«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

738

0

Қазіргі заман талабына сай инфрақұрылым болмаса, экономиканы жаңғырту мүмкін емес. Сондай-ақ, алдын ала дамыған энергетикасы мен сапалы жол мен коммуникация болмаса, тиімді инновациялық индустрияны құру да мүмкін емес. Бұл жайтқа әлемдік тәжірибе әлдеқашан-ақ көз жеткізіп қойған. 2010 жылы Қазақстанның үдемелі индустриялы бағдарламаны қолға алуы инфрақұрылым құрылысындағы белсенділігін арттыруға жол ашты. Бұл кең ауқымдағы әрі шығынды, айтарлықтай қаржы қорын, тиімді басқару мен өндірістік активтерді бір жерге шоғырландыратын және миллиардтаған инвестицияны тартуды талап ететін үдеріс еді. Еліміздегі бұл жұмыстың барлығын ірі мемлекеттік холдинг – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүзеге асырады.
Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында инфрақұрылымдарды индустрияландыру мен дамыту жөнінде бірқатар жобаларды анықтап берді. Солардың ішінде «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желісі, Атырау мұнай өңдеу зауытының негізінде мұнайды кешенді түрде тереңдетіп өңдеу, еліміздің орталық аймақтарын газдандыруды қамтамасыз ететін құбыр жүйесі мен Қарашығанақ кенішіндегі газ өңдеу зауыты бар. Тұтастай алғанда, Президент биылғы жылы 11 жаңа индустриалды- инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асатынын айтты. Бұл жобалардың ауқымы үлкен екені соншалық, оны салынған инвестиция көлемі мен жұмысқа тартылған адам санының көптігінен білуге болады. Соңғы бағалау бойынша бұл істерге салынған инвестиция 4,5 трлн. теңгеден асып кеткен. Осы жобалар шеңберінде 150 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Өнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту мен транспорт желісін жаңғырту жалғастырылады. Қуатты электр стансалары мен газ құбыры, мұнай мен газды өңдейтін нысандар салынады. Қазақстандағы бұл стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға Үкіметтің өзі ұйытқы болса, ал мемлекеттік компаниялар оның қатысушысы болып отыр. Дегенмен, олардың бірқатарына жеке капиталдар тартылса, ірі инфрақұрылымдық жобалардың басым бөлігінің жауапкершілігі «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары мен құрылымдарының үлесіне тиесілі. Соның ішінде мұндай жобаларға салынып отырған инвестиция көлемі де көп. Мысал ретінде айтар болсақ, «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» аралығына салынып жатқан екі темір жол құрылысына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 500 млрд. теңге немесе шамамен 3,3 млрд. доллар көлемінде қаржы салып отыр.
Үстіміздегі жылдан бастап бес ірі стратегиялық нысан Президенттік Индустрияландыру картасына енгізілді. Солардың ішінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі, Балқаш жылу-электр стансасының, Атырау облысындағы жаңа газхимиялық кешенінің құрылыстары мен Атырау мұнай өңдеу зауыты негізіндегі мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені және «Бурабай» туристік орталығын құру жобалары бар. Мұнан басқа Президент биылғы жылы жүзеге асырылатын алты жобаны да анықтап берді. Олардың қатарында Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыш өндіретін зауыт, Алматыдағы тау шаңғысы курорты, Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысы, Қазақстанның орталығын газдандыруға арналған «Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбыры жобасы мен «Арқалық-Шұбаркөл» және «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желілері бар. Осы аталған жобалардың екеуін қордың мемлекеттік компаниялары жүзеге асырады. Басқа жобаларда мемлекеттік компаниялар негізгі сұраныс жасаушы немесе әріптестік жағдайында қойылады. Қалай айтқанда да, барлық жобалардағы шикізаттық, транспорттық, энергетикалық жауапкершілік «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрылымдарына жүктеліп, атқарылуда.
Бірқатар батыстағы сарапшылар Қазақстан секілді кішкентай ғана елдің адам айтқысыз үлкен жобаларды жүзеге асыруы көпке үлгі боларлық дегенді айтады. Шындығында ондаған миллиард долларға бағаланатын жобаларды іске асыру кім-кімді болмасын таңғалдырмай қоймайды. Өйткені, бүгінде дамыған елдердің өзі инфрақұрылымдарды жаңғыртуға ондаған жылдарын кетірген. Ал Қазақстан әрбір маңызды деген жобаларды екі-үш жылда жүзеге асыруға ұмтылуда. Әрине, оны қысқа мерзімде іске асыру да оңай емес. Мұндай кезде «Самұрық-Қазына» қорының әрбір жобаны байыпқа салып оның жүйелі әрі тиімді жолын таңдай білудегі қызметі орасан зор. Әсіресе, кешенді мәселелерді шешуде басқару корпусының алдына қойылатын талап та жоғары болады. Өйткені әрбір жобаны сараптан өткізіп, өңдеу, оның қайтарым беретіндігін бағалай білу зор жауапкершілікті әрі тәуекелділікті қажет етеді. Ал бүгінгідей әлемде экономикалық дағдарыс жайлаған тұста мұндай тәуекелділікке бару оңай шаруа емес. Дегенмен де, әрбір жобаға инвестор тарту мен оған салынған әрбір теңгенің қайтарымы болуы жолындағы жемісті жұмыстар қазіргі күні өзінің нәтижелілігін көрсетуде.
Осындай нәтижелі жұмыстың бірін еліміздегі мұнай-газ инфрақұрылымын дамытуды кезең-кезеңімен жүргізген жұмыстардан көруге болады. Атап айтқанда, 2011 жылы отандық көмірсутегін ірі көлемде сыртқа экспорттау басталды. Енді төрт-бес жылдан кейін осы құбырлар арқылы мұнай жіберу жылына 28 миллионнан 67 млн. тоннаға дейін артатын болады. Бұл дегеніңіз Қашаган мен Теңіз секілді ірі мұнай кеніштерінің өнімін экспорттауда қалыпты жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, мемлекеттік жоспарда «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырын кеңейтіп, онда жылына 20 млн. тонна мұнай жіберу көзделуде.
Жалпы қандай жобаның болмасын экономикалық та, әлеуметтік те маңызы болады. Осы жайтты ескерген Елбасы өзінің Жолдауында сондай басым бағыттарды жүзеге асыруды тапсырды. Соның бірі еліміздің барлық аймағында газдандыруды жеделдетіп, сол арқылы сырттың газына деген тәуелділікті төмендету көзделген. 2011 жылдың жазында қуаттылығы 15 млрд. текше метрге дейін газ жіберетін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» ірі газ құбырының құрылысы басталды. 2013-2015 жылдары ол Батыс және Оңтүстік Қазақстанның газ қорларын біріктіреді. Сондай-ақ жақын жылдары еліміздің солтүстігі мен орталығын, яғни «Қостанай-Көкшетау-Астана» газ құбырының құрылысы жүргізіліп, бұл аймақтарды газдандыру мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар бір мезгілде Батыс Қазақстан облысы мен Астана қаласының арасында газ құбыры салынады. Бұл жобаға Қарашығанақ газ өңдеу зауытының қоры пайдаланылады.
Инновациялық экономика жағдайында инфрақұрылымдардың сапасы жөнінде айтқанда білгір сарапшылар алдымен оны дамытудың алғы шарты, яғни энергетика жайын алға тартады. Қалай айтқанда да электр қуатын өндіру де, оны экономиканың қажеттілігі үшін тарату да аса маңызды.
Елбасы да өз Жолдауында сыртқы электр тасымалдау рыногына тәуелді болмаудың жүйесін құруды міндеттеген болатын. Бұл инфрақұрылымдық салада энергетикалық қауіпсіздік кешенді түрде қаралады. Негізі электрстансалар, электр энергетикасы мен газ коммуникациялары және жанар-жағармай өндіру секторлары экономиканы дамытуда стратегиялық маңызға ие. Қазақстан көрші елдердегі сыртқы жағдайдың өзгермелілігіне қарамастан ішкі инфрақұрылымын энергетикалық қамтамасыз етуді өзі шеше алады. Сондықтан да тәуелсіз энергетикалық инфрақұрылымды құру мәселесі Қазақстан үшін өте маңызды. Оның үстіне мұнай мен газды экспортқа көптеп шығаратын елде жеке энергетикалық қорды жасауға мүмкіндік те мол. Үстіміздегі жылы энергетикадағы құбырлар жүйесін салу мен оны газбен қамтамасыз ету, мұнай өңдеуді жетілдіру секілді бағыттағы стратегиялық жобалардың іске асырыла бастауы энергетикалық тәуелсіздігіне қол жеткізуге негіз қалары да шындық. Бұл орайда Елбасы тапсырмасына орай «Самұрық-Қазына» қорының жасап жатқан жұмысы ұшан-теңіз.
Орайы келгенде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша елімізде басым жобалардың қолға алынғандығын айта кетсек те болады. Солардың ішінде еліміздің орталық аймағы мен Астананы газдандыру ісі бар. Осы жобаға сәйкес Қарашығанақ кенішінде жылына 5 млрд. текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысы салынады. Республиканың орталық облыстары мен Астананы газдандырудың өзіне 338,7 млрд. теңге немесе 2 млрд. доллардан астам қаржы кетеді. Бұл жобаның бір бөлігі ғана. Оның екінші кезеңі Ақсай, Красный октябрь және Тобыл арқылы салынатын газ құбырының құны 370 млрд. теңгені құрайды.
Мұнан басқа көп қаржы салынатын екі мұнайды өңдеу зауытын жаңғырту жобасы да бар. Қазір Атыраудағы құны 1,7 млрд. долларды құрайтын мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба іске асқанда бензин өндіру үш есеге, яғни 1,7 млн. тоннаға, дизель отыны 1,4 млн. тоннаға дейін арттырылады. Бұл дегеніңіз Қазақстанның осы отындарға деген сұранысын толық өтей алатынын көрсетеді. Сондықтан да бүгінде бұл зауытта тиімділігі жоғары жаңа технологиялар мен қондырғылар орнатылуда. Сондай-ақ, Атыраудағы бұл зауыт мұнайды тереңдетіп өңдеудің нәтижесінде «Еуро-4» және «Еуро-5» стандарттарының талабына жауап беретін мотор майын да шығара алады.
Қазақстандағы үшінші ірі жоба, ал Балқаш жылу-электр стансасы. Бұл стансаның салынуы еліміздегі энергетикалық тәуелсіздікті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді шешеді. Биылғы жылы дайындық жұмыстары мен стансаның қуаттылығы 1320 мегаваттық алғашқы модулінің құрылысын бастауға 2,3 млрд. доллар қаржы бөлінді. Сонымен қатар Шардара гидроэлектр стансасының турбиналық және генераторлық қондырғыларын жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде.
Сонымен, қорыта айтқанда, «Самұрық-Қазына» қоры инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысындағы жұмысын үнемі кеңейтіп келеді. Әсіресе қор Елбасы алға қойған үдемелі индустриалландырудың міндеттерін шешу жолында өзінің жинақтаған тәжірибесіне сүйене отырып Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру жолындағы жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күндері еліміздің негізгі инфрақұрылымында шетелдік инвесторлардың қатысуымен атқарылып, қол жеткізген табыстар сондай ұтымды ұйымдастырылған істердің бірі десе де болады. Тәжірибесі мол әріптестерді тауып, елімізге барынша тиімділік әкелетін мұндай жұмыс алдағы уақытта да өзінің заңды жалғасын таба бермек.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<