Қызылордада сотталғандар туған-туыстарымен кездесті

661

0

Фото: ҚАЖД

Халықаралық Нельсон Мандела күніне орай, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 37 мекемесінде сотталғандардың туған-туыстарына арналған ашық есік күні өтті.

Мекеме қызметкерлері ашық есік күнін өткізудің мақсатымын таныстырып, мекеме аумағына экскурсия ұйымдастырды.

Ашық есік күніне бірінің анасы, енді бірінің жұбайы, кейбір жазасын өтеушілердің аға-інілері келді. Олар жазасын өтеушілердің жатын орындарынан бастап, асхана, кітапхана, жуыну бөлмелерін аралап көрді.

Сотталғандар туған-туыстарымен кездесіп, қал-жағдайларын сұрасып жатыр. Жазасын өтеушілердің туған-туыстары да көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, осындай кездесу ұйымдастырған мекеме әкімшілігіне алғыстарын жаудырды.

Алғыс айтқан ананың баласы осы мекемеде жазасын өтеп жатыр. Ұлы абайсызда жол көлік оқиғасын жасап, сот үкімімен бас бостандығынан айырылған. 

«Ұлым қанша жаста болса да мен үшін әлі бала. „Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ“ демекші, балама аналық ақылымды айтуға келдім. Маңдайыңа осы жерде болу жазса қайтеміз енді, шүкір, жағдайын көзбен көрдім. Жазасын өтеп, аман-есен ортамызға — отбасына оралсын дейміз. Күнделікті телефон арқылы сөйлесіп тұрғанымызбен, көзбен көру бір бөлек. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді, ұлыма шыдамды, сабырлы бол, жақсы күндерің алда деп ақылымды айттым. Осындай іс-шараны ұйымдастырған мекеме әкімшілігіне алғысым шексіз», — деді сотталғанның анасы.

Мекемеде мұндай іс-шаралар тоқсан сайын өткізіліп тұрады.

Жаза басып, жаңылған азаматтарды түзетуге оң әсерін тигізіп, туған-туыстарымен байланысты қалыптастыруға көмектеседі. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<