«Қожақ» көпірі қайта жаңғырды

164

0

«Қызылөзек» ауылында кіреберіс қақпа саналған «Қожақ» көпірі қайта жаңғырды. Қаншама жыл апатты жағдайда тұрған көпір жаңа кейіпке енді.

Көпірдің ашылу рәсіміне қала әкімі Нұржан Ахатов, ел ағалары, ардагерлер, жауапты сала мамандары, зиялы қауым өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. 

– Кейінгі екі жылда Сыр өңірінің бас шаһарында 3 көпірдің құрылысы жүргізілді. Әуежайдан  қалаға дейінгі 3 көпір қайта жаңғыртудан өтсе, 2 көпір күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір Жанқожа батыр көшесі арқылы теміржол астынан өтетін көпірдің құрылысы салынуда. Сондай-ақ Бей­барыс Сұлтан мен Жаппасбай ба­тыр көшелеріндегі теміржол үсті­нен өтетін көпір қайта жаңғыртудан өт­ті. Осындай игі іс «Қызылөзекте» жал­ғасын тауып отыр. «Қожақ» көпірі 1960 жылы салынған. Кездесулерде көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы жиі айтылды. Сол талап-тілек орындалып, көпір қайта жаңғырды. Облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді. Осы тұста құрылысты сапалы жүргізген «N Строй Сервис» ЖШС ұжымына алғыс білдіреміз. Ұлтымызда жол, көпір салу, ағаш егу сауапты іс саналған.

Биыл ауылдың инженерлік инфра­құрылымын дамытуға 1 млрд 600 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс қарқын алды. Қазір мұнда ойын алаңын салу, жол жөндеу және жарықтандыру, абаттандыру ісі жүйелі жүргізілуде. Сондай-ақ ауылға «көгілдір отын» жеткізуге байланысты 26 млн теңгеге газдандырудың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға жіберілді, – деді қала әкімі.

Одан әрі облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов ауыл халқының қуанышына ортақ екенін айтып, «Қызылөзектің» тарихына, кезінде қой шаруашылығын дамытуда үздік елді мекен болғанына тоқталды. Қала іргесінде орналасқан шағын ауыл бір кездері ет-сүт бағытында мол өнімге қол жеткізіп, өңірді қамтамасыз етуге үлкен үлес қосқан. Бұл ауылдан талай еңбек озаты шыққан.

Ауыл ақсақалы Рысбай Мырзатай каналдың кезінде қолмен қазылғанын айтып, қысқаша тарихына тоқталды. «Қожақ» деген адамның есімі. Ол кісі көпірдің салынуына бастамашыл болғаннан кейін есімімен аталып кеткен. Ал көпір құрылысының сапалы жүргізілуіне жауапты  «N Строй Сервис» серіктестігінің мастері Ержан Әбдіраманның айтуынша, құрылыс осы жылдың мамыр айында басталып, оған 15 адам, 3 техника жұмылдырылған. Ескі көпір толық жаңғыртылып, екі жолақты 400 метр жол салынған.

Құрылысты жүргізген мекеме қызметкерлері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ