Сапалы ауызсу – еңбектің қайтарымы

164

0

1986 жылы құрылған «Арал-Сарбұлақ» су құбырын пайдалану басқармасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 1985-1993 жылдар аралығында іске қосылған 345 шақырымды қамтитын «Бердікөл» және «Қосаман» су құбырының екі су тартқысындағы 12 су көтергіш сорап станцияларының, хлорлау қондырғыларының, 38 ұңғыманың бүгінгі күні Арал және Қазалы халқын ауызсумен қамтамасыз етіп отырғанын ел біледі.

«Арал-Сарбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлім­шесінде слесарь-жөндеуші болып он сегіз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жақсылық Балмахановты бөлімше ұжымы сөзге сараң болса да, іске мығым, нағыз өз ісінің мықты маманы, жауапкершілігі мол, қатардағы қарапайым еңбек адамы ретінде түгел біледі десе артық болмас.

Әр адамның жаратылысы, өзіне ғана тән болады емес пе?! Әйтеке би кентінде туып-өсіп, орта білім алған Жақсылық өресіне сай келсе де, келмесе де шар­тарапқа шарқ ұрып арман қуғанды аңсап тұратын замандастары сияқты көңіл күйдің жетегіне ере кеткенді жөн көрмеді. Қазіргі еңбек етіп жүрген кәсіп­орнының жай-күйінің қиыншылық кезеңіне қара­май, бөлімшеге слесарь-жөн­деуші болып жұмысқа тұрды. Содан бері көзді ашып-жұмғанша өте шық­қан­дай болған он сегіз жыл тәжірибе жи­нақ­тауға да, қалыптасуға да, бағытын айқындап тұрақтануына да жеткілікті болды.

Әрине, жыл мезгілдерінің аптап ыстығы мен қытымыр аязы, жаңбырлы маусым жұмыс бары­сына әсер ететіні рас. Дегенмен, таңдаған кәсібіңнің жауапкершілігі алдыңғы орында екенін естен шығармау керек. Насос стан­ция­лары және су жүйелері үшін бекітілген кестеге сәйкес алдын ала жөндеу жұмыс­тарын жүргізу, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында ауызсу нысандарын жуып-шаю, залал­сыз­дандыру жұмыстарын тәртіпке сай атқару, су жүйелері мен насос стан­цияларындағы апатты уақытылы әрі сапалы қалпына келтіру, апаттық жағ­дайларды уақытша қалпына келтіруге арналған құрал-жаб­дықтарды орнымен пайдалану – Жақсылықтың негізгі міндеттері. Кәсібін ерінбей-жалықпай адал атқаруға еті үйреніп кеткен.

Көп сөзге жоқ Жақсылық: Халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін қызмет жасап жүрген мамандардың еңбегі бағаланса, судың да сұрауы бола­тынын шынайы сезінсе, біздің еңбе­гіміздің қайтарымы сол болар еді» дейді.

Әлімжан ҚИЯС.

 Қазалы ауданы