Қымыз – қырық ауруға ем немесе саумал іздеп сабылған жұрттың сұранысын қалай өтейміз?

4126

0

Елде үйір-үйір жылқысы бар туысым екі-үш бие сауып отырған шеткі ауылдастан саумал сатып ішеді.

Қорасынан көктемде қырық бұзау өрген жамағайынның үйіндегі жеңгей қағаз қораптағы сүтті шайға қатып отыр. Барды ұқсатуға не кедергі?! Әсілі, адамда қызығушылық болмаса, істеген істің бәрі құр ма деп те қаласың.

Төмендегі мақала осы ойдың жетегінен сүйретіле шығып, ақыр соңы қаламды ұзағырақ сілтеуге себеп болып еді.
Кешегі індет кезінде басқа облысты қайдам, қызылордалықтың көбі саумал мен қымыз іздеп кетті. Жұрттың бәрі «ақшаның бәрі осында екен» деп гуілдесті. Іле-шала құлынды биенің бағасы өсіп, әйтеуір, өз үйінен қымыз сатушылардың қатары лезде артқаны бар. Қымыз қымбаттады. Қымбатын қайдам, оның аяғы таптырмай кетті ғой. Осындайда әттең-ай дестік. Неге?

Облыста қымыз өндіретін цех болып, қауырсын ыдыста қаптап тұрса, дүкенге соққан қаймана қазақтың қолы жетсе ғой деп армандағанымыз рас.

Жылқы сүті жарнаманы қажет етпейді

Ветеринария ғылымда­ры­ның кандидаты, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының облыстық фи­лиал меңгерушісі Дәулет Иб­рагимовты арнайы іздеп бар­ғанмын.

Айтпақшы, кейіп­ке­ріміз төрт жылдан бері бие байлап, саумал ішіп жүр. Одан бөлек, жұрт ақшасына сатып алып жатыр. Шымкент қаласындағы бұрыннан қымыз баптап жүрген дос-жараннан әдісін үйреніп, аз уақыт болса да дәріс алған ауылшаруашылық маманы білгенін біздің басы­лым оқырманымен бөлісуді те­ріс көрмеді.


– Қымыз дайындауға бап ке­рек, әрине. Дәл қазіргі уақытта киікоты деген шөп пісіп тұр. Мына біздің Жаңақорғандағы таулы өлкеде кездеседі. Сол шөпті Қазығұрт жақтан алды­рып, үйренгенім бойынша үлкен қымыз құятын ыдысты ыстадым. Бұрынғылар пайда­ланған ағаш күбі не саба жоқ. Киікотымен ыстамас бұрын әлгі ыдысымның ішін қойдың құйрық майымен сылап да­йын­дағанмын. Осылайша көр­ге­нім мен естігенімді қа­тар алып, қолдан келгенше қы­мыз баптап жүрмін. Әзірге қы­мы­зың жаман деген ешкім жоқ, – дейді Дәулет аға.


Қымыз дайындаудың бей­неті көп. Әйтсе де, облысқа келген қонақтарды күтушілер Дәулет аға дайындаған қымыз­ды жағалайды.
– Байып кетейін деп істе­медім бұл кәсіпті. Өзімнің жыл­қыға деген құмарлығым шығар. Әйтпесе, саумал сауып, сауда қылайын демедік. Әу баста бағаны 800 теңгеге қой­ғанбыз. Ал кешегі індет ке­зінде саумалдың литрі 1200 теңгеге дейін барды. Шынын айту керек, бағаны өрескел өсіргендер көп. Кейбірі жем-шөп бағасын ауырлады. Өзім үйдегі жеңгеңе мықтап тапсыр­дым. Баға өспесін дедім. Ар жағындағы халықтың алғысы да маған жетеді, – дейді ол.


Коронавирус кеселі баста­лып, ушыққан сәтте халық ме­дицинадан гөрі өз бетінше ем іздегені рас. Ақпарат түрліше тарап, ас содасы, пияз бен сарымсақ, құйрық май мен қымыз, соңында саумалдың жар­намасы жер жарды. Шұбат, зімбір, лимон, тіпті адыраспан түтіні де қалыс қалмады бұдан.


– Саумалға жарнама керек емес. Оның денсаулыққа пай­дасы жайлы халық онсыз да өте жақсы біледі. Мен бір-ақ мысал айтайын. Анам ішкі құрылысы ауырып, нақтысы өті толып, мазасы қашып жүрген уақыт. Ұдайы қалта-қалта дәрі алдыр­тып, қыруар қаржыға емдетіп жүрдік. Мен саумал ішуге ке­ңес беріп, біртіндеп іше бас­тады. Төртінші күн дегенде за­пыран құсты. Содан бері та­мақ алысы жақсарып кетті. Екінші мысал, көрші кәріс ұлтынан жасы үлкен апа бар еді. Ол ішектің жаман ауруына шалдыққан. Тіпті, Кореяға барып емделіп, пышаққа да түсіп келді. Дәрісін қабылдап жүріп, саумалды да іше бастады. Енді бір кезекте қайта тексерілуге барады. Сөйт­се, кәріс дәрігерлер сұра­ған көрінеді. «Не істедің?», «Қан­дай ем қолдандың?» де­ген­дей ғой. Бұл кісі саумалды айтқан. Сөйтсе, олар саумалдан айырылмауға кеңес беріпті, – деп ынталана сөйледі ендігіде Дәулет Ибрагимов.


Кейіпкеріміздің айтуынша, жылқы сүтінде ағзаға керек дәрумен көп. Әрі олар өте күшті болып келеді. Өкпе ау­руын жазатын қымыздың ас­қазан-ішек жолдары, бауыр мен өт қызметіне пайдасы орасан. Тері аурулары мен жүйке жү­йесін тыныштандыратын қа­сиеті бар.


– Кеше ауру қозғанда бар­лығы саумал іздеп кетті. Дәрі ретінде іздеді бұны. Кез келген адам ауырғанда иммунитет қо­ры түгесіледі. Негізі бұл сау­мал дегеніміз бірден ауру­мен күреспейді. Тек біздің иммундық қорымызды көбей­теді. Дұрыс түсіндірдім бе, егер сіз ауырған жағдайда сау­мал не қымыз ішкен кезде сіздегі жетіспеуші витаминді толықтырады. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің кө­мегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді. Жылқы сүтінің бойында 28 түрлі дәрумен бар екен. Саумал мен қымыздың, шұбат, жалпы, ағарғанның құ­діреттілігі осында, – деді ғы­лым кандидаты.


Айтпақшы түйе сүтін қай­натып ішкен дұрыс. Өйткені, бруцеллез, қазақша атауы са­рып деп аталады, сол кезде­седі. Ал жылқы малы бұған төзімді. Маман пікірі осындай.

Бір бие бір отбасыны асырайды

Дәулет ағаның қолында қазір бәйге аттарынан бөлек, «Владимир атты ірі тұқымды, он жастан асқан бие бар. Жылқы болғанда да қазақыдан мүлде бөлек, аты айтып тұрғандай, нағыз жүк тартатындай сом денелі жануар. Сауып отырған биесі де осы көрінеді.


– Бұл – Мәскеуден келген жылқы. Тұқымын, көріп отыр­ғаныңдай, ірі. Жергілікті бие­лерге қарағанда сүтті көбі­рек береді. Жалпы, осы тұ­қымды кезінде соғыста қару-жарақ тиеген арбаны тар­туға пайда­ланған. Қазақы жыл­қының ішінде, мысалы, жабы не Мұ­ғалжар жылқы­сында да сүт­тілері кездеседі. Тек оның бір айырмашылығы, біздікілер тым асау. Қолға ұстап, саууға үй­­рету қиын. Осы жұмысты кө­­бейтеді. Ал мыналар жуас әрі саууға тез көндігеді, – дейді ол.


Қымыздың қымбаттауы да қарапайым елге қиын. Бі­луі­мізше, баға көтерілудің бір себебі – күріш жемнің қабы 2000 теңгеге барған. 40 ке­лілік бір қап бидайың төрт, төрт жарым мың теңге. Жоңыш­қаның бумасы 600-700. Екі жыл бұрынғы бағаға қарағанда екі есе өскен. Бұның бәрі жылқы ұстап, бие байлағандардың әмия­нына жақсылап әсерін бе­реді.


– Бие 700 грамнан бастап тұқымына қарай литрден асы­рып бере алады. Мысалы, менің бием күніге бес мың теңге тапты делік. Екі мың теңгесін өзі жейді. Қалған мың жарым теңге – азық-түлік. Соңғы мың жарым жем-шөп тасымалы мен басқа да ұсақ түйектер. Негізі, әр отбасы жылқы ұстап, бие байласа, қиындығына төзсе, шынымен оларға артық жұмыс іздеп қажеті жоқ. Бір құлынды бие бір отбасыны асырайды. Саумал мен қымыз қазақ барда жерде қалмайтыны анық, – дейді атқұмар ағамыз.

Киесінен қорықсақ екен…

Ғылым кандидатының ай­туынша, негізі жылқы малы ақпаннан бастап мамырға де­йін төлдей береді. Құлыны жер­ге түскеннан бастап әбден буыны бекігенше емген дұ­рыс. Бұл – екі ай бие мен құ­лынды айырмайсың деген сөз.

Мерзімі біткеннен кейін үй­ретілген биені күніне бес мезгіл сауып іше бересіз. Құ­лындаған байталға бір-екі ап­тадан соң қайта айғыр түседі. Мінезді биелер кездессе, үш айдан кейін саудырмай қоюы мүмкін. Кейбірі ішіндегі құлын қозғалғанша саудыра береді.


– Осы шілдеде қымыз ішуге болмайды деген де әңгіме бар, – дедім мен де естігенімді алға тартып.


– Бұл енді жаңсақ пікір, – деді Дәукең маңдайын сүртіп. – Шілдеде қауын-қарбыз пі­сіп, соның жарнамасын алға тар­тып жүргендердің сөзі. Қы­мызды жыл он екі ай іш. Саған дәрі де керегі жоқ, ауру да жоламайды. Негізі бізде, ашығын айту керек. Қымызды баптап, ұсынып жүргендер жоқ­тың қасы. Сауылған жыл­қы сүті мен сияқты бие байлай­тындардың үйінен саумал кү­йінде бірден сатылып кетеді. Бейнеттің ең оңайы да сол. Көрші облыстарда баптайды. Қарағанды, Шымкент сияқ­ты қалаларда мамандар да бар. Ат баптап, қымыз дайын­дай­тындар өз ісін сүйсе ғана, соның бейнетіне төзбей ме?!
Әр жануардың киесі барын бұрыннан білетінбіз. Ал осы жылқы жайында сөз қозғағанда Дәулет ағамыз көзбен көргенін жеткізді.


– Менде бір боз бие бол­ды. Балалар түсіне қарап «Ақ­қоян» деп атады. Ырғыздан алдырғанмын. Бойы тапал, бірақ сүтті болды. Сонысымен қоймай тым асау еді. Бәйбішені жолатпай, өзім күнде алысу­мен, онымен қоймай байлап қо­йып сауатынмын. Бір са­уын­да екі литрге дейін сүт берді. Бергенімен қоймай, шелек­ті бұтына қыса-мыса майыс­ты­рып, ақыры сүтті төкті. Биені сауғанда бір қолдап қана сауып, бір қолыңмен шелекті ұс­тайтының белгілі ғой. Пен­дешілік қой. Сүт төгілгесін қатты ашумен сол жердегі кү­рекпен қаттырақ нұқып жі­бер­генімді білем. Сөйттім-дағы да кетіп калдым.
Мына қызықты қарашы. Жылқы малының қасиеті ғой. Мында мен ашуланып жүрсем, анда ол ренжіпті. Алдындағы шөпке де қарамайды, жемді де жемейді. Суға тұмсығын малмай қойды. Сенесің бе, екі күнге дейін алдын түртпестен солай тұрды. Тұнжырап тұр­ған жылқы малының күйін көр­сеңіз.


Екі күннен соң, іштей өзім­ді басып, одан кешірім сұ­ра­дым. «Аққоян, сен мені ке­шір, білем, мен кінәлімін. Сен де өз айыбыңды түсінші. Енді рен­жітпеймін сені». Дәл осылай жалынан сипап, адам­мен сөй­лескендей дауыстап айттым. Көбісіне айтсам күледі, бірақ, сол кезде биенің ренжігенінің өзі маған біраз сабақ болды. Әлгі сөздерден кейін екі күн нәр татпаған Аққоян іштей мені ке­шіргендей, алдындағы шөп­ке бас қойды…


Мұнан түсінгеніміз, малды ешқашан ұруға болмайды. Әсі­ресе, сауып отырған малды. Қазақ мұндайда сүті қаша­ды деп ырымдаушы еді. Жа­сынан жылқышының көмек­шісі бо­лып, бірте-бірте мал ша­руа­шылығы саласында мем­лекеттік қызметке дейін ат­қарған атқұмар жан жылқы мен қымыз қасиеті жайлы айтудан жалықпайды. Әрі түске дейін бақсаң, түстен кейін иесінің тілеуін бірге тілейтін текті жануар жайлы біздің халықта әңгіме көп қой.

Қымыз десе, қызарып қаламыз

Енді салалық басқармалар берген статистикалық мәлі­мет­терді сөйлетсек. Жалпы біз­­дегі шаруашылықтың бар­лық санатындағы сүт өнді­рісі былтыр 95 мың литрге жу­ық­таған. Биылғы есеп бойынша бірінші тамызға дейін 48464 литр сүт өндіріліпті. Бұның ішінде сиыр да, түйе мен бие де, ешкінің сүті де бар.

Осы ауыл шаруашылығы басқармасының көрсетіп отырған есебі бойын­ша бие сүті, яғни қымыз бен саумалыңыз былтыр бір тон­надан зорға асыпты. Ал жеке адамдар сауып отырған бие сүті бұл есепке кірмейді. Егер кірсе, бірнеше тонна қымыз сапыратынымыз айдан анық. Ал жылқы санын нақты керек етсеңіз, 157489 бас. Бұл да се­німсіздеу. Әйтпесе, бір ау­ылдық округте 200 бас жылқы деп көрсетілсе, сол ауылда кейбірінің 500-600 бас жыл­қысы бар. Ал сондағы жыл­қылы ағайынның малы бұл есепке неге кірмей қалған деп сіз де күмәнданасыз.


Енді аймақтағы сүт өндірісі бойынша кейбір жо­баларға назар салсақ. «РЗА» АҚ-ға қарасты кәсіпорын өз аясын үл­кейтпекші. «1200 басқа ар­налған ірі қара мал өсіру мен сүт өңдеу зауытын кеңейту» жобасы келесі жылы іске қо­сылады. Жылына үш жарым мың тонна сүт өнімдерін өнді­ретін зауыт ішкі нарыққа жұ­мыс істейді.


Екінші «Qazaq Camel» ЖШС Арал қаласынан түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындайтын за­уыт құрылысын әлдеқашан бас­тады. Дайындалған өнім жос­пар бойынша Қытай асады. Бұл да келесі жылы іске қосылады деген болжам бар.


Соңғы ірі жобалардың бірі – 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасы. Шиелі ауда­нында салынып жатқан ферма жылына 8 мың тоннадан астам сиыр сүтін өңдеуге қабілетті көрінеді. 2022 жылы іске қосылады деп мәлімет берген облыстық индустриялық-ин­но­вациялық даму басқармасы аталған ферманың өнімі тек ішкі нарыққа бағытталатынын айтады.


Кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұсынған мына мә­ліметте облыс бойынша мал шаруашылығы саласында жұ­­мыс жасайтын 847 шаруа қо­жалығы бар. Бірақ, олар­дың негізгі қызмет ету бағыт­тары арнайы сүт өнімдерін өндіру қызметі ретінде тір­кел­меген. Сүт өндіру мал ша­руашылығының қосалқы қыз­меті ретінде ғана қаралған және өндірілген сүт өнімдерінің ба­сым көпшілігі жекелеген сауда дүкендері арқылы сатылады.


Бұл аймақта сүт өн­діруші ірі кә­сіпорындар мүл­дем жоқ де­генді білдірмейді. Мысалы, «РЗА-Агро» ЖШС-ның «Дәм­ді» сүті ішкі нарықпен қоса сырт­қы нарықты да қамтуда. Қар­мақ­шы ауданында «Нұр­мағанбет» ЖШС да осы бағытта істейді. Жаңақорған ауданында жеке кәсіпкер «Әбділла» сүт өнімі мен жүгеріні пайдалана оты­рып, «Кәусар» жүгері су­сы­нын өндіріп келеді. Айт­пақшы, Шиелідегі «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехының жұ­мысын ұмытпауымыз керек. Бұл цех түйе сүтінен шұбат, йогурт, өндіреді. Мұнан өзге осы жануар сүтінен балмұздақ, құрт та дайындайды. Шыққан өнім көрші аудандар мен Алматы, Ақтөбе және облыс орталығына сатылып жатыр.


Байқасаңыз, құрметті оқыр­ман, мал саны ауыз толтырып айтардай, жылдан-жылға ар­тып келгенімен, оның өнімін толыққанды өзімізде игеру жү­зеге аспай келеді. Әр жерден киіз үй тігіп, қымыз сапырып, шұбат құйып сататын ұсақ сауда орындарынан бөлек, же­келеген адамдар бірінің ес­туімен бірі қабылдап, сау­мал саудасын жүргізіп тұр.

Жо­ғарыда мүйізді ірі қара мен түйе сүтіне қатысты ірі­лі-ұсақты жобалар барын байқа­дыңыз. Ал жылқыға келгенде жағдай белгілі. Қымыз өнді­ретін шағын зауыт не цех бол­маған соң, өзгелер алдында қызарақтайтынымыз рас енді.

Ержан ҚОЖАС

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<