Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің аймақ тұрғындарына ҮНДЕУІ

313

0

Фото: Ассамблея Қызылорда

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі 2024 жылдың 22 қарашасында, Қызылорда қаласының Достық үйінде «Жұқпалы инфекциялық аурулардың алдын алуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар және басты мәселелері» тақырыбында отырыс өткізді.

Жұқпалы аурулар – ауруды тудыратын микроорганизмдердің кесірінен пайда болатын және жұқтырған адамнан сау адамға берілетін ауру түрі. Біздің ағзамыздың кез келген мүшесі инфекцияға сезімтал болып келетіндіктен, әрбір адам кемінде жылына бір ретте осы аурумен ауырады екен. Сондықтан да ол басқаларға қарағанда, ең көп кездесетін ауру түрі болып саналады. Аурудың алдын алу үшін, ең бірінші, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Себебі, ауруға қарсы бейімділігі төмен болып, тезірек жазылуына мүмкіндік туады. Сонымен қатар жеке гигиена ұстану қажет. Сырттан келген жағдайда, болмаса, тамақтанудың алдында міндетті түрде қолды жуу керек. Егер де ауамен тасымалданатын инфекция түрі болатын болса маска киіп, адамдар көп жиналатын жерлерден алшақ болу тиіс.

Отырысқа, күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының өкілдері шақырылып, хабарлама жасады.

Хабарламада белгілі болғандай, облыста сальмонеллез, қызылша, жіті вирусты гепатит, жіті вирусты гепатит А, көкжөтел секілді жұқпалы аурулардың өсу қарқыны анықталған. Соның ішінде, жедел вирусты гепатит «А» ауруы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өскен. Ауруға шалдыққандардың 80 пайызы гепатитке қарсы егілмегендер. Оның ішінде егуден түбегейлі бас тарту мен вакцинаның 2013, 2015, 2017 жылдары үзіліспен берілуі де бүгінгі таңда аурушандықтың өршуіне өз әсерін тигізді. Сондай-ақ, қызыша, көкжөтел, малдан жұғатын аурулар да санитариялық және медициналық тазалықты ұстанбағандықтан және алдын алу үшін егуден бас тартудан көбейіп отырғаны белгілі.

Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Жұқпалы инфекциялық және аса жұқпалы инфекциялық ауруларды алдын алудың басты қағидасы тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Жоғарыда келтірілген мәселені негізге ала отырып, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі аймақ тұрғындарын көзге көрінбейтін кесел болып табылатын жұқпалы инфекциялық аурулармен саналы түрде бірлесіп күресуге шақырады:

  • салауатты өмір салтын ұстануға;
  • тазалық жеке гигиенасын сақтауға;
  • мерзімді екпе алудан бас тартпауға;
  • медициналық қызметкерлердің емдеу және алдын алу жұмыстарына жәрдемдесуге;
  • бағулы малдарды уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізуге;
  • қоғамдық орындарды (көшелерді, сауда және жұмыс орындарын, логистикалық қызмет көрсету нысандарын және т.с.с.) таза ұстауға;
  • өздеріңізден аурулардың белгілері анықталған жағдайда оқшалануға;
  • сынамадан өтіп, рұқсат етілген вакциналарды пайдалануға кедергі жасамауға.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!», – дейді дана халқымыз. Жарқын болашақ тек қана дені сау ұлттың қолында екенін ұмытпайық, ағайын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<