкенің маңызы зор. Осындай мүмкіндікті, әсіресе жастар қалт жібермей, пайдаланып қалуды мақсат етеді. Айталық, Назым Нұрлыбекова есімді бойжеткен биыл Қызылорда медициналық жоғары колледжін «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша аяқтағалы отыр. Ол оқуын бітірген бойда Абай облысына жұмысқа тұруды көздейді. «Жетістіктер алаңында» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келіп, көкейіндегі сұрақтарға жауап алды. Мемлекеттен берілетін мұндай мүмкіндікті пайдаланатынын айтады.

«Болашақ» университетінде әлеуметтік сала, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысты. Ол  «Жетістіктер алаңы» іс-шарасының мән-маңызына тоқталып, кәсібін жүргізем деген жандарға қолайлы мүмкіндік екенін жеткізді.

– Өткен жылы облыста 1529 адам қайтарымсыз грант, 492 жас кәсіпкер жеңілдетілген несие алды. Бұл шаралар биыл да жалғасады. Аймақта еңбек нарығын дамытуға 17 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Бұл – әлеуметтік қолдауды кеңейту мен адами капиталды дамыту үшін  мемлекет тарапынан іске асырылып жатқан әлеуметтік саясаттың айқын көрінісі, – деді.

Жәрмеңкеде Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарынан 3500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Басым бөлігі ғылым мен білімге, денсаулық сақтау және мәдениет пен спорт салаларына қатысты.

Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданынан келген Нұржамал Тамбекова мектеп директорының орынбасары болып жұмыс істейді. Өзі – осыдан бірнеше жыл бұрын теріскейге қоныс аударғандардың бірі. Сондықтан беріліп отырған мүмкіндікті өзгелер де пайдаланып, өмірін жақсы жаққа қарай өзгерткенін қалайды.

– Қандай бағдарлама шықса да, жұртшылық оны зерттеу керек. Өзім Шымкенттің қызымын. 2015 жылы осы бағдарлама ең алғаш шығып, ел дүрлігіп көшіп жатқанда қоныс аударғам. Бірақ ол кезде дәл мұндай жеңілдіктер жоқ-тұғын. Бағдарламаның түпкі мақсатын зерттегім келді. Көшіп бара сала маған жұмыс тауып берді. Жас мамандарға жұмыс көп. Өйткені, Солтүстіктегі өзге ұлттардың өз елдеріне көшуіне байланысты халық саны өте азайып кетті. Соның салдарынан табиғи баланс бұзылды. Керісінше Оңтүстікте адам саны жыл сайын көбеюде. Табиғи апаттардың орын алуының бір себебі де – осы. Тепе-теңдік жоқ. Біз ол жаққа қазақты, жалпы халықты көптеп шоғырландыруымыз керек. Кейбір адамдар соны дұрыс түсінбейді. Оларды еріксіз көшіріп жатқандай боламыз. Сондықтан мәлімет адамдарға дұрыс жетуін қалаймыз. Бұл – өмірін түбегейлі өзгертуді қалайтындарға берілген жақсы мүмкіндік, – дейді ол.

«Жетістіктер алаңында» қайтарымсыз грант алып, кәсіп көкжиегін кеңейткен 80 кәсіпкер өз өнімін көпшілікке ұсынды.

Ал Қызылорда қаласы аумағындағы 20 жұмыс берушіден 200-ге жуық бос орны өз жұмыскерлерін күтуде. Жалпы Солтүстікке қоныс аудару жобасы бойынша кейінгі 5 жыл ішінде 348 отбасы қоныс аударған. Оларға тиісті қаржы бөлініп, бастаған кәсіптеріне лайықты қолдау жасалып, тұрғын үй, үйді жалдау шығынын өтеуге қажетті көмек көрсетілген. Мұндай қолдауға биыл да ниет білдірген жандар ие бола алады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<