Осыдан 10-20 жылғы өмірмен салыстырғанда қазір адамдар өмірі күрт өзгеріп, жаңарып, жасарып кеткендей. Олай болатын да жөні бар. Себебі ХХI ғасырда адамзат дәуірінің ең дамыған кезінде өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Бірақ адамзат әрқашан өзінің өткен жолдарын зерделеп, бір уақыт артта қалған көне заман күмбіріне құлақ түріп, көз жүгіртіп отырғаны жөн. Себебі өткен дәуір құндылықтары, ата-баба салт-дәстүрін ұстана отырып осы күнге жеттік емес пе?
Бүгінгі ата-аналар осыны әрқашан балаларына түсіндіріп материалдық қана емес рухани байлығын арттырып отырса келешек ел тұтқасын ұстар азаматтар-бүгінгі балдырғандар ұлтжанды, елінің нағыз жанашыры болып өсері сөзсіз.
Елінің осы бір ұрпақтары арасындағы нәзік жіп үзіліп кетпесін дегендей Елбасымыз «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын ұсынды. Бағдарлама аясында көненің көзіндей болған атақты хандар, билер, батыр бабалар туралы зерттеулер мен елдің дамуына үлес қосқан азаматтар туралы, жер – су атауларының тарихы туралы мақалалар шығарылуда. Рухани жаңғыру, даму туралы түсінік беруді балабақшада қалай ұйымдастыруға болады? Тілі енді шығып, айналасындағы дүниені танып келе жатқан бөбектерге қалай түсіндіреміз?
Рас, оқу қызметі барысында суреттер көрсету, ертегі айтып беру, теледидар, видеолар көрсетіп, кездесулер ұйымдастыру арқылы түсінік беруге болады. Осыған орай, Айдарлы ауылындағы «Нұр сәби» балабақшасында ата-аналар мен балалары бірлесіп дайындаған ерекше іс-шара өтті.
Жазғы сауықтыру кезіндегі «Тәуелсіздік көгінде, жарқырап тұрар күн болам» атты іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – балаларды мамандық атауларымен таныстыру (дәрігер, шопан, құрылысшы, ұстаз мамандықтарын адам өміріндегі маңызын түсіндіру), мамандық иелеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Шараны ұйымдастыру алдында ата-аналар шақырылып түсінік берілді, мақсаты түсіндірілді. Жеребе тастау арқылы малшылар, егіншілер, дәрігерлер және құрылысшылыар ауылы болып төрт топқа бөлінді. Бағдарлама бойынша барлық топқа бірдей тапсырмалар берілді. Әр топ өз атауларына сәйкес балабақша ауласынан орын алып безендірді. Дәрігерлер тобындағы ата-аналар балаларымен бірге ақ халат, аурухана бөлімдеріне сай атрибуттар паййдаланды. Тіпті құрылысшылар тобы арнайы киім тіккізіп, керекті құрал-саймандарынан көрме жасап, бос қорапшалардан үйдің қабырғасын қалады. Ал малшылар тобы жайлау бейнесін жасап тірі бұзау мен қозы әкелді. Төрт түліктен алынатын өнімдерден көрме ұйымдастырып, олардың жасалу жолдарын балаларға түсіндірді және домбырамен әуелете ән салды. Егіншілер ауылы болса қарсыластарынан қалыспай балабақша ауласына ерте көктемде егіп тастаған, өздері «Сәбилер бағы» атап кеткен бақша жанына егіннен және көкөністерден алынған өнімдерден көрме ұйымдастырды. Олардың адам ағзасына пайдасы туралы әңгімелеп берді. Балалар көкөністер мен жемістер болып айтысса, ата-аналар «Шалқан» ертегісін керемет сахналады. Әділқазылар алқасы барлық топтың жұмысын жоғары бағалады.
Бұл іс-шараны балабақша педагогтары мен ата-аналар Астананың 20 жылдығына, облыстың 200 жылдығы мен Сырдария ауданының 90 жылдық мерейтойына тарту ретінде ұйымдастырды. Соңынан балаларды мектепке шығарып салу рәсімі болып өтті. Балаларға ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, мекеме басшылары қонаққа келіп ризашылықтарын білдіріп, үлкен өмірге басқан қадамдарына сәттілік тіледі.
Шолпан ЕРАЛИНА,
1-санатты тәрбиеші.
«Сырдария ауданына 90 жыл» төсбелгісінің иегері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<