Сапалы ауызсу әрбір үйге жетуі тиіс

463

0

Сапалы ауызсу әрбір үйге жетуі тиіс Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша комиссия отырысы өтті. Онда ауызсудың сапасы, аталған салада атқарылатын жұмыстардың барысы, алдағы міндеттер талқыланды.

Облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2002-2010 жылдар аралығында республикалық «Ауызсу» салалық бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама негізінде аудан орталықтары мен елді мекендерін сумен жабдықтау жүйелерін күрделі жөндеу, жаңарту жұмыстары жасалды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин атап өткендей, 2011 жылы Елбасы Жолдауында орталықтандырылған ауылдық елді мекендер санын 80 процентке жеткізу тапсырмасына сәйкес, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданды. 2015 жылдан бастап бірқатар салалық бағдарламалар ықшамдалып, 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасына біріктіріліп, жалғасын тапқан. Бүгінге дейін бағдарлама арқылы 38 елді мекеннің су жүйелері жаңарды.

Қазір қалалық елді мекендер 100 процент ауызсумен қамтылған. Ал өңірде барлығы 260 ауылдың 199-ы топтық су құбырлармен скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.  Республика бойынша бұл көрсеткіш ауылдар санымен 56, халық санымен 80 процентті құрап отыр.

Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының аясында жүзеге асуда. Мәселен, 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қала орталығы мен бірқатар аудандарда су желілерін жөндеуден өткізуге қатысты 5 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде, сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін су ұңғымасы салынды. Бұл жұмыстар өткен жылы да жалғасын тапқан болатын.

 Сумен жабдықтау жүйесіндегі жетістіктердің бірі ретінде «Арал» СЖКБД филиалы елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру жұмыстарын қолға алған. Қазіргі таңда «Арал-Сарыбұлақ», «Жиделі», «Октябрьский» топтық су құбырлары арқылы Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарына қарасты ауылдар сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген.

Бүгінде 10 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесінің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Оның ішінде бесеуін топтық су құбырына қосуға мүмкіндік бар. Олар – Арал ауданындағы Ақбасты, Тоқабай, Абай және Жаңақорған ауданындағы Кеңес, Құттықожа ауылдары. Аймақтағы 25 елді мекен әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен, орталық ауызсу жүйесінен алыс және халық саны 50 адамнан кем болғандықтан, оларға ауызсу жүйесін жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз. Бұл орайда заңға сәйкес,  аталған елді мекендер есептен шығарылады. Айталық, Арал ауданындағы Көне Бөгенде адам саны аз болса, 96-бекетте мүлде адам тұрмайды. Үш-төрт үйлі 101, 102-ші елді мекендер теміржолдан су тасып, күн көруде. Қармақшыдағы Ордабасы және Шошқакөл де осы қатарды толықтырады. Сондықтан аталған елді мекендерді есептен шығару ұсынылды.

Аймақ басшысы әкімдерге елді мекендерді оңтайландыру бойынша тиісті шешім қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, ауызсу сапасының біршама төмендегенін айтып, тиісті мекемелерді сынға алды. «Ауызсу жүйесінің сапасыздығы апаттық жағдайдың жиі тіркеліп, одан кейінгі залалсыздандыру жұмыстары талапқа сай жүргізілмеуінде болып тұр» дейді жауапты мамандар. Былтырғы жылы 475 апатты жағдай тіркелген. Соның он жағдайында ғана залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Жиында ауызсудың сапасыздығынан туындаған жедел-ішек ауруларының қай аумақта таралғаны да баяндалды. Тиісті мекеменің жұмысы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болғандықтан, аймақ басшысы аталған мәселені жедел шешуді тапсырды.

Сондай-ақ, аймақта бірыңғай операторлардың оң нәтижесі байқалады. Жиында аудан әкімдері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қысқаша баяндады. Облыс әкімі тұрғындардың сапалы ауызсумен қамтылуына әкімдер жауапты екенін баса айтып, елді мекендерді ауызсу және аяқсумен қамту, су жүйелерін жаңғырту бойынша нақты шаралар жасауды тапсырды.  

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,


«Сыр бойы».


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<