Қызылорда облысында пробация есебіндегі сотталғандарды әлеуметтендіру және қоғамға қайта бейімдеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Пробация бақылауындағы азаматтардың арасында мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеке кәсіптерін ашып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізіп отырғандар бар.
Сондай азаматтардың бірі – Арал аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған. Ол мемлекеттен берілген қайтарымсыз қаражаттың көмегімен шаштараз ашып, бүгінде халыққа қызмет көрсетіп отыр. Өз кәсібін дөңгелетіп, адал еңбегімен табыс табуда.
– Қазіргі таңда пробация бақылауындағы азаматтардың арасында жеке кәсібін ашып, тұрақты табыс көзін қалыптастырып отырғандар бар. 2025 жылы бір сотталған мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алып, шаштараз кәсібін ашты. Бүгінде ол өз кәсібін дөңгелетіп, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Мұндай оң нәтижелер сотталғандардың түзелуіне және қайта қылмыс жасаудың алдын алуға бағытталған жұмыстардың тиімділігін көрсетеді, – дейді Арал аудандық пробация қызметінің бастығы Серік Сейталиев.
Өз кезегінде кәсіп ашқан сотталған да берілген мүмкіндікке ризашылығын білдірді.
– Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өз кәсібімді ашып, адал еңбегіммен нәпақа тауып отырмын. Халыққа қызмет етіп, отбасымды асырау – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі бақыт. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, дұрыс жолдан таймай еңбек еткім келеді, – дейді ол.
Бұл – пробация қызметінің басты мақсаты саналатын сотталғандарды қоғамға бейімдеу мен қайта қылмыс жасаудың алдын алу бағытындағы жұмыстың нақты нәтижесі.






