Рахмет саған, Бәйгеқұм!

583

0

Рахмет саған, Бәйгеқұм! Бәйгеқұм стансасында 1946 жылы Түркістан әскери округіне қарасты «ЛЗУ» деп аталатын мекеме ашылған. Халық та оны осылай атады, егер бас әріптерді қазақша тарқатсақ, отын дайындау мекемесі деп атауға болады.

Осы мекемеге екінші дүниежүзілік соғыстан соң жапон тұтқындарын әкеліп жапты. Олар уақытша жұмысқа жегіліп, еліне қайтарылды. Сонымен бірге сол кездегі одақ аумағынан жер аударылған неміс, шешен, түрік, кәріс ұлтының өкілдері де болды. 

Қызылқұмның іші сыңсыған сексеуіл, ЛЗУ жұмысы қызу жүрді.

Отын дайындау мекемесі Қызылқұмның сексеуілін көліктерге артып, стансаға әкеліп түсіретін. Онан әрі пойызға тиеліп, Ташкентке жөнелтіледі. Сексеуіл тасуға құмда жүруге арналған «ЗиЛ» жүк машиналары пайдаланылды. Отын тиеп, қаз-қатар кетіп бара жатқан олар қайтқан құстардың легіне ұқсайтын.

ЛЗУ жұмысшыларының көбі шопырлар. Олардың бұл жерге отбасымен келгендері де көп. Осы елге сіңісіп кеткен өзге ұлт адамдары кейін қазақшаны мақалдап сөйлеп, майын тамызатын дәрежеге жетті.

Андрей, Мария, Осфальт, Карл деген есімдерді бәйгеқұмдықтар бүгінге дейін ұмытқан жоқ.

1977 жылы ЛЗУ мекемесі таратылды. Көмір көбейе бастаған кезде сексеуіл тасу тиімсіз болып қалды. Отыз жылдан аса отын бұтаған бұл мекеме Қызылқұмның сексеуілін бәрібір тауыса алмады. Бірақ, ағаштың сұлтаны саналатын сол сексеуілге обал жасады.

Отынды көбірек қажетсінген халыққа бермей, Ташкентке тасып, жия берді. Тығыз жиналған сексеуіл арасы қызып, тышқан, бүрге сияқты жәндіктер әуестенетін болған соң одан оба ауруы таралуы мүмкін деп әскерилер мыңдаған тонна байлықты әр бес жыл сайын өртеп отырды.

ЛЗУ тараған соң оның қарамағындағы көптеген техникалар жұмыссыз қалды. Осыны пайдалана отырып, 1977 жылы Бәйгеқұм көкөніс-бақша совхозы құрылды.

 Жаңа айтып отырған өзге ұлттар еліміз тәуелсіздік алып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас нығая түскен тұста тарихи отандарына көшті. Ел-жұртпен қимай қоштасты.

Әбдімәжит деген шешен көшерінде үш түйе сойып, бүкіл ауылға ас берді. «Біз Бәйгеқұм қазақтарының арқасында өсіп-өндік» деп ризашылығын қайта-қайта айтып кетті.

Сол Әбекең онан кейінгі жылдары да Бәйгеқұмға келіп, ас-құдайы беріп кетіп жүрді.

Міне, осы қасиетті Бәйгеқұмның топырағы пана іздеген талай ұлт өкілінің бесігі болды. Ешкімді өзекке теппеді. Неміс те, орыс та, шешен де қазақ халқының кеңпейілдік, кішіктік, жомарттық секілді асыл қасиеттерін өз бойларына Бәйгеқұм жұртынан сіңіріп ала кетті.

Қазір байланыс технологиясының шырқау биікке шыққан заманы ғой. Естуімізше, осы өлкеден көшкен сол ұлттардың ұрпағы өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларына «Рахмет саған, Бәйгеқұм!» деп жазып қояды екен. 

Осыларды естіген соң өзіміз де әлеуметтік желілерге барлау жасап көрдік. «Одноклассники» деген арнайы топқа көзіміз түсті. Ресейлік Юрий Долгов деген азамат «Байгакум – как много в этом слове…» деп парақшасын көрнекі сөзбен ашыпты. Жүрекжарды сөзін «Қамыс зауыты жақтың ақ топырағы мені адам қатарына қосқан сен ғой» деп жалғастырыпты.

Мұны оқыған осы топтағы Александр Кузьмин «Мен баяғыда бәйгеқұмдықтардың бәрін танитын едім» деп жазса, Татьяна Безручкина «Бәйгеқұмдықтар, сіздерді 2018-ші жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын!» деп тілек қалдырыпты.

Мұның бәрі бір кездерде осы қасиетті жерден өсіп-өнген өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ақжарылқап алғысы!

Д.АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<