Сана серпілісі

1077

0

*сурет ашық дерекөзден

Ең қиын нәрсе – бұл адам баласының мінез-құлқының өзгерісі, сана-сезімнің сілкініп, мүлдем басқа бағытты таңдауы. Ал егер бұл тұтас қоғамның түйсік-танымына қатысты болса, қателеспесем, мұны саясаткерлер революция дейді, яғни ел өміріндегі маңызды мәселелерге байланысты тұтас халықтың түйсігінің түп-тамырымен өзгеруі.

Пенде болған соң ойланбай тұра алмайсың, «әттеген-ай» деп ойлап қоям кейде, Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асып кетті. Осы біз неге әлі өзгере алмай келеміз, неге? Мысалы, тілге, ділге, дінге, мәдениетке, әдебиетке, жемқорлықсыз қоғамға, тазалыққа, тағысын-тағы ондаған, мүмкін жүздеген мәселеге байланысты. Дәл осылай өте көп адамның да ойланатынына сенімдімін.

Әскерге әдепкі барғанымызда сап құрап сартылдатып жүруге үйреніп кете алмай, біраз күннен соң тегеурінді командирдің темір тәртібіне еріксіз мойынсұнып кететініміз сондай, саптағы жүздеген жауынгер бетон асфальтқа сарт-сұрт соғылып жатқан өз етіктерінің бірқалыпты, біркелкі зор дауысқа әрі бір дауысқа айналатын жағымды үндестік үніне құлақ салып көңілдерін мақтаныш сезімі кернейтін. Мұндайда командир «ногу взяли» деп дауыстап қоятын. Неге біздің ел әлі ұлы жолда сап түзей алмай келеді, әлде экономика, саясат деп жүріп рухани тәрбиеде кемшілік жіберіп алдық па екен? Мұндай ой маған қазан айының басында Қызылорда қаласында ХІ азаматтық форумға ауданнан қоғамдық ұйымның өкілі ретінде қатысып қайтқанымызда келді.

«Азаматтық қоғам және мәдениет: Қазақстанның жаңаруы бағытындағы құндылықтар мен басым бағыттар» деп аталған форумға өзге өңірлермен қатар облыс, аудандарының да үкіметтік емес ұйымдары қатысты. Форумның ашылуына арнап алғы сөзін айтқан аймақ басшысы келесі жылы Қызылорда қаласында және жеті ауданда руханият ғимараттары ашылатынын айтып өтті. Бұл жаңалықтың маңыздысы деп айтуға негіз бар. Түс ауа үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығында әртүрлі тақырыпта өткен секциялар жұмысындағы пікірталастардың ең бір өзектісі «Қоғамдық сананы өзгерту жағдайында экологиялық мәдениетке тәрбиелеу» тақырыбы болды. Осы жерде азаматтық қоғам өкілдері арасында қызу пікірталас орын алды, тақырып ақырып тұрғанымен, аталған айдарға орай көпшіліктің бір шешімге келе алмағаны анық.

Мен енді осы тұсқа Ислам пайғамбары Мұхаммед с.ғ.с.-ды араластырсам, біраз адамдар «бұл араға дінді қыстырудың қатысы қанша?» деуі әбден ықтимал. Сол қатысы болғасын қыстырып жатқаным ғой, әйтпесе, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дейтіндердің қатарынан емес едім. Ұлтымызды ұшпаққа шығарам деп жүріп жанын хаққа тапсырған Ә.Бөкейханов «ұлтқа қызмет ету – иманнан» депті, не деген көрегендік?! Көп адамдар ойлайды, иманды болу деген сөз ана дүниеге аттанғандарға ғана қатысты немесе маңдайды жерге ұрып сәждеге жығыла беру, бес парызым түгел болу екен деп. Әрине ол дұрыс, бірақ адам ең алдымен қара басының дұрыстығы үшін, отбасына, жақын-жуығына, ел-халыққа, ұлтқа, адамзатқа қызмет ету үшін, аспандағы айға алақаныңды тигізе алатындай білімің болғанымен, иман, сана түгелденбейінше біліміңнің құны көк тиын. Бүгінгі қоғамда бұл анық білініп тұр. Қателеспесем, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең алдымен экономика, содан соң саясат делінді. Шүкір ғой әрине, қымбатшылық болса да тоқшылық жақсы ғой, бірақ өкініштісі, рухани жоқшылық күш алып кеткен сияқты.

Бізде мәдениет туралы сөз қозғалатын болса, есімізге ең алдымен мәдениет басқармалары, мәдениет бөлімдері, ән-күй, әуен, музыка, тағысын тағы қызмет бабына байланысты ұғымдар ойға оралады.

Шындығында мәдениет, турасын айтқанда маданиат – араб сөзі, қала тұрмысы дегенді білдіреді және мұның ұғымы өте кең. Мәдениет сөзін түсініп қабылдаудың түп-төркіні ол – қаланың көркі, ондағы әсем ғимараттардың қалай болса солай емес, қоғамдық тәртіпке сай реттілікпен және үнемі қала ішіндегі және сыртындағы тазалықты сақтап, оны көтермелей отырып сап түзеп бой көтеруі. Қаладағы жүріп-тұрушы тұрғындардың да айналасына сай әдепті киініп, әдепті қылық көрсетіп, әдепті сөйлеуі, бір-бірімен әдепті қарым-қатынаста болуы. Әрбір өзін мәдениетті санайтын қала тұрғынының тек қана сыртқы бейнесімен ғана емес ішкі жан дүниесімен де өзгелер үшін үлгі болуы. Мінекей, көп жерден оқып жүрген исламның мәдениет, қала тұрмысы туралы түсіндірмесі осындай.

«Адамзаттың асыл тәжі» кітабында надандықтың, дінсіздіктің, бір-бірімен сорақы қарым-қатынаста болудың, ластықтың іштей де, сырттай да алуан түрінің батпағына батқан Мекке халқын, Мекке тұрғындарын іштей де, сырттай да тазаруға, яғни сана төңкерісін жасап ислам дінін қабылдауға осыншалық лас ортадан біздің заманымыздың 622-жылы, ислам күнтізбесі бойынша 1-жылы Мекке кәпірлерінің қысымына төзе алмай амалсыз қоныс аударуға, Ясриб қаласына көшуге үндеген Мұхаммед пайғамбардың с.ғ.с. мәдениет туралы алғашқы бастамасы осындай болатын. Ол Ясриб қаласын көркейтуге күш салған, еш бәсекесіз әсем ғимараттардың ретімен бой көтеруіне шектеу қоймаған. Қалалықтарды әдемі киініп, әдемі жүріп-тұруға, барлық жағынан тазалықты тұтынуға, имандылықты ұстануға, Құдайдан қорқуға, «Мені ешкім көріп тұрған жоқ» деп ойына келгенін жасауына тыйым салған. Алланың елшісінің айтқанының растығына көзі жеткен Ясриб тұрғындары кейін оның құрметіне қаланы Мадина-ат ан наби немесе қысқаша Мадина, пайғамбар қаласы атандырды. Ал кейінірек, біздің заманымыздың 630-жылы бүкіл елдің қолдауына ие болып, Мекке қаласына зор салтанатпен, бірде-бір адам шығынынсыз бейбіт түрде кірген Алланың елшісі бұл жерде де иманмен, лайықты еңбекпен ұштасқан бейбіт сана төңкерісін жүзеге асырды.

Өзімнің ойымша, өте көп адам ислам мәдениеті, оның еңбекке, ішкі, сыртқы тазалыққа байланысты ұстанымы туралы жеткілікті ақпараттандырылмаған немесе ол жөнінде мағлұмат алуды қажет деп санамауы мүмкін. Сақалды бей-берекет өсірудің, әйел затының басынан аяғына дейін қарамен тұмшалануының, қысқа балақтың, сол сияқты тағысын тағы көптеген тежеулі тыйым салулардың нағыз исламға он қайнаса сорпасы қосылмайды.

Арнайылап парақтап шыққан адамдар Исламның, Құран хадистерінің ғылым-білім ізденуге, адамгершілікке, ішкі сыртқы тазалыққа, өзгенің құқына құрметпен қарауға, фитна, яғни бүлік шығармауға, қиыншылықтарға барынша сабыр етуге, өзге дінге құрметпен қарауға, саналы серпілістің қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын жемісті нәтижелерін қайырымен тұтынуға шақыратынын айқын түсінеді. Түсіністікпен қолдау білдіруге шын ниетімен ынта-жігер танытады. Мыңдаған кәсіп иесінің бірі болсаң да, мың жерден әлемнің бар оқуын тауыссаң да, ең алдымен сананы қалыпқа келтірмей, оны ортақ іске жұмылдырмай, барлық салада елдігіміздің еңсесі биік болады, өзге жұрттан мойнымыз озық болады деудің бәрі бекер.

Ең ықпалды халықаралық ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен Мемлекет басшысының: «Құран құқықтық тұрғыдан қорғалуы тиіс» дегеніне ішіміз жылып қалды және бұл мәлімдеме адамзат санасының сапалы жағына өзгеруіне оң үлес қосатынына әлеуметтік желідегі миллиондаған пікір білдірушілердің сенімін нығайтқаны анық.

Жоғарыда тілге тиек еткен азаматтық форумда да аймақ басшысының жеті ауданда руханият орталықтары ашылатынын сүйіншілеуі де тек қана экологиялық тазалық емес, барлық мәселеге байланысты уақытша кідіріске ұшырап тұрған сана дағдарысына соны серпін береді деген үміт бар. Лайым, солай болғай.

Әлімжан ҚИЯС,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<