Халықтың өзі сенген адамға артқан аманаты азамат арқалар жүктің ауыры әрі абыройлысы болса керек.
«СМП-Қызылорда» ЖШС директоры, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Темірхан Әлімқұлов V-VІ шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, халық аманатын орындауға көп күш-жігер жұмсаған азамат.
№25 Шиелі сайлау округі бойынша 2012-2014 жылдарда Бидайкөл, Н.Бекежанов ауылдарындағы 600 орындық мектептердің құрылысы уақытылы және сапалы аяқталды.
«Жиделі» топтық су құбырын елді мекендерге қосу ісі қолға алынып, орындалды.
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында қала мен Шиелі ауданының тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді назарда ұстады.
№15 «Ғарышкер» сайлау округі бойынша депутат 2016 жылы Қызылорда қаласындағы Сүлеймен ишан көшесіне жаңа асфальт төселуін өз жауапкершілігіне алды. «Шанхай» аумағы көшелері аяқ сумен қамтылды.
Республикалық «Мектепке жол» акциясын қолдап, қаладағы төрт орта мектептің 40 оқушысына мектепке қажетті құрал-жабдықтар берілді. «Наурыз шапағаты» акциясымен қала тұрғыны С.Сәрсенбаеваның отбасына азық-түлік, балаларына киім-кешек алынды.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына хат жолдап, көмек сұраған қала тұрғыны Н.Мүсілімованың үйіне сантехникалық жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Материалдық жағдайы төмен отбасыларына көмір түсіру, оқудағы балаларының төлемақысына көмектесу немесе жазғы тынығу лагерьлеріне жолдама беру сияқты демеушілік істердің тізімі ұзын.
Ең бастысы, мекеме басшысы өз жұмысшылары болсын, өзге адам болсын, жағдайын айтып келгендерді жоқ деген сөзбен қайтарған емес.
Мына бір оқиғаны мысалға келтіре кетсек, депутаттың азаматтық болмысын аша түскеніміз болар еді.
…Ол бірде көлігіндегі радионы қосып қалса «Жан шуағы» деген хабар жүріп жатыр екен. Әңгіме орта жолға келіп қалғандықтан қызылордалық жеті балалы ананың үйсіз-күйсіз жүргендігін ғана түсініп қалады. Жұмысына келеді де, қызметкерлеріне жаңағы хабар кейіпкерін табыңдар деп тапсырма береді. Олар Алматыға телефон соғып, хабардың авторымен сөйлесіп, әлгі кісінің мекен-жайын алады. Сөйтіп, Темірхан Әлімқұлов радиохабарда айтылған көпбалалы ана Назерке Қадірге 2017 жылы 3 бөлмелі пәтер сыйлайды. Ол кісінің өзі бұл жайында баспасөзде айтуды құп көрмесе де біз сауапты істің көп құлағына жеткенін қаладық.
Ал, 2018 жылы мүгедектік топтағы азаматша Райхан Жүнісоваға 2 бөлмелі пәтер сый есебінде берілген. Аталған адамдардың мекемеге қатысы жоқ. Қайырымдылықтың нағыз мұқтаж жандарға көрсетілуі – мекеме басшысының негізгі ұстанымы.
Соңғы жылдары Қызылордада қаншама шағын аудандар бой түзеп, әдемі ғимараттар еңсе тіктеді. Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы биыл өзінің алғашқы тұрғын үйлерін пайдалануға бермек. Сол жетістіктерге «СМП-Қызылорда» ЖШС-ның қосып отырған үлесі бір төбе.
Серіктестіктің өндірістік қуаты әлеуетті, кәсіби техникалармен толық жабдықталған, 245 адам еңбек етеді. Оның құрамында – лай-бетон дайындау торабы, ағаш құрылымы, механикалық, пластикалық бұйымдар, шағын темірбетон бұйымдарын жасау, қозғалқыштарды орау цехтары, екі бетон зауыты және база аумағында еншілес серіктестік есебінде жұмыс істейтін кірпіш зауыты бар.
Республикамыздың өзге аймақтарында атқарылған жұмыстарды атамай-ақ, мекеменің соңғы жылдары өз аймағымызда жасаған игі істерін тізіп шығудың өзі бір мақала аясына сыймайды.
Сонда да болса: Шиелі ауданының Ортақшыл ауылындағы 250 орындық, Тәжібаев елді мекеніндегі 300 орындық, Бала би аулындағы 900 балаға арналған мектеп, Бәйгеқұмдағы 150, Сұлутөбедегі 240 орындық клуб пайдалануға берілді.
Жаңақорған ауданының Талап пен Төменарық елді мекеніндегі 300 орындық 2 мектеп, Қыраш ауылындағы 200 оқушыға арналған мектеп құрылысы, жазғы тынығу лагері, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенін қайта жаңғырту жұмысы орындалды.
Қызылорда қаласы «СПМК-70» ауданындағы 60 пәтерлік, «Арай» шағын ауданындағы 50 пәтерлік 2 тұрғын үй, Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі 60 пәтерлік көпқабатты үй, сондай-ақ мекеменің өз есебінен Сырдарияның сол жағалауындағы 5 қабатты тұрғын үй бой көтерді.
Бүгінде Шиелі кентінде 150 төсектік аудандық аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр.
«…Қорқыт ата кешені басындағы жұмыс күндіз-түні толастамады. 2-5 тонналық гранит тастар Қордайдан әкелінді. Жұмыс басталғанда қаражат жағының кешеуілдеп қалғаны да бар, сол кезде мердігер «СМП-Қызылорда» басшысы жұмысты өз мекемесі есебінен бастап кетті. Кесенеге кіреберістегі музей мен әкімшілік жайына қымбат қаптамалар жапсырылды, мұны да мекеме өз есебінен жасады. Жүздеген бөлшектен тұратын қобыз пішінді мемориалдың бас стелласын қайта құрастыруға нағыз шебер қолдар керек еді. Міне, осыны «СМП-Қызылорда» құрылысшылары шебер орындады.
Қорқыт ата мемориалдық кешені – Сыр елінің бренді. Ал, біз айтып отырған «СМП-Қызылорда» облыстың брендіне айналған мекеме. Осылай деп айтуға толық негіз бар» – дейді сол жылдары облыстық құрылыс басқармасының басшысы болған Сержан Наметша.
Мекеме мұқтаж отбасыларға және демеушілікті қажет ететін мекемелерге қол ұшын созып, қайырымдылық жасау ісін ешқашан естен шығармаған.
Бұл мекеме қанша кадрларды өсірді. Жұмысшы болып кіріп, таңдаған мамандығымен еңбек етіп жатқандар жетерлік. Жастарды бейімділігіне қарай оқыту, тәжірибелі мамандарды жеңіл автокөлік мінгізіп көтермелеу – мекемеде үрдіске айналған іс.
Осындай еңбектерінің арқасында Т.Әлімқұлов ҚР Ұлттық Бизнес-рейтингі бойынша «Құрылыс саласындағы еңбегі үшін» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қызылорда қаласының және Шиелі ауданының Құрметті азаматы атанды.
Ол депутат есебінде де, мекеме басшысы есебінде де ел-жұртпен тығыз байланыс орнатып, заманымыздың Атымтай жомартына айналған кісі. Мұны біз осы құрылыс мекемесіне 60 жыл толып отырған кезеңде көпшілік көңіліндегі ризашылық сөз есебінде айтуды парызымыз деп білдік.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<