Редакцияның бiр күні немесе штаттан тыс тiлшiнiң жұмыс процесi және журналистермен таныстыру

1629

0

Редакцияның бiр күні  немесе штаттан тыс тiлшiнiң жұмыс процесi және  журналистермен таныстыру Биылғы 2019 жылдың 1 шілдесі күні 90 жасқа толып, қараша айының 28-жұлдызы күні 90 жылдық жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде (бұрынғы атауы «Ленин жолы)» осыдан тура 30 жыл бұрын жарияланған Қази Данабаев пен Оразбек Мақсұтовтың «Редакцияның бір күні» атты мақаласын қалың оқырман назарына қайта ұсынып отырмыз.

Редакцияның бiр күні 

немесе штаттан тыс тiлшiнiң жұмыс процесi және 

журналистермен таныстыру

Зәуқайымда жолыңыз түсiп қалаға келсеңiз, жұмыс бабымен бiзге де сол соға кетерсiз. «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейдi ғой халық нақылы, қарт Қаратау мен ақ басты Аралдың арасына құрдай жорғалап, халқына қалтқысыз қызмет жасаған «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы» газеті) 60 жасқа толып отыр. Өктемнiң өкпесiн басып, жазықсызға араша түскен, жақсының мерейiн тасытып, жалқаудың ар-намысын оятуға қал-қадiрiнше үлес қосқан бауырларыңның жағдайын бiр көрiп кетудiң әбестiгi жоқ. Оның үстiне, көп болып кеңесiп, бағыттасып алатын басқа да шаруаларың болар… Келiңiз…

Десе де, елдiң адамы ертешiл келедi. Босағамыздан боз торғай шырылдамай аттасаңыз да елсiзде елегiзiп тұрғандай болмайсыз. Себебi, бiзде сағат тоғызға дейiн ұйықтайтын бозөкпе бала жоқ. «Бүгiнгi жұмысымыз түбi осында ғой» деп, жiгiттер таңмен таласа редакцияға келе бередi. Рабайда, онда да үнемi емес, ешкiм көзiңiзге түспесе, ұядай бөлмелердiң қуықтай коридорынан керi бұрылмаңыз. Бiреу сырнайдай созып:

Редакцияның бiр күні  немесе штаттан тыс тiлшiнiң жұмыс процесi және  журналистермен таныстыру – Әй, кiм бар мұнда, – деуi мүмкiн. Секемшiл болсаңыз селк ете қаларсыз, ғафу өтiнемiз. Әрi қарай тыңдаңыз.

– Ұйықтап қалғаннан сау ма мыналар, тұрыңдар! – деген әлгi әлсiз дауыс құлағы қатайған домбыра iшегiндей күшейе түседi. Әй, достым-ай, абдырап айналаға қарайтын ештеңесi жоқ, бұлар типография жақтан тiлдесуге зар болып отырған корректорлар ғой. Әйел дауысты болса – не Баян, не Ғалияш. Ер дауыстардың иесi – Сәбит пен Ағыбай болып келедi. Өйткенi, Кенжебайдың жұмысы шамалы кештеу басталатын едi.

Таңертеңгi тәттi ұйқы мен қатты ұйқының арасында қалғып кеткен кезекшiң мен болуым мүмкiн. Әсiресе, елiмiз өмiрiне елеулi жаңалықтар әкелер, форумдар күнi – газет дегенiңiз түн ұйқыңды төрт бөлетiн бала сияқты. Төрт бетiне – төрт мәрте оянасың. Түсте деп өтiрiк айтпай-ақ қояйын, сиыр сәскелiкте қол қоятын күнiмiз болады. Бәрiн бiрдей тап-тұйнақтай етiп үлгеру мүмкiн емес қой. Себебi, бiздiң газеттiң жасы алпысқа толса, линотип машиналары жетпiске жеткен шығар. Осындай жас ерекшелiктерiне байланысты кiдiрiп-мүдiрiп қаламыз. Бiрақ, бұндай кемшiлiк кiмде жоқ.

– Әлгi ертемен келетiн жiгiттерiңiз қайда? Бұл сауалыңыз, тiптi орынды. Соған қарағанда:

– Сiз бiздiң штаттан тыс тiлшiмiз боларсыз, – деймiн ғой.

– Иә.

– Iм-м-м… Дұрыс. Қазiр сағат сегiзден өтiп барады. Аңдамай өте шықпасаңыз редакторлар өз бөлмелерiнде отырған да болар.

– Ой, жоқ, редакторға көрсетердей үлкен дүние емес қолымдағы, еңбек адамдары жайлы жазылған екi беттiк мақала ғой, тастай кетсем деп едiм.

Құдай-ау, өңiм бе, түсiм бе? Бiздiң тiрегiмiз болған тiлшiлерiмiз, айналып қана кетейiн алыста жүрген авторларымыз кiшкене мақаланың өзiне зор жауапкершiлiкпен қарап, жер түбiнен ат арытып келуге бар. Сол үшiн де сiздерге мың рахмет, бауырлар. Қазiр төмен түсiп, оң қолтығыңыздағы көк есiктен көктей өтсеңiз… Ағашы жайқалып, көгi көтерiлген жап-жасыл қорамызға барасыз. Бөлме iшiндегi қапырық ауа қайтқанша, жiгiттердiң таңертеңгi таза ауамен демалатыны бар. Осы арада еңбекшi хаттары бөлiмiнiң меңгерушiсi Қайырбек Мырзахметов те кездесер. Ол кiсiнiң ертелеп келiп, заманында өз қолынан отырғызған ағаштарды сыртынан шолып кететiн әдетi. Айтпақшы, ешкiм естiмесiн, «Ленин жолының штаттан тыс тiлшiсi» деген куәлiк керек де, шаруаңыз сол кiсiден бiтiп қалар…

Ол ендi өзiмiзше ғой. Әйтпесе, ағамыз мақалаңызды мәпелеп тұрып Айман арқылы журналға тiркетедi. Тiркетедi де, «Оқырман хаттары» деген рубрикаға жараса қарсы алдыңызда қаралай қысылып-қымтырылып отырған Шайзада Рахметбеков деген ағамызға бередi. «Әзiл әңгiмелерiн оқып жүрмiз» дейсiз бе? Талантты деп тасынып сөйлемей-ақ қоялық, қарсы алдыңызда қарап тұрған сол кiсiнiң өзi ғой. Бiрақ, әкелген мақалаңыз «Оқырман хаттарының» оясына келмесе, басқа бөлiмге жiберiлуi мүмкiн. Мысалы, «Өнеркәсiп, транспорт және құрылыс». Бұл бөлiмнiң талабына сай келмейдi дейсiз бе? Ендi қайтесiң, бөлiм меңгерушiсi Итен аға Қарымсақовпен танысқаныңыз да ғой. Иекең сiздi кемi қырық жыл тосып жүргендей жiк-жаппар болып, амандық-саулық сұрасып, талай тапсырмаларын үйiп-төгiп жiберер едi. Қысқасы, бiз де тамаша таныстықтың куәсi болар едiк. Ендеше, бұл бөлiмнiң есiгiн қағып, аудармамен айналысып жатқан Жолдасбек екеуiнiң (Ақсақаловты айтамын) мазасын алмай-ақ қоялық. Оның үстiне Жолдасбек те қызуқандылау едi.

Сiзге сәлемдесiп өткен екi қыз тары қуырғандай бытырлатып машинка басатын – Айманкүл мен Бағдагүл. Тағы да Қаршыға апамыз бар, жаңа ғана сiзге жақсы көзқараспен қарап жүрген, қазiр машинканы бауырға алып, басы көрiнбей отырған жiгiтiмiз Советтер және әлеуметтiк мәселелер бөлiмiнiң меңгерушiсi Оразбек Мақсұтұлы. Өзiнiң, әдетi солай, таңертеңнен тапжылмай, тау-тау хаттардан құймақтай құйып, қызықты материал жасаудың шеберi. Серiгi – қаламы жанр талғамай, қарбыта жазып жүрген, «Атаулар асыл қазынамыз» атты мақалаға орай оқырман хаттарын қорытып жатқан Сейiл Боранбаев. Айтпақшы, мақалаңыз не жөнiнде едi?

– Арендаторлар туралы…

Не дейдi жаным-ау!.. Өзiм де жусанның исi бұрқырап келген жiгiтсiң ғой деп жорығам. Аяңдап аграрлық бөлiмiне барайық. Ақаң, мерекелiк номер мәселесiмен редакторға кеткен. Ендi, отырыңыз… Бiзде бiлесiз хат көп, оқырман 50 мың. Тақырып саналуан. Жиын, мәжiлiс, кеңес, конференциялардан қағыс қалмай жүргенде, хаттар ағымы аз-кем iркiлiп қалатын жағдайы бар…

– Сонымен мақалаңыз аренда туралы болды ма?

Аренда да – адамгершiлiктiң қызметшiсi.

Штаттан тыс тiлшiмiздiң де тiлегi түзу екен. Қазiргi күнi барлық бөлiмдер адам факторы мен рахымшылық, әлеуметтiк әдiлеттiлiк жайлы дендеп жазып жатыр. Бұған насихат бөлiмiне жетекшiлiк жасайтын Шәкизат Дәрмағамбетовтiң де қосқан үлесi қомақты. Бұл бағытта қалам тартпай жатқан журналист жоқтың қасы.

– Мына келiп жатқан кiсiлердi көрдiңiз бе?

– Көрiп тұрмын. Олар да бiз секiлдi қызылдың қиясынан келген ауыл тiлшiлерi шығар.

– Онда сөз кәнi, бұл жолдастар дос-жаран, туған-туысқандары мүшел тойымен құттықтау үшiн Шора Ерәлиев ағамызға келiп тұр. Мiне, ағамыздың өзi де шықты.

– Шора аға, қырманыңыз тасысын, құттықтаушыларың көп көрiнедi.

– Шүкiр, шүкiр… Өзiң де осындай қызыл қырманның ортасында жүргейсiң. Шылым шегуге де мұрсатым келмей, шыр көбелек айналып тұрғаным.

Мiне, достым, адамға ықылас бiлдiрудiң осындай мөлтекше формасына дейiн ескерудi мақұл көрдiк. Ендi материалыңызды оқылық. Мiне… Мақалада: «Ол көптеген жылдан берi, 1967 жылдан өндiрiс бригадирi болып iстейдi» депсiз. Бiз хат қорытқанда, «көптеген жылдан» деген тiркесiңiздi былай ғылып алып тастаймыз. Сонда сөз қайталанбай: «Ол 1967 жылдан өндiрiс бригадирi болып iстейдi» болып шығады.

– Ғажап екен!

– Азап екен деңiз… Еңбекшi хаттарының әр сөйлемiн екшеп отырып, ойын сақтауға тырысады жiгiттер. Қаз-қалпында жариялауға құштармыз.

– Ендi болды ма?

– Жоқ, қазiр машинкаға басамыз. Жүрiңiз… Мiне, съезд депутаттары мен сайлаушылардың кездесуi жайлы мақала бастырып жатқан ағаңыз партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi Айжарық Сәдiбеков.

– Айжаға, жағдайыңыз жақсы ғой?

– Құрысын, күн ысып кеттi… Жұтатын да ауамыздың өзi таза емес. Қалай күн көремiз? Мұхамеджан командировкаға кетiп, мына материал нөмерге баратын…

Тырс, тырс, тырс… Тырс, тырс, тырс… Қысқасы, сiздiң материал дайын. Өкпе-қақпаңызға қалмасақ 2 бетiңiз 1,5 бет болды.

– Жоқ, ендi болды ма?

– Қайда-а, әлi!.. Қазiр бөлiм меңгерушiсi оқып кем-құтығын толықтырады, сосын редактор оқиды…

– Одан соң газетке шыға ма?

– Әлi де асықпа, бауырым. Газеттiң жауапты секретары Әбдiбай Уәлиев жоспарға енiсiмен мәнерлеп тұрып мәкетiн сызу үшiн бөлiмдегi Болат пен Расул сынды жiгiттерге бередi.

– Жiгiттер «Облыстың еңбек тынысына» не бар? Мына келе жатқан –Расул. Сыр бойының тыныс-тiршiлiгiн алуан қырынан ашатын материал таппаса, жар жағалап кететiн жағдайы бар. Жалпы, достым, мақалаңыздың ай маңдайы ашылып тұр екен, номерге кетуi ғажап емес, тездетiп оқытып алайын…

…Бiттi, шаруа. Ризасыз ғой. Ендi сiз таныспаған бiр ғана бөлiм – «мәдениет, әдебиет және оқу орындары» деп аталады. Сәлемдесе шығыңыз. Бөлiм меңгерушiсi Тоқболат Еңсегенов осы кiсi. Өзiңiз бiлесiз, аяқ-қолы жинақы әңгiме, өлең деген осы заманда таптырмайды. Бұл кiсiлер том-том роман мен топтама өлеңдердiң авторлары алдында қарадай кiнәлi болып жүр. Несiбелi машбюрода ма, Тоқа?

– Иә, бұл жiгiт ақын ба?

– Ешқандай секем алмаңыз… Ел iшiндегi тiлшiмiз… Сонымен қымбатты, бауырым, бiз екеумiз редакция iшiндегi бiр күндiк жұмыс процесiн бақайшақтап бiлмесек те, басын шала таныстық. Газет қызметкерлерiнiң бейнет-зейнетiн бүге-шiгесiне дейiн танып-бiлу үшiн кемi 30-40 жылдай баспасөздiң майын iшкен меншiктi тiлшiлерiмiз Шәкизат Дәрмағамбетов, Мырқы Исаевтардай еңбек етуiңiз керек. Ал, қазiргi күнi қасымызда жоқ ардагерлерiмiз қаншама?

– Аз таныстық болмады, мен ендi елге жүрейiн. Хош, сау болыңыздар!

– Сау тұрыңыз, қаламыңызға жел бiтсiн, кәдiрмендi тiлшi. Хат үзбей хабарласып, ауыл өмiрiндегi жан сүйсiнер жаңалықтарды жедел түрде жеткiзiп тұрады деген үмiттемiз.

– Әлбетте!

Қази ДАНАБАЕВ,

Оразбек МАҚСҰТҰЛЫ.

«Ленин жолы» газетi. 1 шілде 1989 жыл.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<