Референдумның маңыздылығы түсіндірілді

1829

0

Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөнінде ақпараттықтүсіндіру жұмыстарымен Мәжіліс депутаттары, республикалық АНТ мүшелері өңірге жұмыс сапарымен келді.

«AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалым Әміреев  Жалағаш ауданы Т.Жүргенов ауылында «Ер-Әлі» ЖШС жұмысшыларымен жүздесті. Мәжіліс депутаты егіншілерге алда келе жатқан референдумның маңыздылығына тоқталып, оны қолдаудағы ақпараттық-насихаттық жұмыстарды таныстырды.

Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі пайда болып, елдегі саяси ахуалға жаңа леп болатын Конституциялық референдум  жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізілмек. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуының бірден-бір дәлелі.

–    Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге де негіз бар. Ол биліктің өкілді тармағын (Парламент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Жаңартылған Заң аясында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – елдегі саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үдерісті үдете түсетіні сөзсіз, – деді Ғалым Әміреев.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, республикалық штаб мүшелері Бақытбек Смағұл мен Генадий Шиповских Жалағаш кентіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығында аудан тұрғындарымен кездесті.

Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың республикалық ғана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады.

Ал,  референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беру үшін, қоғамдық ой-пікірді талқылап-таразылау мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы республикалық  штабының  мүшесі  Балайым Кесебаева кәсіпкерлермен кездесті.

–    Мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасау үшін референдум өткізілгелі отыр. Бірнеше рет конституция өзгерді, бірақ барлығы парламент арқылы шешіліп келген еді. Енді үлкен өзгерістер болуына байланысты референдум қажет болып отыр. Өйткені конституцияның 33-бабына, яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмекші. Әсіресе, ең қағидатты жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалып отыр. Басқа да үлкен-үлкен мәселелер бар. Бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр, – деді Балайым Кесебаева.

Онан бөлек, Балайым Туғанбайқызы және  облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов  Жаңақорған ауданында жергілікті депутаттармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

– 5 маусым күні жалпыхалықтық референдумда Конституциядағы  98-баптың 33-іне өзгеріс  енгізілетін болады. Алдағы референдум – жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайтуды көздейді, – деді Балайым Кесебаева.

Онан кейінгі түсіндірме жұмыстары аудандағы «Шалқия цинк» АҚ тау-кен байыту комбинатында, жастар ресурстық орталығында жалғасты.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<