Сақтық шараларының маңызы зор

6

0

Фото: Pixabay

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы адамдарды вирусты кене шаққанда, малға жабысқан кенені жалаң қолмен жұлу, езу, жаншу кезінде жұғады. Сонымен қатар, қызбамен ауырған науқасқа күтім жасау кезінде мұрыннан, тістен, жарақаттан, басқа да қан кеткенде қорғаныш (маска, резеңке қолғап) құралдарынсыз күтім жасаған сау адамға немесе медицина қызметкерлеріне індет жұғу қаупі жоғары. Тұрғындар көбінесе кенені денесінен, жануарлардан, иттен жалаң қолмен жұлып, денсаулығына немқұрайлық танытып жатады.

Індеттің клиникалық белгілері адам­да дене қызуы көтеріліп, бас, буын және бел ауырып, қан  (мұ­рын, тістің қызыл еті) кету, лоқ­су, құсу, денеде қан бөртпелері бай­қалады. Оны ауа райымен, та­ғам­нан уланумен, күн өту, сал­қын тигізумен байланыстырып, ден­сау­лығы күрт нашарлаған кезде ме­ди­циналық көмекке жүгінеді. Осының ке­сірінен Конго-Қырым ге­мор­рагиялық қызбасының ақыры өлімге апарып соғатын жағдайлар кезігеді.

Республика көлемінде аса қа­уіп­ті індеттің табиғи ошағы Жам­был, Қызылорда, Түркістан облыс­тары мен Шымкент қаласында орна­лас­қан. Жыл сайын 4000-ға жуық тұр­ғын кене шағып, медициналық кө­мекке жүгінеді.

Індетті қадағалау мақсатында мониторинг жүргізіліп, табиғи ошақ­тардан жыл сайын 15000-ға жуық кене сынамасы зерттеліп, 400-ге жуы­ғынан  қызба вирусы анық­талуда.

Кене жылы қанмен қоректенеді, қорексіз бірнеше жыл тіршілік ете алады және аналығы түрлеріне бай­ланысты 15 мыңға дейін жұмырт­қалайды. Далалық жерде өсімдік түбінде, бұтақтарында, қи-қоқыста, құс ұясында, тышқан індерінде, тыш­қанда, қора-жайларда, жабайы және ауыл шаруашылығы жануар­ларында кездеседі.

Тұрғын үйлерде, мал және қо­ражайларда кене болмауы үшін де­зинсекция жүргізу қажет. Бұл жұ­мысқа ауыл шаруашылығы қыз­мет­керлері (мамандары), әсіресе, сол жердің тұрғындары міндетті түр­де қатысуы қажет. 

Ауланы керексіз заттардан, мал қораларды қи-қоқыстан тазартқан, малды тоғанға (купка) түсірген дұрыс.

Кене шаққанда вирустың бері­луін тоқтату және  жұқтырудың ал­дын алу үшін жабысқан  кенені мүм­кіндігінше тез алып тастау  ке­рек. Кенені жалаң қолмен  ұста­маңыз. Қарапайым қыс­қаш­пен теріңізге  мүмкіндігінше жа­қы­­нырақ кенені ұстап  алыңыз. Қыс­қашты қатты қыс­пай (кенені  езіп алмас үшін), абайлап және ұқып­ты  (теңселтпей, жұлқыламай) тарты­ңыз. Алынған кенені ыдысқа салып, оны қақпақ­пен тығыз жабыңыз. Ке­не алынған жерді спиртпен сүртіңіз және тез арада медициналық көмек­ке жү­гінген дұрыс.

Әр адам жеке басының қауіп­сіздігін сақтау және кенеден қор­ғану үшін табиғатқа шыққанда, саяхат­тағанда ұзын жеңді көйлек киіп, жеңдерін түймелеп, ұзын балақты шалбарды шұлықпен қымтап, аяқ­киім, баскиім киіп, өзімен бірге де­ненің ашық жерлеріне себетін ме­ди­циналық дәрілік заттарды алып жүру қажет.

Естеріңізде болсын, жеке бастың сақтық шараларына мән бергенде және медициналық көмекке дер ке­зінде жүгінгенде ғана ауруды ауыздықтай аламыз.

Өмірбек ҮСЕНОВ,

ҚР ДСМ «ҚДСҰО» ШЖҚ РМК «СЭСжМҒПО» филиалы карантиндік және аса қауіпті инфекциялар мониторингі бөлімінің маманы