Құрманқұловтың қолтаңбасы

1159

0

Құрманқұловтың қолтаңбасы Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Құрманқұлов мерейлі 70 жасқа толды.

Сырдария өзенінің төменгі алқабы, яғни, Оңтүстік-шығыс Арал маңы, көне заманнан тұрақты сауда-саттықтың, Евразия далалары көшпенділерінің мәдени және этникалық қарым-қатынастарының орталығы, сонымен қатар, көшпенділер өркениеті мен Орта Азияның отырықшы оазистерін байланыстырған аймақ болды. Осы жерде атақты сауда жолдарымен  бірге (әсіресе, Ұлы Жібек жолы), тарихи миграция іздері жатыр. Сыр өңірінде оған дәлел болатын керемет ескерткіштер көп. Олар жайлы алғашқы деректерді б.з.д. І мынжылдықтың орта кезеңінде өмір сүрген ежелгі Грек, Рим, Парсы елдерінің көрнекті тарихшылары мен жиһанкез географтарының еңбектерінен кездестіреміз. Орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолымен сапар шеккен араб, парсы, Европа елдерінің ғалымдары мен саяхатшыларының, елшілері мен әскери мамандарының еңбектері бұл мәліметтерді толықтыра түседі. Ғылыми археологиялық қазба жұмыстарын негізінен екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО Ғылым Академиясы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кең көлемде жүргізді. 1946 жылы басталып 90-жылдарға дейін жалғасын тапқан бұл зерттеулер нәтижесінде жүздеген ескерткіштер тізімге алынып, оннан аса қоныстар, қорымдар мен қалалар, ауыл жұрттары, кең тараған жасанды суландыру жүйелері зерттелді. Сонымен қатар, тас, қола және ерте темір дәуірлерінің ескерткіштері алғаш рет анықталып, өзіндік белгілері айқындалып, кезеңдерге, мәдениеттерге бөлінді.

Сыр өңіріндегі тарихи құндылығы зор жүздеген ес­керт­кіштерді одан әрі зерттеу мақсатында 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті барлау экспедициясын жасақтады. Ә.Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Құрманқұлов бастаған экспедиция құрамына университет тарапынан археолог Т.Мәмиев, жырау А.Алматов және басқа да бірқатар ғалымдар енді. Экспедиция мыңдаған шақырым жол жүріп, жүздеген ескерткіштерді зерттеп, ұзақ жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын жасады. Сонымен қатар, Сырдария қалаларының көне мәдениеті және Қорқыт мұраларына байланысты 1999-2010 жылдар аралығында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының бағдарламасы айқындалып, ғылыми ізденістер жаңа мазмұн алды.

Бұл ғылыми жұмыстардың орындалуы араға бір­неше жылдар салып Елбасының «Мәдени мұра» бағдар­ламасының жүзеге асуымен тұстас келді. Бағдарлама аясында Сырдың көне сағасы бойында орналасқан Арал маңы сақтарының орталығы, астанасы болған Шірік-Рабат ескерткіші еніп, оны зерттеу үшін 2004 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтында археологиялық экспедиция жасақталды. Құрамында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­ле­кет­тік университетінің бір топ сту­денттері бар экспе­дицияны Жолдасбек Құрманқұлов бас­тап, қазан айының басында ежелгі Шірік-Рабат жанына лагерь тіктік.

Ескерткіш Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 100 шақырым жерде, Жаңадарияның кепкен арнасының сол жағалауындағы көлемі 850х600 метр болатын табиғи төбенің үстінде орналасқан. Алғаш көргеннен-ақ қаланың мықты қор­ғаныс жүйесі (биік дуалдар, бекіністі мұнаралар) және алып обалары, ғибадатханалары мен мавзолейлері ерекше әсер қалдырды. Экспедиция құрамында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдарымен бірге Жезқазған қаласы мұражайының жас мамандары мен қызметкерлері болды. Экспедиция Қызылқұм кү­зі­нің қара суығына қарамастан, нәтижелі жұмыс жаса­ды. Жолдасбек ағай қаланың ішкі бөлігін мұқият аралап көріп, қазба орнын белгіледі. Бұл нысандағы қазба жұ­мысы екі жылға созылды. Кейіннен белгілі болғандай, атал­ған нысан Арал маңына белгісіз болып келген керемет жерлеу құрылысы болып шықты. Жерлеу лақатында ба­­тырдың не тайпа көсемінің отбасымен жерленген мәйіт­­тері табылды. Қазба алтын жапсырмалар, бағалы тас­тар­дан жасалған моншақтар, қылыш, қанжар және т.б. өте бай жәдігерлер берді. Сонымен қатар, иығында көне парфяндық жазу үлгісінде жазуы бар қыш көнек табылды.

Ғалым қазба жұмыстарымен қатар қазан айының аяғында  Шірік-Рабат ескерткішінің маңайына экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия барысында біз Шірік-Рабаттың оңтүстік-шығыс жағында 20 шақырымға созылып жатқан елді мекенмен, б.з.д. VII-V ғғ. мерзімделетін Сеңгіртам ескерткіші және Шірік 2 мавзолейімен таныстық. Осы Шірік 2 ескерткішінің басында археолог менен «Әзілхан, ғылыммен айналысқың келе ме?» деп сұрады. Экспедиция жұмысына қызығып жүрген мен қуана келістім. Жолдасбек ағай қолынан келген көмегін беретінін, археология ғылымының қызығы мен қиыншылығының қатар жүретінін ғылымға адал болу керектігін айтты.

Ғалым «Қызылорда облысы тарихи-мәдени ес­керт­кіштер» жи­на­­ғын шығару мақ­сатында Шірік-Рабат ар­хеологиялық экспе­ди­циясының 2005-2008, 2011 жылдары жасақталған барлау отрядына же­тек­шілік жасады. Қа­ратау мен Арал теңі­зінің аралығын алып жатқан Сырдың төменгі ағысы бойында орналасқан жүздеген ескерткіштерде архео­логия­лық барлау жұмыс­тары жүргізіліп, ес­керт­кіштердің есебі алынды, гео­гра­фия­лық координаттары анықталды және фотофиксация жұмыстары жасалынды. Барлау жұмыстары нәтижесінде ұжымдық монография жарық көрді.

Тынымсыз зерт­­теу­лердің нәти­жесінде Сыр­дария­ның ежелгі арналары бойында орналасқан тас дәуірінен бас­тап кейінгі ортағасырлық кезеңдерге дейінгі аралықты қамтитын мыңнан аса тарихи және мәдени ескерткіштерді кезеңдерге және мәдениеттерге бөле отырып, Арал маңының қалыптасу тарихы жайлы жүйелі көзқарас қалыптасты. Сонымен қатар, археологиялық деректер негізінде Сырдың ежелгі арналарының пайда болуын, қалыптасуын, олардың «көшу» циклдерін көрсететін археологиялық карта жасалынды.

2004 жылы Шірік-Рабат қалашығынан бастау алған зерттеулер Баланды, Бәбіш-мола кешендерінде жалғасын тауыпты. Еліміздің тарихындағы ең алғаш қалалық, отырықшы мәдениеттің озық үлгісінен деректер беретін зерттеулердің жаңа кезеңі басталды.

Жалпы Жолдасбек Құрманқұловтың жетек­шілігімен «шірікрабаттық мектеп» қалыптасты десе де болады. Он бес жылға жуықтаған ізденісте  көптеген жас мамандар ғылыми тақырыптарын белгілеп, деректерін жинақтап ғылымның даңғыл жолына түсті. Атап айтқанда, Айдар Ысқақов, Жанболат Өтебаев, Рүстем Дәрменов, Жайна Сыдықова, Еркебұлан Елеуов, Ыслам Құрманиязов, Қызғалдақ Шарапова, Мақпал Сүйіндікова, Жетес би Сұлтанжанов және т.б.

2004 жылы Қызылорда қаласында өткен «Арал аймағының археологиялық зерттелуі: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми конференция нәтижесінде Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын кешенді зерттеу мақсатында Қорқыт ата атындағы ҚМУ, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты және РҒА Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты арасында үшжақты келісім шарт жасалынды. Бұл шара университетіміздің жас археологтары үшін көп мүмкіндіктерге жол ашып, ғылым жолына түсуіне жағдай жасады. Ректораттың шешімімен университеттің арнайы жолдамасы бойынша Мәскеу қаласындағы РҒА Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының аспирантурасына алты маман аттандық. Жолдасбек Құрманқұлов осы іс-шаралардың үнемі басы-қасында болып, біздің кандидаттық диссертация жұмысымыздың тақырыбын таңдауда, оны жазу барысында кеңес беріп, жетекшілік жасады. Нәтижесінде, 2011 жылы университет жанынан жас мамандардың басын біріктірген «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бүгінде ғалым осы орталықтың ғылыми кеңесшісі.

Жолдасбек Құрманқұлұлы бізді сту­дент кезімізден-ақ ғылымға, құм басқан Сыр өркениеттерін зерттеуге баулыды. Ағалық қам­қор­лы­ғынан, ғылымға адалдығынан айнымай, өз бітім-бол­мысымен үлкенге де, кішіге де үлгі болып, құрметке бөленіп келеді. Ең бастысы, ғылымға адал, білікті де білімді шәкірттер тәрбиелеп, Сыр жерінде өз қолтаңбасын, яғни, «Шірік-Рабат мектебін» қалыптастырды.

Ә.ТӘЖЕКЕЕВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының

жетекшісі, PhD докторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<