Сапа – басты көрсеткіш

6

0

Кеше аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға жауапты сала басшылары қатысып, нақты тапсырмалар жүктелді.

– Пайдалануға берілген және құ­рылысы жүргізіліп жатқан әлеу­меттік нысандарға, тұрғын үйдің сапасына кешенді зерделеу жүргізіңіздер. Бар­лық нысанның жоба-сметалық құжат­тамаға және қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестігі қатаң ба­қылануы тиіс. Өйткені мемлекет қар­жысына салынған нысандар халық­тың игілігіне қызмет етеді. Ке­пілдік мерзімі аясында мердігер ұйымдар анықталған кемшіліктерді толық жойып, атқарылған жұмыстарға тұрақты мониторинг жүргізуі керек, – деді Д.Жаналинов.

Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының нәтижесінде аймақта құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. 2022 жылдан бері өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынған. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеу­меттік саясаттың жемісі ретінде кейінгі жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталғанын атап өту керек.

2023 жылы барлық ауданда алғаш рет 1 800-ге жуық пәтер тұрғындарға пайдалануға берілді. Өткен жылы 3 600 пәтерлік тұрғын үйлер құры­лысына бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді. Кезекте тұрған аза­маттарға 2 392 пәтер табыстау үшін 57 млрд 440 млн теңге қаржы жоспарланған.

Ерекше атап өту қажет, былтырдан бастап Қызылорда қаласында зама­науи сәулеттік үлгідегі жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер құрылысы қарқын алып келеді.