Саясат дегеніміз не? Жалпы, біздің саясат туралы түсінігіміз қандай? Қалыптасқан ұғым бойынша оны, әдетте, жағымсыз не арпалыс іс-әрекеттердің жиынтығы деп жатады. Ал біздіңше кәдуілгі өмір, ол – тартыс, күрес, жанталас. Күрес болғанда көп жағдайда мүдделестердің, топтардың, қарсыластардың бір-бірімен ымырасыз күресі. Ал мұндай күресте, саясат сахнасындағы жан берісіп, жан алысатын айқаста дара тұлғалар ғана емес, кейде жағымпаздардың, ұшып-қонып жүретін жеңілтектердің, әр қадамын өлшеп басатын, өзіндік ой-пікірден жұрдай, сауысқандай сақ жүретіндердің де жолы болып жататыны құпия емес. Айналып келгенде мейлі үлкен, мейлі кіші саясат сахнасындағы болсын, әркім өзіне лайықты, пешенесіне бұйырған рөлдерде ойнайды. Тағдыр бұйырған несібесімен өмір сүреді. Біреулері жығылып сүрінсе, өзгелерінің тағдыры мүлдем трагедияға ұласып жатады. Төмендегі жазбалар Ресей тарихшыларының деректі шығармаларынан алынғанын оқырмандар назарына салғымыз келеді.
«Отыр екенсің ғой, отыра бер!»
Соғыстан кейін Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы болып сайланған Нұриддин Мұхиддинов Сталинмен жүздеспей-ақ Өзбекстанның бірінші басшылығына қалай тағайындалғанын өзінің естелік кітабында былайша баяндайды:
«Әлбетте, мұндай үлкен қызметке тағайындау үшін Сталиннің қабылдауында болу міндетті болып саналады. Көсемнің кейде қасындағылардың өзі байқай бермейтін психологиялық ой-иірімдерінің тереңдігі сонша, оның іс- әрекеттерін алдын ала болжап білу қиын соғатын».
Н.Мұхиддинов Мәскеуде Саяси бюроның бірқатар мүшелерінің қабылдауында болып, Сталиннің бұйрығымен бірінші хатшылыққа тағайындалады. Мемлекеттің бірінші басшысының қабылдауынан сырт қалған ол мазасыз ой жетегімен Ташкентке көңілсіздеу оралады. Сөйтіп күндер, апталар өтеді. Бір күні Сталиннің көмекшісі Поскребышев телефон соғып:
– Жолдас Мұхиддинов, қазір сізбен Сталин жолдас сөйлеседі, – деген қысқа әрі сондай қорқыныш пен үрей туғызатын хабар жеткізеді. Телефон тұтқасына мелшиген күйі жабысып қалған Өзбекстан басшының құлағына, сәлден кейін Сталиннің әдеттен тыс жұмсақ қоңырқай үні естіледі:
– Орныңызда отырсыз ба, – Мұхиддинов жолдас?
– Отырмын, Сталин жолдас, – дейді сасқалақтап қалған Мұхиддинов, көсемнің сұрағына нақпа-нақ жауап қайтарып.
– Отырып қалған екенсіз, отыра беріңіз, – деп қысқа жауап қайтарған Сталин телефон тұтқасын қоя салады.
Мұхиддинов сол әңгімені соншалықты толқыныс үстінде қабылдағанын өз естелігінде әсерлі баяндайды. Иә, Сталин дәуірі осындай болды. Талайлар атылды, асылды, итжеккенге айдалды. Олардың арасында жазықсыз жапа шеккендер де көп болды. Халықтар көсемі қаншама қатыгез болса да көңілі қалаған адамына осылайша мейірім шуағын аямай төге салатын.
«Жасасын, Сталин!»
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес Одағында жүргізілген жаппай қуғын-сүргін саясаты кезінде Сталиннің шектен тыс қаталдығы барынша жаңа қырынан танылды. Әсіресе, көсемнің түрмеге қамалғандарға НКВД тергеушілерінің қолымен зорлық-зомбылықтың неше атасын көрсетуі, оларды кісі санасына қонбайтын әртүрлі 58 психологиялық тәсілмен жаныштап, ақыл-есінен айыруы – әлгі айтқан қатыгездіктің айрықша белгілері. Ақыры осындай азаптарға, психологиялық қысымдарға шыдамаған тағы бір оппозиция өкілі Бухарин сотта:
– Мен халық жауымын, сол үшін маған қандай жаза қолданса да өзімді оған лайықты санаймын, – деп ашық мәлімдеуге мәжбүр болды.
М.Тухачевский бастаған Кеңестің жоғары әскери қолбасшыларының барлығы да 1937 жылы атылар алдындағы соңғы сөздерінде «Жасасын, Сталин!» деп сот жүргізушілерінің назарын аударған. Тергеушілердің айла- шарғыларына иланып қалды ма, олардың барлығы да қорлықтың небір азарын көрсе де, сотта осылайша сайрап қоя берді. Алайда олардың тағдырын Сталин алдын ала шешіп қойған болатын.
Тарихта Сталиннің адам тағдырын ойыншық етіп, өз қарсыластарына соншалықты қатыгездік танытуының мысалдары көп. Осыған қарамастан «Халықтар көсемі» өзінің диктаторлық режимінің қатал саясатын әртүрлі айла-шарғылармен ақтап алып, оның іздерін жасырып қалуға тырысып бақты.
Бірақ, сол заманда, одан кейін де айтуға болмайтын құпия сырлар қазір қалың жұртшылыққа там-тұмдап болса да жете бастады. Бүгінде кейбір тарихшылар Сталиннің өз құрбандарының іс-әрекеттеріне қарсы ішкі ой-сезімін қағаз бетіне түсіру үшін арнайы күнделік ашқан деген әңгімелерді айта бастады. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын кім білген, бірақ онда жазылғандардың көсемнің табиғи болмысына дөп келетініне еш күмән жоқ. Сталин әлгі Бухаринді атып жіберген күні күнделігіне: «Прости, Бухарчик, мы все заложники своего времени» деп жазып қойған көрінеді.
Бұл қалай болғанда да қатыгез диктатордың ішкі жан дүниесінің, адам тағдырын тәлкек еткен репрессия механизмінің табиғатының қаншалықты сұсты болғанын білдіреді. Осыған қарап-ақ біздің әкелеріміз бен аталарымыздың осындай ауыр заманда өмір сүріп, зұлым саясаттың құрбаны болғанын аңғару әсте қиын емес. Кешегі күнге дейін репрессия құрбандығына шалынып, аман қалғандардың көпшілігі саясатқа қатысты әңгімелерді көпшілікке жария етуден қорқып өткенін өз басым жақсы білемін.
Франконың қулығы
Ендігі әңгімеміз – Испания диктаторы Франко туралы. Франко билік басына 1939 жылы келді. Тап осы уақыттан бастап ол елді 40 жыл үздіксіз басқарды. Жаяу әскер академиясын бітірген әскери маман, кейін генерал Франко 1936 жылы Испан республикасына қарсы әскери-фашистік бүлікті басқарды. 1939 жылы республика құлағаннан кейін әскери хунта тағына отырып, билікті 1975 жылы қайтыс болғанға дейін уысынан шығармады.
Тарихтан белгілі, 1939 жылы Испанияда республика жағында Кеңес Одағының және басқа да мемлекеттердің еріктілері соғысқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Франко коммунистік режимді барынша жек көріп өтті. Билікке келісімен Франконың Испанияға қатысты бейтараптық саясат ұстанғанына қарамай-ақ, Гитлер мен Муссолини (Италия диктаторы) оны екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағына қарсы соғысқа тартуға әбден үгіттеп бақты. Себебі, испан диктаторының республикашыларды жеңіп, билік басына келуіне Гитлер үлкен қолдау көрсеткен болатын. Бұл жағынан алғанда Франко Гитлердің алдында мәңгі қарыздар еді.
Алайда саясат дегеннің жүрген жерінде жігіттік, мәрттік, пәтуа болған ба, испан диктаторы айтқанынан қайтпайтын Гитлерді әрдайым өз дегенімен жүргізуге итермелеп отыратын. Ол фашист диктаторына қарағанда оңды-солын бағамдай алатын, барлығын електен өткізіп отыратын біліктілігімен, сондай-ақ әккі қулығымен ерекшеленетін еді. Гитлердің алдында «ләппәй, тақсыр» деп құрдай жорғалағаннан әріге бармай, ұдайы әліптің артын бағатын. Мұнысы, сірә, Кеңес Одағы секілді алып аждаһаға қарсы күрестің барысын бақылап, абайламай қадам жасаудан сақтанудың айрықша ұстанымы еді.
Гитлер мен Муссолини табандап қоймаған соң, ақыры ол герман-кеңес майданына өзінің қырық жамаудан құралған дімкәс дивизиясын жіберуге мәжбүр болды. Ол алғашқы ұрыстарда-ақ Ленинград түбінде күл-талқан етілді. 18 мың адамның дені өліп, қалғаны тұтқынға түсіп, бірлі-жарымы соғыс аяқталған соң 10 жылдан кейін еліне оралды.
Тарихшылар Франконың қылышынан қан тамған диктаторлығымен қатар, құрық бойламайтын әккі қулығы туралы да аңызға бергісіз әңгімелерді алға тартады. Осыған орай мына бір тарихи оқиғаны оқырмандар назарына салудың реті келіп тұр.
1940 жылы Мадрид вокзалында Гитлерді қарсы алған ол өзінің оған деген сүйіспеншілігін барынша жаңа қырынан көрсетуге талпынып бақты. Сән-салтанаты мол әртүрлі жылы қабылдаулар мен кездесулерден кейін Франко Гитлерді өзінің қызмет кабинетіне елеусіздеу жағдайда алып барады. Бұл кезде жарты Еуропаны аяғының астына таптап, кеудесіне нан піскен Үшінші Рейх канцлерін ешнәрсемен таңғалдыру мүмкін емес еді. Ал Франко әрдайым бірдеңені ойлап табатын. Кабинетке енген Гитлер испан диктаторының орынтағы тұсындағы қабырғада өзінің және Муссолинидің жарқыраған портреттерін көріп, таң-тамаша болды. Мақтауды өлердей сүйетін, көп нәрсенің байыбына бара бермейтін Гитлер осы жолы испан диктаторының құрығына мықтап түскенін білмей қалды. Ал бұл, шындығына келгенде, Франконың Гитлер мен Муссолиниге «Менің сіздерге деген сүйіспеншілігім шексіз» деген алдамшы сезімі болатын. Бір қызығы, арада екі жыл өткенде гитлерлік армия Сталинград түбінде күйрей жеңілді. Сөйтіп, соғыстың бетбұрыс кезеңі басталды. Осы кезеңде Франко жалма-жан әлгі портреттерді жұлып тастап, орнына Рим Папасының суретін іліп қоюға пәрмен берді. Бұл диктатордың: «Енді екеуіңе де сенбеймін, сүйенетінім – бір құдай» дегені еді.
Бұған не дейсіз? Саяси құйтырқылық әлде кәдуілгі жұрт айта беретін хамелеондық па? Қалай бағаласаңыз ерік өзіңізде, қулық пен ақылдылық, өз ұстанымына деген ішкі сезімнің беріктігі әрбір саясаткердің бойынан табылуы тиіс қасиет екенін ескерсек, Франко бұл жолы екі жеп биге шықты.
Ол біріншіден, ел мүддесін қорғап, жастарды соғыстан аман алып қалды. Екінші жағынан, Кеңес Одағымен бейтараптық саясат ұстады. Егер ол соғысқа кіріскенде (ал оның кімнің пайдасына шешілгені мәлім) тағдырының қалай болатыны белгілі еді. Франко кейінірек әлгі соғыста босқа қырылған дивизиялардың солдаттарын «батырлар» деп жариялап, өзінің елдегі билігін нығайта түсті. Сөйтіп, ол Испанияны қырық жылға жуық басқарды.
Әлбетте, оның басқару жүйесі, елдегі ахуал осы жылдары жіптіктей болды деу қиын. Испанияда 40 жыл өмір сүрген тоталитарлық жүйе саяси өмірді демократияландыруға жол бермеді. Бірақ Франко халықаралық жағдайды байыпты бағалап, сәл-пәл шегініс жасап отырды. Қатаң билікті уысынан шығармай, экономиканың еркін дамуына жол ашты. Осының нәтижесінде Испанияға шетелдік инвестициялар ағыла бастады. Мемлекеттің ақшасы – песет конверттелетін валютаға айналды. Ол әлемдегі өзгерістерге үн қоса отырып, Испанияны ұзақ басқарды. Франко тарихта Гитлер мен Муссолини секілді жылт етіп көрініп, жоғалып кетпей елін жаманды-жақсылы басқарып, тарихта тұлға болып қалды.
«Маған шабарман емес, ақыл беретін кеңесші керек»
Ресейді 300 жыл билеген Романовтар әулетінің өкілі ІІІ Александр билік басына келгенде, ширек ғасыр бойы өзіне дейін император әкесінің бас кеңесшісі болған шенеунікті қызметінен босатады. Бұл шешімге көңілі толмаған осы әулеттің ханшайымы: «Ол сенің әкеңе, біздің әулетке адал қызмет жасады емес пе? Мұның не?» дейді. Сонда Александр патша: «Әкем маған қарағанда ақылды еді. Сондықтан оған ақыл беретін кеңесшіден гөрі, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын шабарман керек болды. Ал менің бойымда әкемнің даналығындай көрегендік қасиет жоқ, сондықтан маған нағыз ақылгөй кеңесші керек» деген екен.
Сталин: «Красная звезданың» ұстанған бағыты дұрыс»
Өмірде, қызметте әр пенденің басында қилы-қилы жағдайлар болып жатады. Соғыс кезінде «Красная звезда» газетінің бас редакторы Ортенбергтің үстінен Сталинге арыз түседі. Мәселенің мәнісі мынада екен. Соғыстың бетбұрыс кезінде идеологтар әскери бөлімдерде «Социалистік жарыс ұйымдастыру керек» деген бір быламықты ойлап табады. Мұны Ортенберг құптамайды. Газетте насихатталмайды. Бас редактор: «Қайдағы социалистік жарыс?! Окопта жатқан солдаттар өлтірген немістерді санап жарыса ма?» деп қарсылық білдіреді.
Халықтар көсемінің тікелей өзіне жазылғандықтан Ортенбергтің тағдыры қыл үстінде тұрған еді. Арыздың шекесіне Сталин: «Красная звезданың» ұстанған бағыты дұрыс» деп виза қояды. Осымен барлығы тәмам. Сталин арыздың көреалмаушылықтан туғанын аңғарды. Оның, әдетте, өзі іштей құптайтын адамына келгенде осындай мейірімділік танытатын кездері де аз болмайтын. Осы жолы тағдыр Ортенбергке жылы жүзбен қарады. Бұл Сталин дәуірінде сирек кездесетін мейірім шуағы еді.
«От Ильича до Ильича, без инфаркта и паралича»
Анастас Микоян Владимир Ильич Лениннен бастап кешегі Леонид Ильич Брежнев заманына дейін Кеңестік саясаттағы беделді де белді, соңынан қаңқу сөз ергізбеген үлкен шенеунік болды. Ол – 1960 жылғы Кариб дағдарысы, яғни Кеңес Одағы мен АҚШ арасында ядролық соғыс өрті туындай жаздаған ауыр сәттерде дипломатияның керемет үлгісін таныта отырып, әлемді сақтап қалған ұлы тұлғаның бірі.
А.Микоян өзіне қатысты тууы мүмкін ықтимал қауіп-қатерлерге қарамастан, 1937-1938 жылдары репрессияға ұшыраған белгілі тұлғалардың балаларына қамқорлық қолын соза білген мейірімді шенеунік еді. Бойына біткен осындай ерекше қасиеті үшін халық оған: «От Ильича до Ильича, без инфаркта и паралича» деген баға берді.
«Жылпостың да жолы болады»
Никита Хрущев 1964 жылы Орталық Комитеттің қазан пленумында қызметінен босатылып, орнына Леонид Брежнев сайланды. Дәл осы сәтте Хрущев пен Брежневтің жұбайлары Болгарияның Варна курортында қатар емделіп жатқан болатын. ЦК-ның нұсқаушысы Зимянин қуанышты хабарды алдымен Брежневтің әйеліне шұғыл жеткізуді өзінің парызы деп санайды.
– Никитадан құтылдық, Сіздің жұбайыңыз сайланды бірінші хатшылыққа! – дейді ол, жүрегі жарылардай болып.
Бірақ Зимянин осы жолы асығып жүріп шалыс басқанын байқамай қалған еді. Абыройсыздық деген аяқастынан емес пе, телефонды Хрущевтің әйелі Нина Петровна көтереді. Мұндайда қарсы жақтан не айтылатыны белгілі ғой. Былапыт, әдепсіз сөздер дегендей…
Қысқасы, Зимянин масқара болды. Бірақ ол ар-ұятты жыйып қойған саясаттағы айтулы жағымпаздың бірі болып қалса да, әбестігі үшін қысылып-қымтырылмады. Тіпті оның карьерасы Орталық Комитет хатшылығына дейін самғады.
«Никита, бұл қызметке сен лайықтысың!»
1949 жылы Иосиф Сталин Никита Хрущевті қабылдады. Сталин бұл жолы да өзіне бағынышты лауазым иесінің осал тұстарын дөп басатын психологиялық ой иірімдерімен оның жан дүниесін билеп ала жөнелді.
– Никита, Мәскеу қалалық, облыстық партия комитетіне бірінші хатшылыққа кімді ұсынар едің? Сені ақылдасу үшін әдейі шақырдым, – деді «Халықтар көсемі» оның жүзіне барлай көз тастап. Хрущевтің бірдеңеден секем алғандай тосыннан қойылған сауалға кібіртіктеп қалғанын сезген Сталин:
– Осы Платонов қайда жүр? – деді сабырлы қалпымен.
– Атылып кетті, деп міңгірледі Хрущев.
– Ал Кузнецов ше?
– Магаданда отыр…
Сталин соғыстан бұрын Мәскеудің жоғары партиялық номенклатуралық қызметінде болған тағы бірнеше адамның есімдерін атады. Бірақ, олардың барлығы да репрессия құрбанына шалынып, тіпті кейбіреулері атылып кеткен еді.
– Сенен басқа адам қалмапты ғой өзі! Никита, демек, сен лайықтысың бұл қызметке! Бұйрығыңды алып, қызметіңе кіріс! – деді Сталин әңгімесін келте қайырып.
Репрессия жылдарында Никита Хрущев Мәскеу облыстық, қалалық комитеттерінің бірінші хатшысы болған еді. Сол жылдары өзі құрамында болған «үштіктің» ұйғарымымен көптеген облыстық, қалалық номенклатура қызметкерлері «троицкийшілдер» деген айыппен атылды, итжеккенге айдалды. Әрине, осы қатыгездіктің барлығын Сталин Хрущевтің қолымен жүзеге асырған еді. «Халықтар көсеміне» әлгілердің тағдыры белгілі болатын.
Барлығын біліп отырып, жорта сұрайтын, өз бағыныштысына сынай қарап, оның үйреншікті жауабын күтетін аңғарымпаздығы Сталинді бұл жолы да жаңылыстырмады. Сталиннің алдында құрдай жорғалайтын Хрущев жаңа қызметті асқан қанағат сезімімен қабылдады. Айтпақшы, Ресей тарихшыларының кейін анықтағанындай, Хрущев билікке келген 1956 жылы өзінің «үштікке» қатысты құжаттарын архивтен алдырып, жойып жіберген болатын. Осы қанды қырғынға қаншама жыл болса да әлі де құпия сырлары ашылмай жатыр. Жиіркенішті саясат деген осы шығар, бәлкім.
«До Сталина тебе далеко!»
Саясат шығыршығы кері айналды. Н.Хрущев билікке келісімен Сталинді қаралауға білек сыбанып кірісті. ХХ съезде Сталиннің жеке басқа табынушылығы айыпталды.
Жаңа бірінші хатшы мұнымен шектелмеді. 1961 жылы Сталиннің Ленин мавзолейіне қойылған денесін Кремль қабырғасына қайта жерлеу туралы Үкімет қаулысын жариялады.
Хрущевті партия номенклатурасының өзі жеңілтектігі, үстірт шешім қабылдауға әуестігі үшін келемеж күлкіге айналдырды. ХХІ съезде Сталинді қаралап, баяндама жасап тұрған бірінші хатшыны сілтідей тынған залдан біреу:
– Гнать его в шею. До Сталина тебе далеко! – деп реплика тастады.
Дауыстың қатты шыққаны соншалық, не болғанын білмей дағдарған Хрущев мінбеден теңселіп түсті. Терлеп-тепшіп, абыржыған бірінші хатшыны Кремльдің демалыс бөлмесінде А.Микоян мен көмекшісі Аджубей күтіп тұрған еді. Хрущев осы кезде ғана өзінің халық ұғымындағы есімді абайламай, аңдамай жүріп былғап алғанын түсінгендей болды. Бірақ кеш еді…
«Сенімен де есеп айырысады»
…Саясаттағы тағдыр деген өзіңе қайтып соғатын бумеранг секілді. 1964 жылы Н.Хрущевтің карьерасына зобалаң туды. Кеңес Одағы жоғары билігіндегі саяси төңкерісті ұйымдастырушылар қатарында Орталық Комитет хатшысы М.Суслов, Л.Брежнев, тіпті Хрущевтен тәлім-тәрбие алып өсірген кадрлары, ВЛКСМ-ның бірінші хатшысы А.Шелепин, КГБ бастығы Семичастный, тағы басқалар болған еді.
Сүйікті шәкірті болған А.Шелепин ЦК-ның нұсқауымен пленумда Хрущевті жерден алып, жерге салды. Сценарий бойынша басқалар да қалыспады. Пленумның шешімімен Никита Сергеевич қызметтен босатылды.
Бұдан өткен қорлық бар ма?! Хрущев пленум мінберінен аяғын ілбіп басып әрең түсті. Көзінен еріксіз шыққан жасын орамалмен асығыс сүрткілеп, қарсы жолыққан Шелепинге: «Бұлар енді сенімен дәл маған істегеніңдей есептесетін болады» деген сөздерді сыбырлап айтып үлгірді. Хрущевтің айтқаны келеді. Жас кадр, келешегі бар деген Шелепиннің карьерасы Леонид Брежнев басқарған жылдары асқан жылдамдықпен төмен сырғығаны соншалық, 70-жылдары оның есімі саясат сахнасынан мүлдем жоғалып кетті.
Алпыстан асқан жасында тұрмыс тауқыметінің ащы дәмін де бір адамдай татып үлгірді. КГБ бастығы Семичастныйдың тағдыры да осындай болды.
Сталин: «Шаяхметовке бір эшалон трактор!»
Үлкен саясатта көп нәрсені мемлекет басшыларының жеке арасындағы жылы қатынас ахуалы шешіп тастайтыны белгілі. Сталин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовпен өзара сенімді қарым-қатынаста болды. Кеңес Одағының бірнеше салалық министрлігін басқарған, Социалистік Еңбек Ері Александр Ежевский былайша еске алады:
– Соғыстың ауыр жылдары Батыстағы көптеген зауыт тылға көшірілді. 1942 жылы мен Иркутск автомобиль жөндеу зауытының бас инженері едім. Зауытта тракторлар да шығарылатын.
Түнгі 12-лер шамасында Сталиннің көмекшісі Поскребышев телефон соғып, «Сізбен Сталин сөйлеседі» деген қысқа хабар жеткізді. Арада ауыр секундтар өтті.
Бір сәтте Сталин: «Ежевский жолдас, Қазақстан басшысы Шаяхметов трактор сұрайды. Тездетіп жөнелтудің қамына кірісіңіз!» деген екі ауыз сөзді айтты да телефон тұтқасын қоя салды. Сталин тіпті біздің мүмкіндігімізді, жағдайымызды сұрауды да қаперіне алмады. Барлығын Шаяхметовтің өзімен сөйлесіп, нақтылауға тура келді. Бір апта бойы зауыт жұмысшылары үш ауысыммен тынымсыз жұмыс істеді. Жұмысшылар арасында станок маңында ауыр еңбектен құлап қалғандар да кездесті. Ақыры бір эшелон трактор Қазақстанға жөнелтілгеннен кейін көңіліміз жай тапты-ау…
Міне, Сталинмен сыйластықтың құдірет күші! Қазақстан басшысы Жұмабай Шаяхметов осындай тұлға еді.
Зигмунд пен Рашидовтың өліміне өзін «Кінәлі» санайды
1982 жылы Леонид Брежнев қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының жоғары билік элита тұғырына КГБ төрағасы Юрий Андропов отырды. Ол келісімен КСРО-да жең ұшынан жалғасқан қылмысқа қарсы ымырасыз күрес жариялады. Олардың қатарында Өзбекстанда «мақта ісі» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Шараф Рашидов мақта өндірісі бойынша көтеріңкі міндеттеме қабылдап, Кеңес экономикасын жылдар бойы жалған ақпаратпен иландырып келген еді. Бірақ ол Андропов билікке келгеннен кейін бірнеше ай өткенде өзіне-өзі қол жұмсап, бұл сенсациялық өлім әртүрлі алып-қашты әңгіменің өрбуіне түрткі болды.
Шындығында не болды? Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Одақта сыйлы, Өзбекстанда аса құрметті Рашид аканың өліміне кім кінәлі? Өзбекстанда «мақта ісі» бойынша мыңдаған адам, тіпті республиканың көптеген сала басшылары, әсіресе құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері, обком хатшылары қызметтерінен босатылып, түрмеге қамалды.
Бұл оқиғаға мынадай жағдай түрткі болған еді. Өткен ғасырдың 70-80- жылдары халықаралық ғарыш бағдарламасы бойынша Кеңес Одағында бауырлас социалистік мемлекеттердің ғарышкерлері ғарышқа ұшуға қызу дайындыққа кіріскен болатын. Олардың қатарында Герман Демократиялық республикасының ғарышкері Зигмунд Иен ғарышқа Германияда жасалған, сол уақытта әлемде теңдесі жоқ МКС-16 атты жаңа түсіру оптикалық аппаратын алып ұшқан еді. Зигмунд апта ішінде ғарыштан аса дәлдікпен ерекшеленетін 300-ден астам сурет түсірді. Олардың қатарында тапсырыс бойынша Өзбекстанның мақта егістігінің нақты көлеміне қатысты сурет те бар еді. Қысқасы, ғарыштан түсірілген сурет Өзбекстандағы қып-қызыл өтірікті, яғни қосып жазу, көзбояушылық атаулыны айна-қатесіз дәлелдеп берді. Әрине, ол уақытта арнайы сурет түсіруге Андроповтың тапсырма бергенін, оның соңы Рашидовтың өліміне әкеп соғатынын Зигмунд білген жоқ еді. Кейін ол: «бауырлас елдің азаматтары бізге де туысқан емес пе, бұл суреттің қайғылы жағдайға әкеп соғатынын қайдан білейін» деп Рашидовтың өліміне өзі кінәлі болғандай өкінген көрінеді.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





