Қызылорда қаласы полиция басқармасына ірі сауда үйінің иесі қаңтар айының 14 күні арызданған. Өткен жылдың 22 қарашасы күні белгісіз азаматша WhatsApp желісі арқылы онлайн түрде ең алғаш 514 мың теңгеге әйелдер сырт киімдеріне тапсырыс беріп, такси арқылы зат алған.
Одан кейін де әккі алаяқ бұл ойын тағы да іске асыру мақсатында басқа абоненттік номер арқылы тапсырысты қабылдаушыға бірнеше жалған түбіртек жіберіп, «Индрайвер» арқылы Шымкент қаласына заттарын салдыртып отырған. Бірақ ешқандай қаражат аударылмаған.
Тапсырысты қабылдаушы сатып алушы әйелдің іс-әрекеті күдік туғызғандықтан және тексеру барысында оның «салған аударымы» есепшотына түспегендіктен дереу Қызылорда қаласы полиция басқармасына келіп, көмек сұраған.
Аталған оқиға бойынша қылмысты ашу барысында басқарманың қызметкерлері іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін күдіктінің тапсырыс беріп, сатып алған киімдерін апарып, тексеру мақсатында Шымкент қаласына барды. Сол сәтте ұсталған күдікті 34 жастағы азаматша өз кінәсін толық мойындады. Телеграм арқылы жүктеп алған «Фейковые чеки» қосымшасын қолданып, жалған түбіртек арқылы жәбірленушіге 7 миллион 500 мың теңге сомасында залал келтірген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі 4 – тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдікті Қызылорда қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қызылорда қаласы ПБ баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<