Қызылордада құлпынай өседі

2168

1

Сенбей отырмысыз? Рас! «Болашақ» университетінің ғалымдары оны оқу орнының жылыжайында өсіріп келеді. Төрт блокты жылыжайдың бір блогы осынау сұлулық пен жастық жемісіне арналған. Оның ішінде «Қысқы хош иіс» деген түрі құлпырып тұр. Далада қыс болса да мұрныңа жаздың иісі келеді.

Ғалымдар құлпынай өсірудің әдеттегідей агротехникалық емес, голландиялық тәсілін тиімді деп тауыпты. Әбден шіріген көң аралас топырағы бар жерге алдымен жіңішке пластикалық түтік жүргізді. Үстіне қара пленка тартып, белгілі бір аралықта дөңгелетіп ойылған орынға көшеттер егілді. Пленка арамшөпті қаулатпай, ылғалды сақтап, жидектің таза күйінде пісіп-жетілуіне көмектеседі. Ал оның қара түсті болуы жылу мен жарықты көптеп сіңіруге жол ашады.

– Біздің «құлпынай» деп жүргеніміз –бүлдіргеннің бір түрі. Отаны – Шығыс Азия. ХV ғасырдан бері белгілі болғанымен ХVІІ ғасырға қарай түрлі сортты шағылыстыру арқылы ананастық құлпынай пайда болды. Құлпынайдың 300-ден аса түрі бар. Әйткенмен, осы түрі жиі кездеседі. Дәмі жөнінен ананасқа ұқсас, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Жанұзақов.

Машақаты көп жұмыстың басында жүрген ғалым бұрын өзі де құлпынай өсіргенін айтты. Оған соншалық ерекше күтімнің қажеті жоқ көрінеді. Тек тұқымды дұрыс таңдай білу, түбін әлсін-әлсін қопсыту керек. Ылғалсүйгіш өсімдік болғандықтан уақытылы суарып, арамшөптерден тазартып отыру аса маңызды. Құлпынай көшеттерін тамшылатып суарған тиімді. Аққан су далаға кетпейді, әрбір қоршалған көшеттің бойына барады.

«Болашақ» жылыжайында бұдан бөлек қияр мен қызанақ жайқалып тұр. Түйнегінің ұзындығы 16-18 сантиметр болғанда қиярдың салмағы шамамен 190-210 грамм тартады. Өнім жиналғаннан кейін бір өсімдік 10 келіге дейін өнім береді. Оны балғын күйінде де, салат үшін де пайдаланады. Ал черри («cherry» – шие) қызанағы көкөніс салаттарының ажырамас бөлігіне айналғалы қашан?! Түйір түрінде жеуге де ыңғайлы. 1970 жылға дейін дәл бүгінгідей танымал болған жоқ және тағамның сәнін келтіру мақсатында ғана қолданылды. Қазір олай емес: әрі дәмді, әрі пайдалы.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Ақерке Тәжекееваның айтуынша, егілген көкөніс пен жемістің алғашқы легі қараша, желтоқсан, қаңтар айларында жиналған.

– Жылыжаймен айналысуды көпшілік қиынсынады. Бірақ көзін таба білсе, бұл кәсіптен пайда табуға болады. Ол үшін қысы-жазы тынбай жұмыс істеу керек. Біздің өнім осы күні өзіміздің ұжымдағылардан ауыспайды. «Дәмі тіл үйірерлік» деп мақтайды бәрі, – дейді А.Кеңесбайқызы.

Сұранысқа байланысты жылыжай аясын кеңейту көзделіп отыр. Ғалымдар қияр, қызанақ пен құлпынайдың қатарына лимон, мандарин сияқты цитрусты жемістерді де қосқысы келеді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<