Садық ахунның шипагерлік әлемі

5

0

Сыр бойы – ұлттың рухани өрісін тереңнен суғарған, талай әулие-ғалым мен данышпанның ізі қалған киелі топырақ. Осындай тектіліктің қалың ортасынан шыққан дара тұлғалардың бірі – елге белгілі шипагер, ғұлама ахун, діни-ағартушы Садық ахун. Оның өмір жолы – қазақ халқының дәстүрлі шипагерлік дүниетанымы мен ислам өркениетінің рухани-ғылыми мектебін ұштастырған зерделі ғұмыр. Оның шығармашылық мұрасы – Сыр еліндегі білім мен мәдениеттің дамуына айрықша үлес қосқан сарқылмас қазына.

Садық ахунның шипагерлік тәжірибесі, діни ілімі, халық арасындағы ұстаздық-уағыздық қызметі және артында қалдырған қолжазбалары – қазақ руханиятының құнды қабаттарының бірі. Оның қаламынан туған еңбектер ел ішіндегі дәстүрлі шипагерлік, рухани-этика-лық тағылымдар, адам тәрбиесі мен имани ке-мелдену мәселелерін қамтып, қазақ халқының өзіндік мәдени тәжірибесі мен дүниетанымын тереңнен танытады.

Бүгінгі күні ахун мұрасын зерделеу – тек тарихи-ғылыми міндет қана емес, сондай-ақ ұлттық таным мен рухани сабақтастықты жаңғыртудың ерекше мүмкіндігі.

Осы мақсатта, 2 желтоқсан күні ҚР Ұлттық кітап­ха­насында Садық ахун­ның өмірі мен шығармашылық мұра­сына арналған еске алу және мерей­тойлық ғылыми-та­нымдық кеш өтті. Бұл шара – ахун мұрасының ғылыми айналымға түсуі мен жұртшылыққа ке­ңінен та­ныстырылуы жолындағы ма­ңызды қадам. Кеш аясында Садық ахун­ның оннан астам сирек кітабы мен бірқатар құнды қолжазбалары ҚР Ұлттық кі­тапханасының Сирек кі­таптар мен қолжазбалар қорына ресми түрде тап­сырылып, ұлттық мұраның мемлекет­тік деңгейде сақталуына мүм­кіндік жа­салды.

Ахунның рухани және ғылыми мұрасын жаңа буынға танытуға ба­ғыт­талған бұл игілікті іс – Сыр елі тудырған абзал тұлғаның есімін мәң­гі жаңғыртып, оның еңбегін ел қазы­насына айналдырады.

Сыр елінде есімдері қазақтың кең даласына тегіс жайылған ғұламалар ахун-ишан, мақсұмдар туралы ел әңгі­мелерінде, деректер мен құжаттарда көптеп кездеседі. Арада 2-3 ғасыр өтсе де, бүгінгі ұрпаққа жетіп, қайта жаң­ғырып келеді. Ірі діни оқу орындары саналған «Мір Араб» пен «Көкілташ» медреселерінде білім алған санау­лы­лардың бірі Садық Қодарұлы болатын. Дін мен ділді, руханиятты қатар ұс­таған Садық ахунның шапағаты тиме-ген адам кемде-кем болар.

Иран мен Францияға барудан бас тартқан ахун

Садық ахун Қодарұлы – Сыр бо­йынан шыққан ірі діндар, ғұлама ши­пагер әрі елге қызмет еткен дегдар тұлға. Ол бұрынғы Түркістан өлкесі, Сырдария облысына қарасты Ақмешіт уезі аумағында, қазіргі Сырдария (Те­реңөзек) ауданындағы Ақжарма ауылында 1860 жылы «Алтыбас Ала­ша» атанған Қодар батырдың шаңы­рағында дүниеге келіп, өмірінің соңы­на дейін туған жерінен алыстамай, 1937 жылы осы ауылда мәңгілік тыныс тапқан.

Балалық шағынан зеректігімен көз­ге түскен Садықты әкесі Қодар баба мен анасы, Жалайыр Құлман бидің қызы Танатай ерекше үмітпен өсірген. Үмітті ақтау үшін оны 14-15 жасында өңірдің белгілі дін қайраткерлерінің бірі – қожа Тапал ахунға шәкірт етіп береді. Садықтың алғырлығын бай­қа­ған ұстаздары оны кейін Сыр бо­йындағы діни білімнің іргелі орталығы саналатын Қармақшыдағы Ораз ахун Бекетайұлына табыстайды. 16 жасы­нан бастап осы ортада білім алған Са­дық қабілетімен ұстаздарын да, қа­тарластарын да тәнті етеді.

Бір жолы Ораз ахунның үйіне Кете-Шөмекей елінің төбе биі атанған әйгілі Қалдан Талқанбайұлы (1819-1912) қо­наққа келіп, елге имам қажет екенін, Аққыр маңында жаңа мешіт салдырып жатқанын айтады. Ораз ахун Садық есімді шәкіртінің зеректігін айтып, биге таныстырады. Жас жігіттің ілім-парасатына риза болған Қалдан батыр оны ауылына имам етіп алып кетеді. Көп ұзамай Садыққа биге немере ағасы Қарабастың қызы Тұрғынды қосып, отау етіп шығарады. Садық Қодарұлы бұл мешітте 1884 жылдарға дейін имамдық қызмет атқарды, талай шәкірт тәрбиеледі.

Одан кейін ол «Көкілташ» («Көкал­таш») медресесіне түсіп, төрт жыл оқып, «ахун» дәрежесін алып шы­ға­ды. Медреседе алған білімі жайлы куә­лік – шатырхат та өзімен бірге елге оралады. Садық ахун діни біліммен шектелмей, медресе жанындағы Иран­ның дәрігерлік мектебінде оқып, Ибн Синаның медициналық ілім­дерін мең­герген. Ұстаздары оның болаша­ғынан зор үміт күтіп «Иран мен Фран­цияға барып оқуыңды жалғастыр» деп кеңес бергенімен, Садық өзін ел кү­те­тінін, Сыр бойындағы жұртқа қызмет ету парыз екенін сезініп, туған жеріне оралады. Қасындағы үлкен білім иесі Дәулетназарды да ертіп келіп, халыққа таныстырады.

1898 жылдан бастап Садық ахун Қармақшы өңірінде мешіт ұстап, имам­дық қызметпен қатар емшілікке де ден қояды. Халық арасында оның аты «Садық ахун», «Садық емші» ре­тінде кеңінен танылып, шипасы да-рып, дауы жеті аймаққа тарайды. 1900 жылдары Төре әулеті мен Он екі Ата Байұлының шақыруымен Қармақшы ауданына қарасты Иіркөл маңына кө­шіп барып, елдің көмегімен жаңа мешіт салады. Бұл мешіт кейіннен халық арасында «Садық ахун мешіті» деп аталған, бүгінге дейін оның орны сақталған. Мұнда да ол әрі ұстаздық, әрі емшілік қызметті қатар атқарды.

1930 жылдардағы елді жаппай ұжым­дастыруға қарсы Ақмырза ишан бастаған қозғалыс кезінде Са­дық ахун да тілектес болып, хат ар­қылы байланысып тұрған. Осы се­беп­пен жергілікті белсенділердің көр­сетуімен 1930-1933 жылдары Қар­мақшы, Қазалы және Алматы қала­сының түрмелерінде қамауда болады. Түрмеде жатқанда, ауызша дерек­тер­ге қарағанда, республиканың бас про­куроры С.Есқараев жасырын түрде одан ем қабылдап, сауығып шыққан соң, Садық ахунның кеңес билігіне қар­сы еместігін дәлелдеп, оның боса­тылуына ықпал еткен.

Алайда Қармақшыдағы кейбір дә­рігерлер Садық ахунның емшілігін қызғанышпен қабылдап, оған қырын қарайды. Осы жағдайларды білген Ақ­жармадағы ағайындары ахунды туған ауылына көшіріп алады.

Сәтбаевты да емдеп жазған

Садық Қодарұлының шипагерлігі жайлы ел ішінде сан алуан деректер сақталған. Ол белгілі ғалым, академик Қаныш Сәтбаевты да емдеген. Ат ар­басымен Қ.Сәтбаевты бірнеше рет апа­рып жүрген Бәкір Балғабаевтың айтуынша, Садық ахунды Жосалы за­уытының директоры Сорокиннің тап­сырмасымен де шақыртқан көрінеді. Бұл оқиғалар 1927-1929 жылдары орын алған. Сондай-ақ ол ел басқарған азаматтардың бірі, КСРО-ның үш дүр­кін депутаты Қашақбай Пірімовті, Тереңөзек аудандық партия коми­те­тінің хатшысы болған Көлбай Қа­лыбаевты, 1928 жылы дипломат Маң­дай Тілеулиевті де емдеп жазған.

Ахунның балаларынан жеткен де­ректерге қарағанда, Садық Қодарұлы алдына келген науқастың тамырын ұстап-ақ оның дертін дәл анықтайтын болған. Кейде биоток арқылы емдеп, қарпу, қан алу сияқты тәсілдерді қол­данған. Ол пайдаланған шөп дәрі­лерінің ішінде «пұл-пұл терази», «жән-жебіл», «иір», көкнәр суы, жалбыз майы, «талшын», «мушкат» және түрлі тамыр дәрілері болған. Ал қарақұрт, жылан шағу, талма, қояншық секілді ауруларды дем салу арқылы жазып отырған.

Осындай білім мен емшілік өнерді қатар ұстанған Садық ахун Қодарұлы – Сыр бойының ғана емес, күллі қазақ даласының рухани тарихында терең із қалдырған дара тұлғалардың бірі. Сыр өңіріне кеңінен танылған шипагер, діндар ұстаз, ел-жұртына адал қызмет еткен парасатты тұлға. Ол әсіресе жаз айларында түр­лі сырқаттарға ұшыраған нау­қас­тар­ды өз үйіне көшіріп әкеліп, дертіне дауа іздейтін, ал діни ілім сабақ­та­рымен қатар күніне он беске жуық адамды қабылдап, қарап шығатын болған. Қыс түскенде ем-домын ме­шіт жанынан арнайы тұрғызылған бөлмеде жалғастырып, халыққа «таза­лық – денсаулықтың кепілі» еке­нін үнемі ескертіп отырған. Оның айтуын­ша, жұқпалы аурулардың көбі ұқып­сыздықтан, тазалыққа мән бермеуден туындайды. Сондықтан қысқы қоныс­қа ел қоныстанар алдында үй ішін тү­гелдей сілтімен жуып, ыстатып, екі-үш күнге есігін бекіткізіп қоятын. Белгіленген уақыт өткен соң «гаж» деп аталатын ақ топырақпен қайта жудырып, терезе-есігін түгел ашып барып қана ауру қабылдаған.

Садық ахунның үлкен ұлы Әбжан әке қасында жүріп, оның емшілік өне­­рін, емдеу тәсілдерін терең мең­герген. Кеңес дәуірінің атеистік сая­сат тұсында, тіпті 1965 жылдардың өзінде Ә.Қодаров «діншіл-молда» ре­тінде қуда­ланып, баспасөзде сын ма­қа­ла­лардың нысанына айналғаны да белгілі. Дегенмен Садық ахунның екі ұлы Әбжан мен Тәждин әкесінің көптеген сырқат түрлерін, соның ішін­де тері, жүйке, сал және көздің құяң аталатын ауруларын емдеп жаз­ғанын өз көздерімен көріп, нақты мысал­дармен айтып отырған.

Ескі үй астынан табылған екі сандық кітап

1953 жылы Әбжан Қармақшыда үй тұрғызғанда, ағаш тапшылығынан әкесінің ескі үйі бұзылып, сол маң­нан талай жылдан бері сақталып кел­­ген үлкенді-кішілі кітаптар мен қол­жаз­балар табылады. Бұл мұра­ның үстіне 1997 жылдың ақпанында «Ша­ғала тамы» төңірегінен сексеуіл отынын теріп жүрген адамдар ескі қыстаудың орнынан құрым киізге орал­ған екі сан­дық кітапты тауып алады. Сандық сыртындағы латынша «Жадақов» деген жазуды оқыған олар иесін іздестіріп, бұл асыл мұраның Садық ахунға тие­сілі екенін анықтайды. Бүгінде оның ұрпақта­рының қолында 1894-1902 жылдар аралығында басылған отыз­дан астам сирек ислами кітаптар мен Садық ахунның өз қолтаңбасы қо­йылған мұралары сақтаулы. Бұл – ел жадында қалған, рухани байлығымыз үшін баға жетпес қазына.

Садық ахун тек діни оқымысты, шипагер ғана емес, Сыр бойындағы айтыс өнеріне ерекше үлес қосқан жүй­рік сөз зергері болған. 1890 жылдары Аспан руының ақын қызы Ырыс­тының жұмбақ өлеңіне он алты ақын жауап қатып, айтысқа түскен, сол қатарда С.Қодаровтың да есімі ай­рықша аталады. Оның емшілік даңқы белгілі ақын Шораяқтың Омарының: «…Келіп кет бізге, Сәке жан барында, жан жатыр жергілікті аңғарында», – деген өлең жолдарынан-ақ көрініп тұр. Бұл өлеңде ол Садық ахунды арнайы шақырып, оның емшілігіне сенім білдіріп отырған.

1970 жылдардан бастап ғалымдар мен зерттеушілер Садық Қодарұлының өмір жолын, емшілік қызметін із­деп, жазып, жүйелеп зерттей бас­тады. Рес­публикалық медициналық музей­дің директоры, медицина ғылым­да­рының кандидаты Болат Әбдікә­рімов халық емшілерінің ізімен жүріп, С.Қодаров туралы деректерге бастапқы назар аударғандардың бірі болды. Ол қыз­меткерлерімен бірге Садық ахунның ортаншы ұлы Тәждинмен кездесіп, қолжазбалары мен бірқатар сирек кі­таптарын музей қорына қабылдайды. Осы кезден Садық ахун жай­лы жүйелі зерттеулердің жаңа ке­зе­ңі басталды. Бұл тақырыпқа қалам тартқан ақын-жазушылардың, журна­листердің қатарында Сақтаған Есма­ханов, Қаршыға Бүркітбаев және осы жолдардың авторы да бар.

Бүгінде республикалық «Денсау­лық» музейінде, Қызылорда облыстық медициналық музейінде және аудан­дық музейлерде Садық ахунға арнал­ған жеке бөлімдер жұмыс істейді. 1991 жылы «Қазақстан» телеарнасында «Ақ­талған ахун» атты деректі фильм көр­сетіліп, қайраткер тұлғаның бейнесі ха­лыққа кеңінен танылды. Сонымен қатар ол туралы «Айтыс» жинағында, түрлі энциклопедияларда, сондай-ақ «Келмембет батыр», «Сырдың сыр­лы сыры» сияқты еңбектерде және об­лыстық, аудандық баспасөзде мақалалар жарияланған.

Өмірін халықтың игілігіне, денсау­лық пен руханият жолына арнаған, қа­зақтың алғашқы халық дәрігер­лерінің бірі Садық Қодарұлы 1937 жылы Ақжармада дүниеден өтіп, сонда жер­ленді. Артында елге өнеге бо­ларлық мол мұра, өшпес із қалдырды.

Садық ахун Қодарұлы – есімі Өз­бекстан мен Қарақалпақстанда, сон­дай-ақ Қазақстанның Шымкент, Түр­кістан, Қызылорда аймақтарында ерек­ше құрметтеліп, халық жадында сақталған тұлға. Оның аты Сыр өңі­рінің рухани әлемі мен халық емші­лігінің тарихына алтын әріппен жа­зылған.

Ахун мұрасының қайта тірілуі

Алайда, қуғын-сүргін мен саяси ала­сапыран тұстарында ахунның құн­ды мұралары түгелдей сақталмай, та­лай қолжазба мен кітап қолды болып кеткен. Соған қарамастан, ұрпақ­та­рының қолында сақталған отыз шақты көне кітап – өткеннің ізі мен рухани қазынаның нақты куәсі. Бұған қоса, 1997 жылы «Шағала тамы» маңынан табылған, құрым киізге ұқыптап орал­ған қырыққа жуық кітап – Садық ахун мұрасының жаңа серпінмен қайта тірілген бөлігі. Бұл сандықтағы жәдігерлердің ішінде 1892, 1893, 1894, 1902, 1903 жылдары басылған діни еңбектермен қатар, медициналық кі­таптар, сондай-ақ шығыс әдебиетінің інжу-маржаны саналатын «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты қиссалардың ерте шыққан нұсқалары бар. Мұның бар­лығы ахунның жан-жақты білім иесі, терең руханияттың адамы болғанын дәлелдейді.

Садық ахунның өзінен бастап бү­гінгі ұрпақтарына дейін 30-дан астам адам медицина саласында қызмет етіп келеді. Бұл – әулеттің шипагерлік жолды жалғап келе жатқанын көрсе­тетін үлкен тағылым.

Ендеше, ел құрметтеген, халық емшілігінің көрнекті өкілі, ғұлама діндар, руханият шамшырағы Садық Қодарұлының есімі ел жадында мәңгі сақталуы – табиғи заңдылық.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

зерттеуші, этногроф, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,

Қанат АЛТЫНБЕК,

жазушы, зерттеуші,

ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы