Қоршаған ортаның алуан түрлі проблемаларының бірі – шөлейттену мәселесі. Шөлейттену нґтижесінде жер бетінде жыл сайын мыңдаған гектар құнарлы алқап жоғалады екен. БҰҰ 1994 жылы шөлейттену мен құрғақшылыққа қарсы күрес жөніндегі конвенция қабылдап, бір жылдан кейін 17 маусымды Дүниежүзілік шөлейттену мен құрғақшылыққа қарсы күрес күні деп жариялады. БҰҰ мамандарының айтуынша, жер бетінің үштен бір бөлігі шөлейттену мен құрғақшылыққа бейім келеді, сондықтан бұл жаһандық проблема әлемнің жүзден астам елінде тұратын 2 миллиард адамға кері әсерін тигізеді. Оның үстіне, құрғақшылыққа бейім жерде тұратын 2 миллиард халықтың тең жартысы кедейшілікте өмір сүреді. Ал Әлемдік ресурстар институтының деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясының басым бөлігі құрғақшылыққа бейім келетін жер деп саналады екен. Жеріміздің 66%-і қазір түрлі деңгейде шөлейттену үдерісіне ұрынып отырған көрінеді.
«Жердің шөлейттенуі мен бүлінуі жаһандық экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселе болып тұр. Дүниежүзінде климат өзгеріп, көптеген жерлерде құрғақшылық болуда. Шөлейттену қаупі тек Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияның бірқатар елдеріне төніп отыр. Мамандардың зерттеуі бойынша 4-10% өңделетін, 27-68% жайылымдық жерлер, 1-8% орман алқаптары шөлге ұшыраған. Қазақстанда шөлейттенген жер көлемі жыл өткен сайын ұлғайып барады. Қазір ел территориясының 180 млн гектардан астам аумағы тозған». Бұл – Қазақстандағы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі БҰҰ Конвенциясының ұлттық үйлестірушісі Қайрат Үстеміровтің өткен жылы 11 қазанда Алматы қаласында Орталық Азия елдері ғалымдарының бас қосып, экологиялық ахуалды талқылау барысында келтірген мәлімдемесі.
Оның айтуынша, жердің тозуына топырақтың тұздануы, құнарсыздануы, эрозияға ұшырауы және химиялық улану себеп болуда. Салдарынан жайылымдық жерлер де ескіріп, жойылу алдында тұр. Сарапшылар шөлейттену топырақ құнарлығы мен өнімділігін төмендетіп, аграрлық секторға кері әсер етеді деп алаңдап отыр.
Жер көлемінің көп бөлігі жеткілiксiз ылғалдану аумағында орналасқан Сыр өңірі үшiн де шөлейттену проблемасы өте көкейкестi мәселе. Облыстың ауданы шамамен 25 млн гектарды құрайды. Оның 13 млн гектарға жуығы ауылшаруашылық жерлері. 300 мың гектары суармалы жерлер болса, шамамен 1 млн 400 мың гектар жер жайылымдық санатқа кіріп, қалған жерлер пайдаланылмайды. Облыс аумағында Қызылқұм шөлінің солтүстік бөлігі, Арал өңірі Қарақұмы, Арысқұм және Оңтүстік Қазақстан өңірінің шөлейтті үстірті жатыр.
Құрғақшылық – облыс климатының ерекшеліктерінің бірі. Жауын-шашын өте аз жауады. Орташа жылдық мөлшері 100-190 мм аспайды және жыл маусымдарында оның түсімі біркелкі емес: барлық жауын-шашынның 60%-і көктемгі-қысқы кезеңдерге тиесілі. Облыстың су ресурстарының экологиялық жағдайы 2 фактормен сипатталады.
Сырдария өзені шекарааралық су ағысы ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің төрт аумағынан өтеді және осы елдердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторларының бірі болып табылады. Облыс аумағындағы өзеннің ұзындығы – 1281 шақырым. Орта Азиядағы сулылығы жағынан екінші орындағы Сырдария өзенінің транзитті ағысы облыстың су ресурсының ең көп бөлігін құрайды. Аймақтың су ресурстарында Қазалы ауданының сағалы көлдер жүйесі ерекше орынға ие. Облыс бойынша 25 жерасты суы барланып ашылған. Қазіргі таңда 9-дан 11-ге дейін су кенінен шамамен 150 текше шақырым көлемінде қамтамасыз етіледі. Жыл сайын жерді суғаруға 4,5 текше шақырым су жұмсалады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экологиялық проблемаларды табысты шешу кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы ретте Кіші Аралды сауықтыру кепілі болған САРАТС жобасының, яғни «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының маңызы ерекше дер едік. САРАТС жобасы Ұлттық және өңірлік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан еліміздегі ірі жобалардың бірінен саналады. Жалпы, Аралдың солтүстік бөлігіндегі Кіші Аралды сақтап қалу идеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынды. Осы ғасыр жобасының арқасында Кіші Арал теңізін сақтап қалу мүмкіндігі туды. Арал теңізінің тағдыры Орта Азия мемлекеттеріне етене жақын болса да, бірде-бір ел мұндай ауқымды істі қолға алмаған еді.
Кіші Арал теңізін сақтап қалу мақсатында 2003 жылдан бастап «Көкарал» су тоспасы салына бастады. Үш жылдан соң ел аузында «Көкарал» бөгеті деп аталып кеткен тоспаның құрылысы аяқталып, құрғап қалған теңіз табанына су келіп, Кіші Арал суға тола бастады. Теңіз айдыны бұрын Арал қаласына 75 шақырымға алыстап кеткен болса, осы арақашықтық бүгінде 17 шақырымға қысқарды. Мұндағы су көлемі 15-тен 27 шаршы шақырымға өсті. Бұған қоса, өңірдегі көлдер жүйесі де сулана бастады. Солтүстік Арал суының минералдануы төмендеді. Ал Кіші Арал суының тұздылығының азаюы оның байырғы кәсіптік маңызы бар балықтарының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды. Су айдынында бұрын жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта көрініс тапты. Бұл аймақтың флорасы мен фаунасы қайта жандануына әкелді.
Шөлейттенуге қарсы күрес жөнiндегі конвенция бойынша Қазақстан өз мiндеттері шеңберiнде әр жылдары түрлі бағдарламалар қабылдап, бекітілген жоспарға сай жұмыс жүргізіп келеді. Мысалы, Қазақстан Республикасындағы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі 2005-2015 жылдарға арналған бағдарлама бойынша жасалған жұмыстар одан кейінгі кезеңдерде «Жасыл экономика», «Жасыл Қазақстан» бағдарламалары шеңберінде жалғасын табуда. Қызылорда облысында аталған бағдарламалар шеңберінде көптеген жобалар жүзеге асырылуда.
«Шөл даланың падишасы» атанған сексеуілдің шөлейтті далада топырақты эрозиядан сақтап, құм төбелердің көшкінін тоқтатуға септігі көп. Жалпы Қазақстан жерінің 9,7 процентін орман қоры құраса, оның 48 проценті сексеуіл алқаптарына тиесілі. Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi бар. Соның үшеуi Қазақстанда өседi, олар – ақ сексеуiл, қара сексеуiл және Зайсан сексеуiлi. Қазақстандағы сексеуіл ормандарының ең үлкені Жамбыл облысында шоғырланған.
Бүгінде Сыр өңіріндегі орманды жерлердің 87%-де шөлге шыдамды ағаштың осы түрі өседі. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменовтің айтуынша, «Ормандарды сақтау және республиканың орманды жерлерін көбейту» жобасы аясында 2008-2014 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 57 мың гектардан астам сексеуіл, сарсазан тәрізді, шөлге, сортаң топыраққа бейімді ағаш-бұта түрлері отырғызылған. Арал теңізінің кепкен табанына сексеуіл отырғызу ұзақ жылдан бері жалғасып келеді.
Арал теңізі Қазақстанның інжу-маржаны, шөл белдеміндегі бірден-бір көгілдір айдыны еді. Оның апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі – 1066 км3, тереңдігі 30-60 метр, тұздылығы 10-12% болған. 1960 жылдардан бастап теңіз суы тартылып, ал 1990 жылдары екі есеге қысқарды. Нәтижесінде теңіз деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, Арал теңізінің құрғаған ұлтанының көлемі 6 млн гектар аумақты (Қазақстан 2,5 млн, Өзбекстан 3,5 млн гектар) құрады. Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Арал теңізі суының тартылып, бірнеше миллион гектар жерді тұз басып шөлейтті жер аумағының көлемі көбейіп, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің өсуіне кері әсерін тигізіп отыр. Бүгінгі күнге қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтайтын бірден-бір амал теңіз ұлтанына фитоорманмелиорациялық жұмыстарды жүргізу екендігін тәжірибе дәлелдеп отыр.
Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту, құрғақшылыққа қарсы теңіздің ұлтанын көгалдандыру үшін елеулі күш салынды. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 193 мың гектарына ормандандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін жыл сайын 5 мың гектар жерге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, сексеуіл отырғызылса, 2019 жылдан бастап оның көлемі 6300 гектарға көбейтілді. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға халықаралық ұйымдардың қаржы көздерін тарту ойластырылған. Соның ішінде 2008-2014 жылдары Қазақстан, Дүниежүзілік және Ғаламдық экологиялық қоры арқылы қаржыландырылған «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасы аясында 56,5 мың гектар теңіздің құрғаған ұлтанында сексеуіл егілді.
2018 жылдан бастап, Оңтүстік Корея Республикасының қаржыландыруымен Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қоры арқылы «Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстарын жүргізу» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 10800 гектар (2018 жыл – 5000 га, 2019 жыл – 5800 га) жерге сексеуіл егіліп, экологиялық жағдайды жақсартуға оң ықпал етті.
Б.Шәменов жоба бойыншы биыл көктемде 2500 гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары атқарылғанын мәлімдеп отыр. Қазіргі уақытта, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Корея Республикасының орман шаруашылығы қызметімен бірлесіп, «Қызылорда облысындағы Арал теңізіндегі құрғап қалған ұлтанының фитоорманмелиорациясы» жобасын іске асыруда.
Соңғы жылдардың тәжірибесі қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтайтын бірден-бір амал теңіз ұлтанына фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу екендігін дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта Арал теңізінің құрғаған ұлтанын көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру және Қызылорда қаласының маңында «Жасыл белдеу» құру үшін Дүниежүзілік банк арқылы 2021-2025 жылдарға қаражат қарастыру көзделген. Бұл ретте министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, ағаш көшеттерін өсіретін 22,6 гектар жерге уақытша тұқымбақ орналастырылмақ. Ал көгалдандыру көлемін арттырудың ең маңызды шарасы – орманды өрттен қорғау. 8 орман шаруашылығы мекемесінде 9 өрт сөндіру автокөлігі мен 54 тұрақты өрт сөндіруші мамандар қызмет атқарады.
Жасыратыны жоқ, шөлейттену бірінші табиғи факторлардан болса, екінші оған адамдардың әсері де жетіп жатыр. «Табиғат тағылықтан тозады» деген, халықтың өмір салтын, шаруашылық жайын әркез орнықты ұстанамыз десек, сол тағылыққа тізгін болуы керек. Бұған әрбір адам жауапты.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<