Самарқанның көк тасы еріген күн

74

0

Әз Наурыздың әсерлі тілегінде «Самарқанның көк тасы еріген күн» деген сөзді жиі естиміз. Әсіресе, қаламгерлер үшін образ жасауда осы сөздің орны дара.  

Ал бұл сөз қайдан шықты, оның мағынасы нені мегзейді дегенде көбіміз мұның анығын аша алмаймыз. Шындығында көк тас ери ме әлде бұл аңыз ба?

Мен жақында Наурыздың адамзат тарихындағы алатын орны жайында жан-жақты зерттеулер жа­сап жүрген маңғыстаулық өлкетанушы Отыншы Көш­байұлымен «алыстан хабар алу» арқылы сөйлескен едім.

«Самарқанның көк тасы да ериді» деген сөз бекерден-бекер айтыла салмаған. Ертеде Самарқанды билеген атақты хандардың қабірінің басына киесі бар деп қымбат көкшіл тас нефридті қояды екен. Күн мен түн теңелген кезде қандай құдіреті бар екенін кім білсін, сол тас буланып, терлейтін көрінеді. Сол көріністі халық көзінің тірісінде қатыгез болған хан өткен ісіне өкініп, райынан қайтты, бұл кейінгілерге көрсетер үлгі деп есептеген», – дейді ол.

Мұның астарынан аңыз аңдай ма, ақиқат іздей ме, оны әркімнің ақыл-ойына қалдырайық.

Шындығында, осы сөздегі «көк» тастың түсі ме әлде тәңірлік ұғым ба? Бұл туралы сөз этимологиясын зерттеуші ғалым Әбілхан Әбіласан: «Көк» сөзі «тәңір» деген мағына үстейді, сондықтан бұл тұрақты тіркесті «Самарқанның тәңірлік тасы» деген мағынада түсінеміз», – деген.  

Ғалым болжамын қолдаушылар көп. Не болғанда да Наурыз күні Отыншы Көшбайұлы айтқандай, Самарқандағы нефрит тастардың бусанып терлейтіні, яғни еритіні анық.

Ақыры этимология деп қалдық, ендеше, «тәңір» сөзінің де төркініне тоқтала кетейік. Бағзы замандағы бабаларымыз атқан таңнан амандық, батқан күннен тыныштық тілеп, таң мен іңір арасындағы тіршілігіне тәу еткен. Осы «таң» мен «іңір» – «тәңірі» деген сөз тудырған. Сөйтіп, бұл сөз халық түсінігінде жарық дүниені жаратушының бір есіміне айналған.

Қардың еруі, жанның еруі – қай нәрсенің еруінен болса да  жақсылық, жылылық еседі. Ендеше, Са­марқанның тәңірі тасының еруі де халық  жадында бір ғажайып шақ есебінде сақталып қалған.      

Наурыз – Латын Америкасындағы карнавал емес, оның мән-мазмұны ерекше, тәлім-тәрбиесі ұшан-теңіз.

Ол – салт-санамыздың, әдеп-ғұрпымыздың жаң­ғы­рып, ұлт рухы ұрпақ бойына дари түсетін дәремет күн. 

1988 жылы қазақ халқының ғажайып ақыны Мұхтар Шаханов Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы Колбинге түркі жұртының үш мың жылдан бері тойлап келе жатқан Наурыз мейрамы күллі халықты тазалыққа, бейбітшілікке баулитын күшке ие деп түсіндірген. 1986 жылғы көтерілістен соң өзін қазақ халқына қалай жақсы көрсетем деп жалтақтап қалған ол Кеңес Одағының басшысы Горбачевті көндіріп, Наурыз мейрамы Алматының орталық саябағында аталып өткен. Қанша дегенмен, қанында бар ғой, сөйтіп, алпыс екі жыл үзілістен соң тойланған Наурызға жүз мыңнан астам адам жиналған екен.

Шындығында, Наурыз тек «көже» ішу мерекесі емес, бұл күні ағаш егіліп, аула тазаланып, адамдар ақжарқын кейіпке еніп, еңбек пен думан егіз толғайды.

Өн бойына Наурыздың әдемі бояуын сіңірген «Самарқанның көк тасы еріген күн» деген сөз айтылғанда алпыс екі тамырыңды ыстық сезім қуалап, көркем күй кешесің. «Тас еріп жатқанда мен жібімейтін кіммін» деп ренжіскендерді кешіріп, санаңдағы салмақтың бәрін сылып тастайсың.

Бұл сөзде қуат бар, бұл күні көктен рахым нұры себезгілейді. Әлгі хандар қаталдығына өкініп, райынан қайтты деген сөздің ауыспалы мағынасында мүмкін рахым нұры жатқан шығар.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,   

«Сыр бойы» 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<