Күн жылынды. Қар еріп жатыр. Байқап қарасаңыз, сол ақ мамықтың астында қыс бойы жиналған қалдық сыртқа шығуда. Бұл өзге емес, өзіміздің мәдениетсіздігімізден. Ал, оның машақатын тиынын тірнектеп жиған көше тазалаушылары көруде. Бұған біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік.
Еңбекті неге бағаламаймыз?
Алдымен Гагарин қыстағындағы Балқы базар және Ешнияз сал көшелерінің қиылысына беттедік. Мұнда тазалық жұмыстары қызу жүріп жатты. Мамандардың айтуынша, бұл жер арнайы қоқыс тастайтын орын ретінде белгіленбеген. Десе де, тұрғындар үйіндіні стихиялық қоқыс аймағына айналдырып үлгірген. Аумақта бір күн бұрын тазалық жұмыстары жүргізілсе де, суреттегі көрініс күнделікті қайталанады. Ал, бұл қоқыстарды ешкім сырттан әкеліп тастамайтыны анық. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаевтың айтуынша, «Қызылорда тазалығы» серіктестігінің қызметкерлері шақырайған күннің, шытынаған аяздың кезінде де жұмысын тоқтатқан емес. Бүгін де олар таңғы сағат бестен бастап шаһар тазалығын мұнтаздай етуге шыққан.
– «Қызылорда тазалығы» серіктестігі заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсетеді. Қазір көшелердің санитарлық тазалық жұмыстарына 42 дана арнайы қоқыс жинақтаушы көлік, 6 дана КамАЗ, 6 дана арнайы тіркемесі бар трактор, 3 дана погрузчик жұмылдырылған. Қаланың 813-тен астам көшесінің тазалығын қамтамасыз етуге 140 жұмысшы күші, 58 жүк тиеуші, 60 жүргізуші қызметкер біріктірілді. Қоқыс шығару жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде. Түнгі ауысымдық жұмыстарға 7 техника қарастырылған. Алайда, тұрғындардың тазалық мәселесіне бейжай қарауы, тұрмыстық қалдықтарды көрінген жерге тастауының салдарынан еткен еңбектің зая кететіні бар. Тиісті мекемелер тарапынан тұрақты түрде тазалық рейдтері жүргізіліп отыр. Қоқысты белгіленбеген орынға тастау фактісі тіркелген жағдайда ескерту, нәтиже шықпаса, айыппұл төлеу қарастырылған. Дегенмен, бұл жерде тұрғындарда қоқыс тастау мәдениетінің қалыптасуы маңыздырақ. Қысы-жазы тыным таппай, қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегін естен шығармауымыз керек, – деді Біржан Далабаев.
Тазалыққа бәрі де жауапты
Тағы бір айта кететін жайт, тұрғын үйлерден шығарылатын қоқыс негізінен бөлшектенуі тиіс. Мәселен, тұрмыстық қатты қалдықтардан бөлек, құрылыс заттары арнайы шақырту арқылы алынады. Санитарлық талапқа сай әр үйдің иесі өзіне темір контейнер орнатып, бекітілген тариф бойынша төлем жүргізуі қажет. Бірақ, жұртшылықты төңіректің тазалығынан бұрын қалтаның қамы көбірек алаңдататыны тағы бар. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Себебі, маңызды мәселеге саналы түрде қарайтын тұрғындар да аз емес.
– Қала тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестердің тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық – отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, біз, ата-аналар, кейде балаларымызды қоқыс төгуге жұмсаймыз. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалау қажет. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Бұдан бөлек, көптің арасында қоқысты қай жерге болсын төге салып, «ақысын төлеп жатырмыз ғой» деп міндет қылатындар кездеседі. Бірақ, бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысу керек. Сондықтан мектеп табалдырығында тазалық мәселесіне арнайы сабақтар өткізілсе де артық емес. Кешегі Кеңес одағының тәрбиесін көргендер, яғни аға буын тазалыққа жақсы қарайды. Қажет болған жағдайда контейнерлер орнатып, айналамызды айнадай қылып отырғанға не жетсін?! Өзге үшін емес, өзіміз үшін, – деді әл Фараби көшесінің тұрғыны Гүлдана Әбжанова.
Рейд барысында қаланың әр бұрышындағы қызу жұмыстарға куә болдық. Әл Фараби көшесін аралау барысында тазалықшылардың жол жиегінде қап-қап болып жиналған қоқыстарды арнайы техникамен жинақтау сәтін, енді бір мамандардың Жаппасбай батыр көшесіндегі тұрғын үй орамында орналасқан қоқыс контейнерлерін дәнекерлеу аппаратының көмегімен жөндеуден өткізіп жатқанын байқадық. Бұл ретте «туған қала тазалығы үшін тырбанып жүрген жандардың еңбегіне жүрдім-бардым қарамасақ екен» деген ой ғана келді.
«Плоггингтің» пайдалы тұсы бар
Шынында, әр тұрғын айналасына аяушылықпен қараса, нұр үстіне нұр. Осы тұста тазалық үшін күресте бізге швециялықтардың «Плоггинг» тренді көмекке келе алатынын айтқымыз келеді. Бұл – Еуропа елдерінде кеңінен таралған спорт түрі. Онымен айналысу үшін сізге спорт киімі, арнайы қапшық, ең бастысы ниет керек. «Плоггинг» арқылы сіз жүгіріп жүріп, жолыңызда кездескен қоқысты жинай бересіз. Әлеуметтік желіні парақтап көрсеңіз, «Плоггинг» хэштегі арқылы спортпен қоса тазалыққа үлес қосып жатқан адамдардың санында шек жоқ. Ол қоқыс тастау мәдениетінің қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар олар қоқысты сұрпына қарай түрлі жәшікке тастайды. Мәселен, пластикті бөлек, қағазды бөлек, тағысын-тағы. Ол – болашақта қайта өңдеу жұмыстарына да үлкен көмек. Көктем келді, сергектік маңызды. «Плоггингпен» шұғылданып, қала тазалығына үлес қосу ертеңді қажет етпейтінін ұмытпаңыз! Тазалық сақтау – ортақ міндет.
М.СНАДИН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<