Сахнаның еркесі

89

0

Сахнада өнер көрсетудің өзіндік қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Айталық, белгілі бір рөлді ойнап шығу міндеті жүктелгенімен актердің немесе актрисаның сол уақыттағы көңіл-күйі, жағдайы көпке беймәлім. Мысалы, ол дәл сол кезеңде жеке басына қатысты күрделі жағдайларды басынан кешіп жатуы мүмкін. Алайда театрдың жүктеген талабы бойынша ол көрермен алдына күліп шығуы керек. Жеке бастың мәселесі сахнаның сыртында, яғни баяу сырғыған перденің ар жағында қалуы тиіс.

Қызылорда музыкалық кол­леджін «Актерлік өнер» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Н.Бе­ке­жанов атындағы қазақ ака­демиялық музыкалық дра­ма театрында бастаған Мей­рамкүл Пұш­пақ­ова жиыр­ма бес жыл­дан бері осынау өнер ша­ңы­ра­ғында қызмет етіп ке­леді. Шы­ғармашылық жо­лын­да сан алуан тақы­рыпты тарқатып, сан қырлы тағдырды су­реттеді. Жай ғана суреттеген жоқ, кейіп­керінің болмысын, тұл­ғасын, таби­ғатын, ішкі толқынысын, жан айқайын жан-тәнімен жет­кі­зуге тырысты.

Театр табалдырығын ал­ғаш аттаған кезінде жас акт­ри­са­ның бойында толқу мен қобалжу сезімдері болды. Бұл заңды да. Әйтсе де Ерғали Оразымбетов, Хұсейін Әмір-Темір сынды белгілі режис­серлердің тәлім, тәжірибесін алып, өнерін шыңдай түс­ті. Осындай үздіксіз шығар­ма­­шылық ізденістері оның кә­сіби шеберлігін қалыптас­тыр­ды.

Мысалы, ол Д.Исабеков­тің «Мұңлық-Зарлық» ли­ро-эпостық драмасындағы За­ри­па, А.Вампиловтың «Мет­­ран­паж» комедиясын­дағы Виктория, Л.Егембер­диева­ның «Көресіні көрмей» мело­дра­масын­дағы Шәрипа, С.Ахмад­тың «Келіндер көте­рілісі» комедиясындағы Мех­ри, Р.Отарбаевтың «Қан­ды­өзек» спектакліндегі Жал­қытайдың анасы сынды рөл­дерін сомдап, түрлі мінез иеле­рін тартымды бейнелей білді.

Иран-Ғайыптың «Қор­қыт» драмасындағы Нике, С.Балға­баевтың «Ең әдемі келіншек» қойылымындағы Мәдина, У.Шекспирдің «Макбет» тра­гедиясындағы бірінші мыс­тан, А.Жапаровтың «Әйел тағ­дыры» драмасындағы Көпес, Қ.Мұхамеджановтың «Құда­ғи келіпті» комедиясындағы Айша, Х.Жүсіпұлының «Еш­кімге керегі жоқ ауыл» дра­масындағы Балымкүл, А.Ел­гезектің «Болмаған бала­лық шағындағы» Шынар образ­дары сәтті ашылып, көрермен көңілінен шықты.

Бұдан бөлек, шетел әде­­биетінен сахналанған Т.Уфим­­цеваның «Ұйқыдағы ару» ертегісіндегі жауыз, Е.Шварц­тың «Күлшеқыз» қойылы­мындағы Ханшайым, М.Задор­новтың «Күйеуіңізді саты­ңызшы» спектакліндегі Елена Владимировна, М.Ома­­рованың «Шанель №5» де­ректі драмасындағы Герт­руда Пла­тайс, Л.Табу­каш­вилидің «Ар­манымның ақ құсы» ме­ло­­драмасындағы Еленэ рөл­дерінде актриса шынайы эмо­ция, нәзік сезіммен өрілген әйел тағдырының терең иі­рімдерін көрерменге әсерлі жеткізе білді.

Сахна шебері Мейрамкүл Керімбекқызының Сыр мә­дениеті мен өнерінің өркен­де­уіне сіңірген еңбегі ла­йық­ты бағаланып, әр жыл­дары «Үздік әйел», «Ең үздік эпизодтық бейне» ата­лым­дарын жеңіп алды. ҚР Мә­дениет және спорт ми­нистр­лігінің Құрмет гра­мо­тасы­мен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан театр қайраткерлері одағының Құрмет грамотасымен мара­патталды.

Әріптестерінің айтуынша, ол кәсіби шеберлігімен қатар, адамгершілік қасиетімен де театр ұжымына үлгі бо­лып жүрген тұлға. Сахна мә­дениетін терең меңгерген актриса әр кейіпкерін жан-жақты зерттеп, қойылым идея­сын өмір шындығымен ұш­тастыра отырып, сәтті бей­нелейді. Өнер иесі адалдық пен табандылықтың және кә­сіби ізденістің жарқын үл­гісіне айналды.

Тағы бір қы­зықты дерек, Мейрамкүл Керімбекқызы өмірлік жұбын осы сахнада жолықтырып, бүгінде бере­келі отбасының ұйытқысы болып, өрімдей ұл-қыз  тәр­биелеп отырған өнегелі жан.

Өзі ширек ғасыр еңбек етіп келе жатқан Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында сахна шебері Мейрамкүл Пұш­пақованың мерейтойына орай «Сахнаның ерке елігі» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында театр ар­дагері Хұсейін Әмір-Темір, театр директоры Мұхтар Ния­зов, Жастар театры ди­ректорының орынбасары Бек­сұлтан Орынбасар бастаған әріптестері құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Театр қай­раткерлері одағының облыс­тағы өкілі Ұғым Баймаханов мерейтой иесіне «Дара» төс­белгісін табыстады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»